Сақтандыру не береді?
Сақтандыру полисі — бұл сіздің қаржылық қауіпсіздік жастығыңыз. Ол проблеманың өзін жоққа шығармайды, бірақ оның орнын аз шығынмен толтыруға көмектеседі. Сіз мүлкіңізді, денсаулығыңызды немесе өміріңізді сақтандырған кезде, шын мәнісінде, сақтандыру компаниясымен келісесіз: егер келеңсіз оқиға орын алса, сіз қиын кезеңде қол ұшын беретін өтемақы аласыз.
Көпшілік әлі де сақтандыруды артық ақша жұмсау деп санайды, әсіресе, «ешқашан ештеңе болмаған» кезде. Бірақ өмір көрсеткендей, төтенше жағдайлар күтпеген жерден болады және одан кейін қалпына келтіру сақтандыру жарнасымен салыстырғанда бірнеше есе қымбатқа түседі.
Ең бірінші кезекте, жылжымайтын мүлікті сақтандыруға болады — бұл пәтер, жеке үй, саяжай, тіпті жер учаскесінде әлі меншікке ресімделмеген құрылыс болуы мүмкін. Полисте құрылыстың нақты мекенжайы мен түрі, сондай-ақ оның техникалық сипаттамалары көрсетіледі. Сақтандыру құрылымның өзін, сондай-ақ оның әрлеуін, ішкі коммуникацияларды, мысалы, жылыту жүйесі немесе электрмен жабдықтауды қамтуы мүмкін.
Сондай-ақ, тұрғын үйдің ішіндегі жылжымалы мүлік те сақтандырылады. Бұл жиһаз, тұрмыстық техника, электроника, киім, интерьер заттары, яғни өрт, су басу немесе ұрлық салдарынан зақымдалуы немесе жойылуы мүмкін кез келген зат. Кейбір сақтандыру компаниялары ерекше құнды заттарды бөлек көрсетуге мүмкіндік береді: мысалы, антиквариат, қымбат техника немесе зергерлік бұйымдар.
Тұрғын үй мен заттардан басқа, сіз өзіңіздің және жақындарыңыздың өмірі мен денсаулығын сақтандыра аласыз. Мұндай полис апат кезінде жарақаттанудан, мүгедектіктен немесе өлімнен қорғайды. Егер сіз отбасындағы жалғыз асыраушы болсаңыз немесе басқа адамдар алдында қаржылық міндеттемелеріңіз болса, бұл өте маңызды.
Азаматтық жауапкершілікті сақтандыру да бар. Мәселен, сіздің пәтеріңізде өрт болды делік және өрт көршілерге тарады. Егер сізде осындай полис ресімделген болса, сақтандыру компаниясы сіздің залалыңызды ғана емес, зардап шеккен үшінші адамдарға өтемақы төлеу шығындарын жабады.
Сақтандыру полисін қалай таңдауға болады: неге назар аудару қажет
Сақтандыруды таңдауға саналы түрде қарау керек. Полиспен қандай тәуекелдер қамтылатынын түсіну маңызды. Табиғи апаттардың барлығы қосылмайды: мысалы, жер сілкінісі немесе көшкін құлау көбінесе қосымша төлеммен қосылады. Шартқа қол қоймас бұрын, онда сізге қажетті тәуекел түрлерінің анық көрсететілгеніне көз жеткізіңіз — өрт, жарылыс, су басу, ұрлық, ағаштардың немесе құрылымдардың құлауы.
Негізгі өлшемдердің бірі - сақтандыру сомасы. Бұл сақтандыру оқиғасы туындаған жағдайда мүмкін болатын ең жоғары төлем. Ол сіз сақтандыратын мүліктің немесе өмірдің нақты нарықтық құнына сәйкес келуі тиіс. Соманы жете бағаламау апат болған жағдайда, сіз қажетті өтемақының бір бөлігін ғана алуыңыз ықтимал.
Сондай-ақ шарттар мен ықтимал ерекшеліктерді ескеру маңызды. Мысалы, егер өрт үтікті өшірмеуіңіз немесе қауіпсіздік техникасын бұзуыңыз салдарынан болса, сақтандыру компаниясы төлем жасаудан бас тартуы мүмкін. Әдейі келтірілген зиянға қатысты немесе егер апат жарнаны кешіктіру кезінде орын алса, сол уақытта да төлем жасалмайды.
Кейбір полистерге франшиза ұғымы кіреді — бұл сақтандыру оқиғасы басталған кезде өзіңіз төлейтін сома. Ол тұрақты немесе шығынға қатысты пайызбен болуы мүмкін. Франшизаның болуы полис құнын төмендетуге мүмкіндік береді, бірақ оны мардымсыз зиян келтірген жағдайда тиімсіз етеді.
Төтенше жағдай орын алса не істеу қажет?
Төтенше жағдай орын алғанда, бірінші және ең бастысы — сабырлық пен қауіпсіздік сақтау. Өрт немесе жарылыс қаупі туындаған жағдайда — үй-жайдан шығып, тиісті қызмет органдарын шақырыңыз. Егер мүлікке зиян келтірілсе, оның салдарын тіркеп, жазып алыңыз: суретке түсіріңіз, куәгерлердің айғақтарын жинаңыз, ТЖМ немесе полицияның актілері мен хаттамаларын сақтаңыз.
Содан кейін қысқа мерзімде — әдетте 1-3 күн ішінде — сақтандыру компаниясына сақтандыру оқиғаның басталғаны туралы хабарлау қажет. Мұны телефон, сайт немесе мобильді қосымша арқылы жасауға болады. Сізге қандай құжаттарды ұсыну керектігі туралы хабарланады: әдетте бұл өтініш, төлқұжаттың көшірмесі, мүлікке құқық белгілейтін құжаттар, мемлекеттік қызметтердің актісі және залалды растау.
Сақтандыру компаниясы зақымдануды тексеретін және сараптамалық қорытынды жасайтын бағалаушыны жібереді. Осыдан кейін, сақтандыру оқиғасы расталған кезде сізге сома төленеді немесе жөндеу (шарт талаптарына байланысты) ұсынылады.
Fingramota.kz-тен кеңестер
Полисті сатып алмас бұрын талаптарды мұқият зерделеңіз. Агентке сұрақтар қоюдан тартынбаңыз.
Барлық сақтандыру құжаттарының көшірмелерін қауіпсіз жерде немесе «бұлтта» сақтаңыз.
Сақтандыру сомасы нақты құнға сәйкес келуі үшін мүлікті бағалауды үнемі жаңартып отырыңыз.
Сақтандыруды ресімдеуді кейінге қалдырмаңыз — төтенше жағдай үнемі аяқ астынан болады.
Өзіңізді және мүлкіңізді қорғаңыз және Fingramota.kz-пен бірге қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз!