Дроппер деген кім?
Дроппер (ағылш. dropper) — бұл өз атына тіркелген банк шоттарын, карталарын, электронды әмияндарын немесе ЖСН/ИИН нөмірін қылмыстық жолмен алынған қаражатты қабылдау, аудару немесе қолма-қол ақшаға айналдыру үшін пайдалануға беретін тұлға. Көп жағдайда дропперлер өздерінің алаяқтарға көмектесіп жатқанын білмейді. Олар фишинг, жалған кредит беру, онлайн-дүкендер немесе телефон арқылы жасалатын алаяқтық жолымен алынған ақшаны «қаржылық делдал» ретінде заңдастыру үшін пайдаланылады.
Қалай тартады?
Сізге жеңіл табыс ұсынады: «Тек банк картасын ашып, деректеріңізді берсеңіз жеткілікті», «Ештеңе істемейсіз — тек ақша қабылдап, әрі қарай жібересіз» деген уәделермен алдайды.
Түйіндемеңізді жартылай жұмыс іздеу сайтына орналастырсаңыз, хабарлама жібереді:
«Белсенді картасы бар адам керек. Қауіпсіздік кепілдендірілген. Аптасына 50 000 теңгеге дейін табыс табасыз».
Жұмыс ұсынысы интернет-дүкен, курьерлік қызмет, логистикалық компания немесе инвестициялық платформа ретінде бүркемеленеді.
Instagram желісінде жалған “HR-менеджер” жазады:
«Карта ашасыз, оған ақша түседі, кейін басқа клиентке аударасыз. Бұл – заңды. Біз – микроқаржылық ұйымбыз».
Кейде сізге арнайы қосымша орнатуды сұрайды немесе электрондық шот ашуға ұсыныс жасайды, осылайша сіздің құрылғыңызға және банк деректеріңізге қол жеткізеді.
Банк картасына немесе шотқа қол жеткізген соң, алаяқтар сол шотқа қаражат аударады, ал сізден оларды шешіп беру немесе басқа біреуге аудару сұралады. Барлық транзакциялардың ізі бақыланады, сондықтан құқық қорғау органдарына алдымен көрінетін адам — сіз. Қазақстанда барлық қаржылық операциялар банктердің бақылауында: IP-адрес, құрылғы, геолокация және ақша жіберушілер мен алушылар арасындағы байланыс тіркеледі. Тергеу барысында шот иелері бірінші болып анықталады — дроппер ең алдымен күдікке ілінеді. «Мен тек картамды бердім» деген сылтау жауапкершіліктен құтқармайды.
Алаяқтық схема қалай жұмыс істейді?
Алаяқтар жұмыс ұсынып, хабарласады.
Картаны немесе электронды шот ашуды сұрайды, кейде арнайы қосымша орнатуды талап етеді.
Шотқа басқа біреулерден ұрланған немесе алдау арқылы алынған қаражат түседі.
Сіз ақшаны шешіп бересіз немесе басқа біреуге аударып жібересіз.
Сізге аз ғана сыйақы төленуі мүмкін, кейде тіпті ештеңе берілмейді.
Бірнеше аптадан кейін полиция келеді, не банк барлық шоттарыңызды бұғаттайды, не сіз өзіңіздің қылмыстық іс бойынша күдікті екеніңізді білесіз.
Қазақстандағы нақты жағдайлар
Алматы, 2023 жыл. 20 жастағы студент «қашықтан көмекші» деген жұмысқа жауап беріп, өз атына банк картасын ашқан. Алаяқтар оған басқа адамның шотынан ұрланған 2 миллион теңгеден астам қаражат аударған. Ол бұл соманы шешіп, Qiwi-әмиян арқылы жіберген. Нәтижесінде — ҚК 218-бабы бойынша қылмыстық іс, соттылық және шартты жаза.
Шымкент, 2024 жыл. Жұмыссыз әйелге үш банк картасын ашып беру ұсынылған, әр карта үшін ай сайын 50 000 теңге төленетіні айтылған. Оның атына 15 миллион теңгеге жуық қаражат айналымы жүргізілген. Телефон арқылы жасалған алаяқтық схемасы бойынша тергеу барысында ол негізгі тұлғалардың біріне айналды. Әйел заңсыз әрекеттердің мәнін білмегенін айтқанымен, жауапкершілікке тартылды.
Қарағанды, 2022 жыл. Студенттер тобы басқа адамдардың ЖСН-ін пайдаланып, олардың атына электрондық әмияндар ашқан. Бұл деректерді алаяқтарға беріп, сол шоттар арқылы заңсыз қаржылық операциялар жүргізілген. Бір студент ұйымдастырушы ретінде танылып, нақты мерзімге сотталған.
Алаяқтар көбінесе жастарды, зейнеткерлерді, жұмыссыздарды және табысқа мұқтаж адамдарды таңдайды. Олар адамның сеніміне кірудің және күдігін сейілтудің тәсілдерін жақсы біледі. Көбіне келесі психологиялық әдістер қолданылады:
«Қауіпсіз жұмыс»
«Бәрі заңды, тек реквизиттеріңіз керек»
«Сіз ештеңе бұзбайсыз, тек техникалық көмекшісіз»
«Сіз болмасаңыз, басқа біреу көмектеседі»
Қиын жағдайда жүрген адамдар болашақ табыстан айырылып қалудан қорқып, алаяқтардың сөзіне сеніп қалуы мүмкін.
Fingramota.kz ұсынған 7 кеңес: алаяқтардан қалай қорғануға болады
Банк карталарыңызды, логиндеріңізді, ИИН/ЖСН-ді және SMS-кодтарды ешкімге бермеңіз.
«Досым немесе танысым сұрады» деп шот не кредит рәсімдемеңіз.
«Ештеңе істемей-ақ оңай ақша табуға болады» деген жарнамалардан сақ болыңыз.
Деректеріңізді кімге беріп жатқаныңызды тексеріңіз. «Мен банк менеджерімін» деген адамның сөзіне бірден сенбеңіз.
Егер күмәндансаңыз — сөйлесуді тоқтатыңыз және құқық қорғау органдарына хабарласыңыз.
Мобильді банк қосымшасында лимиттер мен операциялық хабарламаларды орнатыңыз.
Fingramota.kz сайтын оқып, әлеуметтік желілердегі парақшаларымызға жазылыңыз — қаржылық сауаттылыққа қатысты барлық маңызды ақпараттар сізге қолжетімді болады.
Есіңізде болсын: «Бұл менің басыма түспейді» деп ойлаудың қажеті жоқ. Сіз тікелей алаяқтық әрекет жасамасаңыз да — сіздің шотыңыз, деректеріңіз және әрекеттеріңіз үлкен қылмыстық схеманың бөлігіне айналуы мүмкін. Ал салдары нақты болады: шоттардың бұғатталуынан бастап, сотталуға дейін.Сақ болыңыз және Fingramota.kz арқылы қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз!