Кредиттік тарих: қалайша тексеруге және жақсартуға болады

Кредиттік тарих: қалайша тексеруге және жақсартуға болады

Өз кредиттік тарихыңызды қалай тексеруге және жақсартуға болатыны жөнінде Fingramota.kz -пен бірге қарастырып көрелік. 

Кредиттік тарихқа нелер кіреді 

Бұл жерде банк үшін кредиттік тарих — жай ғана ресми көрсеткіш емес, ол сіздің қаржылық тәртібіңіздің маңызды көрсеткіші болып табылатынын түсіну қажет. Кредит беру туралы шешім қабылдау кезінде не сіздің кәсіптік жетістіктеріңіз, не жеке басыңыздың қасиеттері, не волонтерлік қызметіңіз ескерілмейді. Банк үшін сізде төлемдер бойынша мерзімін өткізудің болғаны -болмағаны және ол қанша уақытқа созылғаны әлдеқайда маңызды. Яғни, кредиттік тарих банктерге өзінің әлеуетті клиентті ретіндегі сіздің қаржылық жауапкершілік және сенімділік деңгейіңізді бағалауға мүмкіндік береді. 

Мәселен, сіз бұрын қарыз алдыңыз делік — мысалы, тұтынушылық кредит ресімдедіңіз немесе бөліп төлеумен техника сатып алдыңыз. Сіз уақтылы ай сайынғы төлемдерді жасап отырдыңыз немесе кредитті мерзімінен бұрын өтеп тастадыңыз — бұл ақпарат сіздің кредиттік тарихыңызда тіркеледі. Яғни, сіз банк үшін сенімді қарыз алушыға айналдыңыз. Кейіннен, сіз жаңа кредит алу үшін басқа банкке немесе сол банкке жүгінген кезде, ол сіздің кредиттік тарихыңызды зерттейді және оң динамиканы көріп, мүмкін одан да көп мөлшерде немесе бұрынғыдан да жақсы талаптармен қарызды мақұлдайды. Оның себебі банктің  алдында сіздің «мәртебеңіз өсіп», сіздің беделіңге ешқандай нұқсан келтірілмейді. 

Сондай-ақ, кредиттік тарихта кредиттің ұзартылуы, ал 2024 жылғы қыркүйектен бастап — банктік қарыздар мен микрокредиттер бойынша мерзімі өткен берешекті реттеу жөніндегі мәліметтер (соңғы төлем, сомасы және т.б.) көрсетілетінін атап өтеміз. 

Бұдан басқа, банктер мен МҚҰ нақты уақыт режимінде кредиттік бюроларға клиенттердің қарыз ресімдеуге берген өтініштері жөнінде ақпарат беруге міндетті. Бұл деректерде қарыз алушының ЖСН, қарыз сомасы және оның нысаналы мақсаты көрсетіледі. Бұл 2024 жылы енгізілген жаңалықтардың бірі және де кредиторларға азаматтың бір уақытта бірнеше банктерге немесе МҚҰ-ға өтініш берген жағдайларын бақылауға мүмкіндік береді. 

Кредиттік тарихты жоюға бола ма және техникалық қате болған жағдайда не істеу керек 

Бұл – ең көп қойылатын сұрақтардың бірі. «Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы» Заңға сәйкес кредиттік бюро азаматтың кредиттік тарихы туралы ақпаратты ол туралы соңғы деректер келіп түскен кезден бастап бес жыл бойы сақтауға міндетті. Бұл ретте кредиттік тарихты толық жою көзделмеген — бюроның өзінің жүйесінде жіберілген техникалық қателерді қоспағанда, оның күшін жоюға жол берілмейді. 

Егер сіз кредиттік есепте дұрыс емес деректерді – мысалы, төленген төлем немесе толық төленген кредит бойынша жазбаның кешіктірілгенін байқасаңыз, олар туралы банкке немесе МҚҰ-ға хабарлаңыз. Хабарласуды кейінге қалдырмаңыз – бұл сіздің қаржылық жағдайыңызға әсер етеді және растайтын құжаттарды жинауды ұмытпаңыз.

