Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (ҚРҰБ) төлем балансының ағымдағы шотының 2018-2019жж. арналған болжамын ұсынады. Болжам ҚРҰБ тоқсан сайынғы болжамдық раундтар шеңберінде ақша-кредит саясаты жөнінде шешімдер қабылдау мақсаты үшін әзірленді.
Болжамның бастапқы жорамалдары
Ағымдағы болжамның базалық сценарийі Brent маркалы мұнайдың 2018 жылғы желтоқсаннан бастап бір баррель үшін $60 бағасы болып табылады (орташа баға 2018ж. – $71,8; 2019ж. – $60).
Алдыңғы болжамдық раундпен салыстырғанда болжамның кейбір ішкі және сыртқы өлшемдері қайта қаралды.
Қазақстанның орта мерзімді перспективадағы экономикалық өсу қарқынының болжамы алдыңғы күтулерге қарағанда біршама жақсы.
Мұнай өндірудің күтілетін көлемі 2018 жылы 90 млн. тоннаны және 2019 жылы 91 млн. тоннаны құрайды (алдыңғы болжам – тиісінше 91 млн. және 93 млн. тонна). Болжамды қайта қарау 2018 жылғы 10 айдағы нақты деректердің шығуына және Қашаған кен орнындағы 2019 жылғы көктемде күтілетін жөндеуге байланысты.
Сыртқы сұраныстың көрсеткіштері Еуроаймақ және Қытай экономикаларының өсу қарқынының бәсеңдеуіне байланысты төмендеу жағына қарай қайта қаралды.
Болжам
Қазақстанда ағымдағы шоттың сальдосы сауда балансының және кірістер балансының серпінімен айқындалады. Көрсетілетін қызметтер балансының серпіні тұрақты және оның ағымдағы шоттың көрсеткіштеріне әсері шектелген. 2018 жылдың қорытындысы бойынша ағымдағы шоттың жай-күйінің ІЖӨ-нің (-)1,2%-і деңгейіне (алдыңғы болжам – ІЖӨ-нің (-)2,3%-ы) дейін жақсаруы күтіледі. 2019 жылы дефицит мұнайдың орташа жылдық бағасының төмен болуы және өткен болжамдық раундпен салыстырғанда өндірудің барынша төмен көлемі есебінен ІЖӨ-нің (-)3,9%-на (алдыңғы болжам – ІЖӨ-нің (-)3,8%) дейін ұлғаяды.
Мұнай-газ секторында инвестициялық жобаларды іске асыру үшін қажетті тауарлар импортының өсуі, сол сияқты шетелдік тікелей инвесторларға табыс төлеудің өсуі ағымдағы шотты жақсартудың тежеуші факторы болып қалады.
Тауарлар экспорты 2018 жылы мұнайдың неғұрлым жоғары орташа жылдық бағасы есебінен $60,4 млрд. дейін 22,2%-ға (алдыңғы болжам – 18,6%) өседі. 2019 жылы экспорттың болжанып отырған мұнайды өндіру көлемдері өсуінің баяулауына және 2019 жылы бағаның сценарийлік төмендеуіне байланысты $55.1 млрд. дейін 8,8%-ға төмендеуі (алдыңғы болжам – 1,1%) күтіледі.
Тауарлар импорты 2018 жылы $34,4 млрд. дейін 7,8% -ға (алдыңғы болжам – 8%) және 2019 жылы $36 млрд. дейін 3,3%-ға (алдыңғы болжам – 10%) өседі. Импорттың өсу қарқынының алдыңғы болжамдармен салыстырғанда неғұрлым төмен болуы болжамның бастапқы жорамалдарының өзгеруімен байланысты болды: жаңа тұтынушылық кредиттерді берудің өсу қарқынының біраз баяулауы болжанады. Дегенмен де, тұтыну импортының жоғары деңгейі халықтың нақты кірістерінің ұлғаюы есебінен сақталатын болады.
Бұл ретте, аралық және инвестициялық импорт бизнестің кірістерін қалыпқа келтіру, мемлекеттік бағдарламаларды[1], сондай-ақ басым жағдайда мұнай газ секторындағы инвестициялық жобаларды[2] іске асыру есебінен өсуін жалғастырады.
Кірістер балансы инвестициялардан, еңбекақы төлеуден және өтеусіз трансферттен түсетін кірістердің ағынын көрсетеді. Кірістердің теріс балансы шетелдік инвесторларға төленуге тиіс кірістердің экономиканың отандық субъектілерінің алатын кірістерінен асатындығын көрсетеді.
Болжамды кезеңде кірістер балансы тапшылығының 2018 жылы (-) $23,6 млрд. және 2019 жылы (-)$22 млрд. дейін ұлғаюы күтіледі. Аталған серпін Қазақстан экономикасының шикізат секторында шетелдік инвесторлардың кірістерінің өсуімен байланысты, ол, өз кезегінде, мұнай өндірудің өсуімен қамтамасыз етіледі. Кірістер балансының ағымдағы болжамды траекториясы алдыңғы қаралған болжамдардан біршама жақсы. Бұл күтілетін мұнай өндірудің қысқаруымен байланысты.
[1] «7-20-25», «Нұрлы жер» және басқалар.
[2] БКЖ-СҚБЖ ТШО, Қарашығанаққа инвестициялар (ГӨША, ҚКЖ), «Сарыарқа» газқұбыры, «Borealis» компаниясымен бірлесіп Атырау қаласындағы интеграцияланған газ-химиялық кешені, төртінші МӨЗ, ҮАААЖ, Астана қаласындағы LRT, «Fly Arystan» лоукостерлері, «Номад» және «Байқоңыр» КЭС және басқалар.