Қарт адамдарға қаржылық алаяқтардан қалай сақтану керек

Қарт адамдарға қаржылық алаяқтардан қалай сақтану керек

«Сіздің картаңыз бұғатталған»: «банктен» соғылған қауіпті қоңырау 

«Сәлеметсіз бе, сіздің шотыңызда күдікті операция тіркелді. Бұл сіздің картаңызға кіруге тырысып жатқан алаяқтар болуы мүмкін. Қаражатты қорғау үшін, өз деректеріңізді растаңыз», - көбінесе бөгде адамдар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлерін тарта отырып құрылған тұтастай алаяқтық схема осындай сөздерден басталады. 

Алаяқтардың түпкі ойы – жалғыз кіріс көзі болып табылатын егде жастағы адамдардың зейнетақы картасына қол жеткізу. Олар қаражатты «қауіпсіздендіруді», карта нөмірін, CVV кодты, PIN кодты, сондай-ақ SMS кодтарды айтуды сұрайды. Кейде «ақшаны қауіпсіз шотқа аударуға көмектесу» үшін телефонға қашықтан қол жеткізу бағдарламаларын орнатуды сұрайды. Негізгі мақсат – банктік шотқа қол жеткізу және қаражатты ұрлау. 

Өзіңізді қалай қорғауға болады – төмендегі қағидаларды туыстарыңызға айтыңыз:

Есіңізде болсын! Банк ешқашан телефон арқылы жеке деректер мен кодтарды сұрамайды. 

Ешкімнің өтініші бойынша бөгде қосымшаларды орнатпаңыз. 

Күмәнді қоңырау кезінде телефонды қойып, ресми нөмір бойынша банкке қайта қоңырау шалыңыз.

Ешқашан телефон арқылы қосымшаларды, әсіресе «қашықтан қол жеткізуге» арналған қосымшаларды орнатпаңыз (Anydesk, TeamViewer және т.б.).

«Сіздің туысыңыз қиындыққа тап болды»: алаяқтардың адамның эмоциясы мен қорқынышын өз пайдасына қолдануы 

Алаяқтар эмоционалды қысымды жиі қолданады. Олар өздерін полиция немесе дәрігер ретінде таныстырып, қарт адамдарға қоңырау шалады, немересі немесе ұлы апатқа ұшырағанын, қамауға алынғанын немесе ауруханада жатқанын хабарлайды. «Мәселені шешу» үшін жедел түрде ақша аударуды немесе қолма-қол ақшаны курьер арқылы жіберуді сұрайды.

Схеманың мәні – адамды сасқалақтатып қорқыту және асықпай ойлануға және мән-жайды тексеруге мүмкіндік бермеу.

Қалай қорғану керек:

Туыстарыңызбен тікелей байланысқанша ешқандай әрекет жасамаңыз.

Ақшаны бөгде адамдарға бермеңіз.

Осындай қоңыраулар полицияға туралы хабарлаңыз.

Жалған жұмысшылар және «мемлекеттік төлемдер»: сендіре отырып алдау 

Зейнетақы қорының, әкімдіктің қызметкерінің немесе еріктілердің атынан алаяқтар зейнетақыға қосымша төлемдер, өтемақылар, субсидиялар және басқа да «тиісті» төлемдерді уәде етеді. Ақшаны алу үшін адамға банктік карта нөмірін және SMS кодтарын айтуды немесе тіпті белгілі бір «өтініш бланкісіне» қол қоюды ұсынады. 

Көбінесе мұндай «әлеуметтік қызметкерлер» пәтерлерді аралап, бейдждер мен жалған құжаттарды қолдана отырып, ресми көрініс жасайды. Олар әр түрлі «акцияларды», «жеңілдіктерді», тегін қызметтерді ұсынады немесе керісінше, міндетті түрде бірдеңе жасауды талап етуі мүмкін. Мысалы, медициналық тексеруден өту, үйді жөндеуге, коммуникацияларға ақы төлеу немесе банктердегі немесе eGov-тағы жеке кабинетіңізге кіруге рұқсат беру. 

Қалай қорғану керек:

Есте сақтаңыз: мемлекеттен төлемдер ХҚКО немесе eGov.kz арқылы ғана ресімделеді.