Сонымен қатар, сіз Fingramota.kz сайтында: «Өнімдер мен қызметтер» бөлімі —> «Кредиттік тарихтағы ақпаратты даулау» кіші бөлімі алгоритмі бойынша дәйексіз ақпаратты тегін даулауға құқығыңыз бар. Өтініш беру үшін ЖСН және телефон нөмірі көрсетілген арнайы нысанды толтырыңыз. Айта кетейік, бұл жобаны Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) Бірінші кредиттік бюромен бірлесіп жүзеге асыруда. 

Кредиттік тарихты қалай тексеруге болады 

Қазақстандықтарға ыңғайлы болу үшін бұл деректерді онлайн және офлайн тексерудің бірнеше жолы бар. Сонымен қатар, заңнамаға сәйкес, Қазақстанның әрбір азаматы күнтізбелік жылда бір рет өзінің кредиттік тарихын тегін тексеруге құқылы. Қайта сұрау салу кезінде қызмет құны 400 теңгені құрайды. 

Онлайн

Мемлекеттік кредиттік бюроның немесе Бірінші кредиттік бюроның сайттары арқылы (1CB.kz) қызмет алу үшін ЭЦҚ қажет;
eGov.kz электрондық үкімет порталы арқылы өтінімді толтырып, оған ЭЦҚ көмегімен қол қою керек. Нәтиже сіздің жеке кабинетіңізде көрсетіледі.
Офлайн

Егер сіздерге онлайн-формат сәйкес келмесе, онда сіз қызметті «Азаматтарға арналған үкімет» филиалдарынан және «Қазпошта» бөлімшелерінен жеке ала аласыз. Өзіңізбен бірге міндетті түрде жеке куәлігіңіз болуы керек.

Кредиттік тарихты қалай жақсартуға болады 

Ең бастысы: сыйақы үшін кредиттік тарихыңызды жылдам түзетуге уәде беретін делдалдарға сенбеңіз. Анық болғандай, оны жою мүмкін емес, ал қалғанының бәрі – сіздің қолыңызда. Сонымен қатар, егер сіз делдалдарға сенсеңіз, сіздің деректеріңіз алаяқтардың қолына түседі, ал олар, өз кезегінде, бұл деректермен білгенін істейді – жалған кредит ресімдей алады, сіздің жақындарыңызды алдайды және т.б.

Кредиттік рейтингіңізді көтеру үшін кредитті өтеу кестесін қатаң сақтауды бастаңыз – кешіктіруге жол бермеңіз, тәртіпті қарыз алушы болыңыз. Сіздің жауапкершілігіңізді дәлелдеу үшін, мысалы, тұрмыстық техника алу үшін  шағын қарызды ресімдеуге және оны уақтылы жабуға болады. Осылайша сіз кредиттік тарихыңызды жақсартасыз және банктер сіздің өз төлемдеріңізге байыпты екеніңізді көреді.

Осыдан мынадай маңызды мәселе туындайды – «оңалтылды» мәртебесі және оның мүмкіндіктері. Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылғы 9 сәуірден бастап Қазақстанда Агенттіктің қарыз алушыларды оңалту тетігі іске қосылды. Оған сәйкес, кредиттік бюро екі жағдайда мерзімі өткен берешегі 90 күннен асатын қарыздарға  «оңалтылды» деген мәртебе береді:

