Fingramota.kz бұл жөнінде толығырақ айтып береді.
Бұрын қалай еді, қазір қалай болды?
Бұрын жұбайының немесе зайыбының келісімі тек ипотекалық қарыздар бойынша талап етілген, бұл түсінікті – себебі сатып алынатын жылжымайтын мүлік ортақ меншік болып табылады, ал ипотекалық кредиттің сомасы қомақты.
Ал қазір бұл норма ерлі-зайыптылардың бірінің келісімінсіз тұтынушылық кредит алудың алдын алуға бағытталған, себебі ол кейіннен отбасылық бюджетке теріс әсер етуі мүмкін.
Келісімді қалай ресімдеуге болады?
Келісімді қаржы ұйымының бөлімшесінде қағаз түрінде еркін нысанда ресімдеуге болады. Сондай-ақ, электрондық тәсілмен – «электрондық үкіметтің» веб- порталы (egov) арқылы немесе егер жұбайы да оның клиенті болса, банктің не МҚҰ-ның мобильдік қосымшасы арқылы ресімдеуге болады. Алайда, міндетті түрде биометриялық сәйкестендіруден өту қажет болады.
Келісімді ресімдеу тетігі қарапайым – банк қарызы немесе микрокредит шартына қол қою алдында кредитор клиенттің отбасылық жағдайы жөніндегі мәліметтерді ҚР Әділет министрлігінің «АХАТ» ақпараттық жүйесі арқылы тексеруге міндетті. Егер кредит сомасы 1 000 АЕК-тен асатын болса – міндетті түрде қарыз алушының жұбайының келісімін алу қажет болады. Егер қарыз келісімсіз берілген болса, мұндай шартты даулауға болады!
Сонымен қатар, ұсынылып отырған норма алаяқтық жолмен, әсіресе, ірі сомаларға кредит ресімдеуден қосымша қорғаныс болмақ.
Басқа елдерде қалай?
Қарыз алу үшін зайыбының келісімін алу – әлемдік тәжірибеде кең таралған норма. Мәселен, Ресейде мұндай талап 2016 жылдан бері, яғни 8 жылдан бері қолданыста. АҚШ-та әрбір штат нақты қандай қарыздарға келісім қажет екенін дербес айқындайды, алайда мұндай талаптар жалпы ондаған жылдар бойы қолданылып келеді. Кредит берудің осыған ұқсас шарттары Ұлыбританияда, Францияда және өзге де дамыған елдерде де бар. Демек, бұл жаңа қағидаларды қабылдай отырып, еліміз ең үздік халықаралық тәжірибеге сай әрекет етуде.
Қазақстанда жаңа норма қашан қолданыла бастады?
Қазақстанда бұл жаңа ереже 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданыла бастады. Ол «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын және атқарушылық іс жүргізуді реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы аясында қабылданды.
Кредит ресімдеуге дейін не істеу керек?
Бірінші кезекте өз мүмкіндіктеріңізді бағалау қажет. Біріншіден, заң бойынша барлық кредиттерге өзіңіздің ай сайынғы кірісіңіздің 50%-ынан аспайтын бөлігін ғана жұмсауға құқығыңыз бар. Ал егер кредиттік жүктемеңіз өте жоғары болып, кірістің жартысына жуық болса, кредиторлар да, қаржы ұйымдары да кредит беруге құқылы емес. Сондай-ақ, егер өзге кредиттер бойынша 90 күннен астам төлем мерзімі өтіп кетсе, жаңа кредит те берілмейді.
Екіншіден, кредит арқылы бір қажеттілікті жапқаннан кейін белгілі бір уақыт бойы өзге шығындардан бас тартуға тура келетінін ескеру керек. Бұл жағдай сіздің қаржылық әл-ауқатыңызға кері әсер етпеуі үшін, жеке немесе отбасылық бюджетті жоспарлап, ай сайынғы төлем сомасын есепке алу қажет. Ең бастысы – кредитті ненің есебінен төлейтінімізді нақты түсіну қажет. Бұл жағдайда қосымша, әсіресе тұрақсыз табыс көзін кредитті өтеу көзі ретінде есепке алуға болмайды. Ол бір күні тоқтап қалса не боларын ойластырыңыз және ең нашар сценарийге негізделген жоспар құрыңыз. Жоспарланбаған қиындықтар пайда болғаннан гөрі іс жүзінде ісіңіздің алға басқаны жақсы болады.
Кредит мақсаттарына қатысты тағы бір ереже бар. Ешқашан қарызға алынған қаражатты басқа жобаларға, бағалы қағаздарға немесе криптовалютаға инвестициялауға болмайды. Яғни, кірісі жоғары көрінетін, бірақ кепілдігі жоқ құралдарға қаржы салмаңыз. Қарыз қаражатының тәуекелі болмауға тиіс. Кредитті «қазір алам, салып, екі есе көп табыс табам» деген тәсілмен пайдалануға болмайды. Егер кредит бизнес мақсатында алынса – бұл өзіңіздің бизнесіңіз болуы керек және сіз бұл қаражаттың еселеніп қайтарылатынын және қалай қайтарылатынын нақты білуіңіз керек.
Сондықтан күтпеген жағдайлар туындағанда да кредитті уақтылы өтеу үшін өзіңізге қаржылық қауіпсіздік жастығын қамтамасыз ету қажет.
Әр түрлі банктердің ұсыныстарын зерделеңіз, салыстырыңыз, түрлі алаңдардағы пікірлерді оқыңыз және жарнамаға сене бермеңіз. Кеңесшілерден сұраудан ұялмаңыз, егер бірдеңе түсініксіз болса – қайта сұраңыз, себебі кез келген банк жауапты клиенттерге мүдделі.
Білу маңызды!
– Қосымша факторларды ескеріңіз: түрлі комиссиялар, тараптардың құқықтары мен міндеттері, мерзімінен бұрын өтеу мүмкіндігі мен осы процестегі шектеулер мен айыппұлдар.
– Төлем күнін мұқият ойластырыңыз. Ай сайынғы негізгі кіріс алынған күннен кейін 2-3 күн өткен соң төлем күнін белгілеу ұсынылады. Бұл төлем мерзімін кешіктіруді және техникалық мәселелерді болдырмауға көмектеседі.
– Шарттың барлық талаптарын мұқият оқып шығыңыз. Қол қойған сәттен бастап сіз барлық талаптармен келісесіз және оларды өзгерту мүмкін болмайды.
Есіңізде болсын: кредит – бұл үлкен жауапкершілік. Оны пайдалану туралы шешімді бүкіл отбасы бірлесіп қабылдауы керек. Ал егер кредит ірі болса – бұл заңнамалық түрде бекітілген талап.
Қаржылық сауаттылығыңызды Fingramota.kz-пен бірге арттырыңыз!