Fingramota.kz балаларға арналған киберқауіпсіздіктің негізгі қағидалары туралы айтып береді және онлайн-белсенділіктің ықтимал жағымсыз салдарын қалайша азайтуға болатындығы жөнінде кеңестер береді.
Біздің өміріміздегі технологиялардың алатын орны
Біздің өмірімізде технологиялар маңызды рөл атқарады — олар бізді бала кезімізден бастап сүйемелдей келе, ересек өмірде де маңыздылығын жоғалтпайды. Баланың негізгі дағдылары оның дамуының бастапқы кезеңдерінде қалыптасады, ол баланың цифрлық әлемде қауіпсіз бағдарлануына мүмкіндік береді.
Алайда, «Касперский зертханасының» бұрын жүргізген зерттеуі көрсеткендей, балалар мен жасөспірімдер әрқашан ықтимал тәуекелдерді түсіне бермейді:
• жасөспірімдердің 73%-ы өз өмірін смартфонсыз елестете алмайды, ал олардың жартысы қолынан телефонын түсірмей ұйықтайды.
• 8-16 жас аралығындағы балалардың 44%-ы желіде онлайн отырады, уақытының басым бөлігін әлеуметтік желілер мен ойын-сауық қосымшаларды қарауға жұмсайды.
• балалардың 40%-ы тұрғылықты мекен-жайын көрсетуді қоса алғанда, интернетте осал дербес деректерін жайып салады;
• әрбір үшінші жасөспірім онлайн- платформаларда тіркелу кезінде жасын асырып көрсетеді.
• балалардың 37%-ы кибербуллинг, қаржылық алаяқтық және тыйым салынған контентті қоса алғанда, онлайн қауіп-қатерлерге тап болады.
Ата-аналарға баланы цифрлық кеңістікте қорғау үшін олардың гаджеттерге қол жеткізуін шектеулері жеткіліксіз. Ең тиімді тәсіл — балаларға интернетте өздерін саналы және қауіпсіз іс-қимыл жасауға үйрету, оларға тәуекелдерді түсінуге және дұрыс шешім қабылдауға көмектесу.
Жалпы, балалар интернетте жиі тап болатын қауіптердің үш негізгі санаты бар:
Бейтаныс адамдар. Қаскүнемдер көбінесе балалар арасында танымал платформаларда — әлеуметтік желілерде, онлайн-ойындарда және мессенджерлерде жасырынады. Олар баланың сеніміне кіру үшін өздерін оның құрдасы ретінде көрсете алады. Бұл әдіс кэтфишинг деп аталады. Сонымен қатар, хакерлер мен киберқылмыскерлер әлсіз пайдаланушыларды іздейді — ол балалар да, ересектер де болуы мүмкін. Олар балалардың, сондай-ақ олардың ата-аналарының құпиясөздерін, төлем деректерін біліп алуға немесе зиянды бағдарламаларды орнатуға тырысуы мүмкін.
Құрдастар. Кибербуллинг – ең көп таралған қауіптердің бірі. Балалар таныстарының қорлауына ұшырауы, чаттарда немесе әлеуметтік желілерде қорлауға тап болуы мүмкін. Кейде зорлық-зомбылық жасаушылар жәбірленушінің жеке деректерін немесе фотосуреттерін жариялайды, бұл эмоционалды күйзеліске әкелуі мүмкін. Тіпті ауыр жағдайларда, мысалы, интимдік фотосуреттерді тарату кезінде, бұл қылмыстық құқық бұзушылыққа айналуы мүмкін.
Өз бетінше. Бақылаусыз балалар желіде қауіпті жағдайды өзі-ақ жасап алуы мүмкін. Олар гаджеттерді дұрыс пайдаланбайды немесе өз әрекеттерінің салдарын түсінбестен бағдарламалық жасақтама орнатады, сонымен қатар дербес деректерін жариялайды.
Бұл қауіптердің кейбірі әлеуметтік болып табылады – олар бопсалаумен немесе айла-шарғымен байланысты. Көп жағдайда бейтаныс адам алдымен баланың сеніміне ие болады, содан кейін оны пайдаланады. Бұл қауіптерден қорғану үшін бала басқа адамдармен қалай қауіпсіз қарым-қатынас жасау керектігін білуі және өзіне қарсы ойластырылған қауіпті белсенділіктің алдын алуы тиіс.