Кредитті қайта құрылымдаудан немесе қайта қаржыландырудан кейін соңғы күнтізбелік 12 ай ішінде және қайта құрылымдау немесе қайта қаржыландыру кезінде болған берешек сомасының 50%-ынан астамын өтегеннен кейін күнтізбелік 30 күннен артық мерзім өтелмеген жағдайда. Яғни, егер кредиттің жалпы сомасы бір миллион теңгені құраса және сіз 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін 500 мың теңгеден астам өтеген болсаңыз, сондай-ақ күнтізбелік 30 күннен артық кешіктіруге жол бермесеңіз, онда 2026 жылғы 1 қаңтарға қарай сізге «оңалтылды» мәртебесі беріледі; 
Кредит бойынша берешек өтелгеннен кейін күнтізбелік 12 ай өткен соң. Мысалы, егер сіз 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша кредит бойынша қарызыңызды толығымен өтеген болсаңыз, онда 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша кредиттік бюро сіздің қарызыңызға «оңалтылды» деген  мәртебені беруге тиіс.Бұл ретте «оңалтылды» деген мәртебе барлық кешіктіру кредиттік тарихтан жоғалады дегенді білдірмейді. Естеріңізге сала кетейік: кредиттер мен бөліп төлеу туралы барлық ақпарат тарихта бес жыл бойы сақталады. Сондықтан тіпті оң мәртебенің өзі жаңа қарыз алуға кепілдік бермейді – бұл банктер үшін жеткіліксіз болуы мүмкін.
Алаяқтарға сенбеңіз

Алаяқтық әрекеттерден қорғау үшін мынадай негізгі ережелерді сақтауға кеңес береміз: 

•   Қарыздарды тек қаржылық қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар банктер мен микроқаржы ұйымдарында (МҚҰ) ресімдеңіз. Лицензияның бар-жоғын ҚНРДА-ның ресми сайтында тексеруге болады.

•   ЖСН, жеке куәлік немесе паспорт нөмірін, электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ), банк карталарының деректемелерін (CVV/CVC-кодты қоса алғанда) қоса алғанда, дербес деректерді WhatsApp, Telegram және басқа да мессенджерлер арқылы үшінші тұлғаларға бермеңіз. Мұндай ақпаратты беру деректеріңізді рұқсатсыз пайдалануға әкеп соғуы мүмкін.

•   Кем дегенде үш-алты айда бір рет кредиттік тарихыңызды үнемі тексеріп отырыңыз. Бұл ықтимал қателерді уақтылы анықтауға және түзетуге немесе алаяқтық әрекеттердің белгілерін анықтауға мүмкіндік береді.

• Банктік қарыздар мен микрокредиттерді алудан ерікті түрде бас тартуды белгілеу үшін «Стоп-кредит» сервисін пайдаланыңыз. Сіз бұл қызметті ЭЦҚ-ның көмегімен немесе логин мен құпиясөзді енгізу арқылы өз бетіңізше және делдалдарсыз eGov.kz порталында немесе eGov mobile мобильді қосымшасында қосып, өшіре аласыз.

Біздің кеңестерімізге сүйеніп, Сіз кредиттік тарихыңызды біртіндеп жақсартасыз және алаяқтық әрекеттермен байланысты тәуекелдерді азайтасыз. Қаржылық міндеттемелерге қашан да жауапкершілікпен қараңыз, еріксіз сатып алудан аулақ болыңыз, мүмкіндіктеріңізді объективті түрде бағалаңыз және үнемі ақшаңызды қаржылық қауіпсіздік қорыңызға жинаңыз. Бұл сізге қарызды аз алуға және кез-келген жағдайда өзіңізді сенімді сезінуге көмектеседі.

Қаржылық сауаттылығыңызды Fingramota.kz-пен бірге арттырыңыз! 

Соңғы жаңалықтар

Валюталардың ресми (нарықтық) бағамдары

Теңгенің шетел валюталарына ресми (нарықтық) бағамдары туралы ақпарат

Валюталардың ресми (нарықтық) бағамдары

Теңгенің шетел валюталарына ресми (нарықтық) бағамдары туралы ақпарат

Валюталардың ресми (нарықтық) бағамдары

Теңгенің шетел валюталарына ресми (нарықтық) бағамдары туралы ақпарат

Назар аударыңыз! Жіберілетін жауаптар ақпараттық-түсіндіру сипатында және ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми жауаптары болып табылмайды. Қосымшада жаңалықтар жолағы және сілтемелер бар, бұл халықтың қаржы саласындағы соңғы жаңалықтардан мен маңызды оқиғалардан хабардар болуына мүмкіндік береді.

 

© Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, 2020

finreg.kz