Қазақстанда сот орындаушыларының қандай шоттардан ақшаны шешіп алуларына құқығы жоқ?
«Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес банк қарыз алушы банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелерін орындамаған жағдайда, «арнайы» шоттардағы ақшаны қоспағанда, қарыз алушының ағымдағы шоттарындағы ақшасына төлем талабын қою арқылы даусыз (акцептсіз) тәртіппен өндіріп алуға құқылы. Заңнамаға сәйкес арнайы шоттағы ақшаға: тыйым салуға, банктер мен банктік емес ұйымдардың төлем талаптары бойынша, сот орындаушыларының инкассолық өкімдері бойынша өндіріп алуға жол берілмейді. Осылайша, арнайы шоттардағы қаражат қарыз алушыларда қарыз бойынша мерзімі өткен берешегі болған жағдайда үшінші тұлғалардың өндіріп алуынан толық көлемде қорғалған. Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында 2019 жылдан бастап шоттардан ақша өндіріп алуға тыйым салу көзделген: • Жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді аудару үшін; • Кәмелетке толмағандарды және еңбекке жарамсыз кәмелетке толған балаларды күтіп-бағуға алименттер; • Азаматтардың тұрғын үй құрылыс жинақтарын төлеуге; • Білім беру жинақтау салымдары. Арнайы шоттарға жоғарыда көрсетілген төлемдер ғана есепке алынуы мүмкін және банктер төлем мақсатының тиісті коды және ақша жөнелтуші бойынша осындай шоттарға ақшаның түсуін бақылауды жүзеге асырады. Банктер арнайы шоттарды жеке тұлғаның талап етуі бойынша және банк шотын ашуға арналған өтініште оның арнайы мақсаты көрсетілген жағдайда ашады.