Куәлігі жоқ «мемлекеттік өкілдерге» сенбеңіз, тіпті бар болғанның өзінде олардың барлық әрекетін қайта-қайта тексеріңіз. Ол үшін 1414 нөміріне немесе қызметкерімін деп тұрған ұйымға тікелей қоңырау шалыңыз

Тіпті адам сенімді болып көрінсе де, жеке деректеріңіз мен кодтарды ешкімге айтпаңыз.

Жалған инвестициялар: «тәуекелсіз табыс»

Кейбір қарт адамдар қаржы пирамидаларының не жалған инвестициялардың құрбаны болады. Алтынға, криптовалютаға, стартаптарға немесе акцияларға инвестиция салу сылтауымен алаяқтар айына 10%-дан 30%-ға дейінгі жоғары табысқа уәде береді. Олар мұны «қауіпсіз» және «ресми» деп сендіріп, жалған сайттар мен құжаттарды көрсетеді.

Адам ақшасын салғаннан кейін компаниямен байланыс үзіліп, қаражат із-түзсіз жоғалады.

Қалай қорғану керек:

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің сайтында ұйымдардың лицензияларын тексеріңіз.

Сенімді ақпарат ала алмайтын жобаларға инвестиция салмаңыз.

Есте сақтаңыз: егер «тәуекелсіз жоғары табысқа» уәде берсе, бұл – алдап-арбау.

 
Қаржылық қауіпсіздік қағидалары: 

Жеке деректерді, карта деректемелерін немесе SMS-пен келген кодтарды телефон арқылы ешқашан бермеңіз.

Туыстарыңыздың атынан қоңырау шалса да, курьерлер арқылы ақша бермеңіз.

Өздерін мемлекеттік органдардың немесе коммуналдық қызметтердің қызметкері деп таныстырғандардың барлығының құжаттарын тексеріңіз.

Қағаздарға қол қоймас бұрын немесе ақша аудармас бұрын туыстарыңызбен кеңесіңіз.

Жақындарыңыздың, банктің және полицияның телефондары қолжетімді болсын.

Үйде қомақты қаржыны сақтамаңыз.

Бейтаныс адамдар «өте ресми» болып көрінсе де оларға «жоқ» деп айтудан қорықпаңыз.

Қаржылық сауаттылық пен сақтық – алаяқтардан қорғанудың ең дұрыс жолы. Бұл схемалар туралы ата-анаңызға, ата-әжелеріңізге айтыңыз. Дегенмен, алаяқтардың арбауына түсіп қалсаңыз, дереу полицияға хабарласып, картаңызды бұғаттаңыз. Fingramota.kz – қаржыңыз бен тыныштығыңыздың сақшысы!

Соңғы жаңалықтар

Валюталардың ресми (нарықтық) бағамдары

Теңгенің шетел валюталарына ресми (нарықтық) бағамдары туралы ақпарат

Төтенше жағдайлар мен апаттардан сақтандыру не үшін қажет?

Өрт, су басу, жер сілкінісі, дауыл — мұның бәрі мүлік пен денсаулыққа үлкен зиян келтіруі мүмкін. Егер сіз салыстырмалы түрде тыныш аймақта тұратын болсаңыз да, күтпеген оқиғалардан ешкім сақтана алмайды: мысалы, жоғарыда тұратын көршілерден су кету, газдың жарылуы немесе электр көздерінен болатын қатерлер. Fingramota.kz нелерді сақтандыруға болатынын және оны қалай дұрыс жасау керектігін айтып береді. 

Қарт адамдарға қаржылық алаяқтардан қалай сақтану керек

Егде жастағы адамдар мен зейнеткерлер – алаяқтар үшін халықтың ең осал санаттарының бірі. Бұл сенгіштікке, цифрлық сауаттылықтың жеткіліксіздігіне және кейде жақындарының тұрақты қолдауының болмауына байланысты..  Fingramota.kz аға буын үшін ең көп таралған алаяқтық схемалар туралы әңгімелейді және алданып қалмау үшін практикалық кеңестер береді. 

Назар аударыңыз! Жіберілетін жауаптар ақпараттық-түсіндіру сипатында және ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми жауаптары болып табылмайды. Қосымшада жаңалықтар жолағы және сілтемелер бар, бұл халықтың қаржы саласындағы соңғы жаңалықтардан мен маңызды оқиғалардан хабардар болуына мүмкіндік береді.

 

© Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, 2020

finreg.kz