Қауіптің тағы бір түрі – деректерге рұқсатсыз қол жеткізу үшін ақпараттық-коммуникациялық технологияны қолданатын цифрлық қауіптер. Бұл зиянды бағдарламалар (мысалы, жеке деректерді ұрлау) немесе фишинг (жалған веб-сайтқа алаяқтықпен кіруге мәжбүр ету) болуы мүмкін. Қауіптің бұл түрінен қорғау үшін балаға интернетті қалайша дұрыс пайдалану және сенімді антивирустық бағдарламалар орнату және құрылғыны қорғауды (пин-код, құпиясөз, биометрия және т.б.) теңшеу қажеттілігін түсіндіру қажет.
Баланың интернетте жұмыс істеуінің негізгі қағидаларын белгілеңіз
Fingramota.kz балалармен интернетті пайдаланудың бірнеше негізгі қағидаларын туралы келісіп алуды ұсынады. Кішкентай балалар үшін бұл қағидалар түсінікті және қарапайым болуы керек. Мысалы, бұл мынадай қағидалар болуы мүмкін:
Ересектердің рұқсатынсыз интернетке кірмеу.
Құрылғы экранының алдында күніне 30 минуттан артық отырмау.
Тек белгілі бір рұқсат етілген қосымшаларды қарау (мысалы, қауіпсіз іздеу құрылғысы бар YouTube немесе фильтрі бар веб-браузер).
Ойындарды орнату үшін ата-анасынан рұқсат сұрау.
Сіз бұл ережелерді жазып алып, оларды мезгіл-мезгіл жаңарта аласыз. Балаңыз есейген сайын оған қосымша еркіндік қажет болуы мүмкін. Ережелерді аздап кеңейтуге болады, онда мыналар қамтылуы керек:
Ешқашан интернетте нақты атыңыз бен мекенжайыңызды көрсетпеңіз.
Қосымшалардағы төлемдерді рұқсатсыз авторизациялауға болмайды.
Төлем карталарының нөмірлерін, сондай-ақ банк және өзге де қосымшалардың деректерін (өзінің және тауысқандарының) суретке түсіруге және айтуға болмайды.
Күмәнді қосымшаларды және мессенджерлер арқылы немесе әлеуметтік желілерге шығарылатын өзге де қосымшаларды жүктемеңіз.
Жеке ақпаратыңыз бен фотосуреттеріңізді жарияламаңыз.
Егер біреу күдікті әрекеттерге итермелесе, ересектерге айтыңыз.
Бала жасөспірімдік кезеңге аяқ басқанда, оның онлайн-белсендігі қағидаларын жаңартуға тура келеді. Неғұрлым ересек жастағы балалармен бірлесіп пайдалы, алайда шектеулер қоймайтын қағидалар ойлап табуға болады. Жоғарыда сіз қолдана алатын қағидалардың бірнеше ғана мысалдары келтірілген. Әр бала әр түрлі және олардың қажеттіліктері де әр басқа. Сондықтан сіз өзіңіздің балаңызға сәйкес келетін қағидаларды ойлап табуыңыз керек.
Аккаунттар – алаяқтық құралы
Соңғы уақытта алаяқтар заңсыз әрекеттерді жүргізу үшін баланың әлеуметтік желілердегі аккаунтын ұрлап немесе тіпті сатып алатын схема да кеңінен тарала бастады. Бұл қылмыстық әрекеттердің тізбегіне тарту немесе тікелей алаяқтық әрекеттер де болуы мүмкін.
Мәселен, алаяқ түрлі ойынға қажетті заттарды, ойын валютасын немесе тіпті бренд заттарды нақты құнынан әлдеқайда арзанырақ сатып алуды ұсынуы мүмкін. Баланың аккаунты арқылы басқа балаларды қорқыту немесе бопсалау жағдайы одан да жаман – мұндайда салдары әлдеқайда қиын болуы мүмкін.
Сондықтан балаларыңызға мұндай қауіп туралы және ешқашан:
Өз аккаунтын басқа адамдарға сатуға немесе беруге;
Әлдекімге құпиясөздер мен кіру кодтарын, әсіресе SMS-пен немесе мессенджерлерге келетін деректерді хабарлауға;
Бейтаныс сілтемелерге өтіп, таныс емес бағдарламаларды орнатуға болмайтынын айтыңыз.
Осы негізгі қағидаларды сақтау тәуекелдерді барынша азайтып, Желідегі көптеген қауіптерден сақтануға мүмкіндік береді.
Қаржылық сауаттылығыңызды Fingramota.kz-пен бірге арттырыңыз!