Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2016 жылғы 1 желтоқсанда «рroоf» сапалы күмістен номиналы 5 000 теңгелік және номиналы 500 теңгелік Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған ескерткіш монеталарды айналысқа шығарады.
Қазақстан тәуелсіздігінің күні – Қазақстан Республикасының басты ұлттық мерекесі. Бұл күн Қазақстанда жыл сайын 16 желтоқсанда атап өтіледі, 1991 жылы дәл осы күні Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі туралы заң қабылданды.
Монеталардың дизайнында Қазақстан Республикасы Президентінің «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясының құндылықтарын Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының стилистикасында көрсету жөніндегі ұсынысын іске асыру үшін Қазақстан халқының бірлігін білдіретін, ұлттық киімдегі адамдардың бейнелері пайдаланылған.
«Қазақстанның тәуелсіздігіне 25 жыл» күміс монеталарының бет жақтары бірдей және монетаның номиналына сәйкес келетін белгісімен ғана ерекшеленеді.
Монеталардың бет жағында (аверсінде) орталық бөлігінде Қазақстан Республикасы елтаңбасының бейнесі бейнеленген, оны айналдыра мемлекеттік тілде «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ», орыс тілінде «РЕСПУБЛИКА КАЗАХСТАН» деген жазу және ұлттық ою-өрнек бар. Төменгі бөлігінде монета номиналын білдіретін жазу (тиісінше «5000 ТЕҢГЕ»; «500 ТЕҢГЕ»). Жоғарғы бөлігінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің логотипі орналасқан.
5000 теңгелік монеталардың сырт жағының сипаттамасы
Монеталардың сырт жағында (реверсінде) Қазақстан халқының бірлігін білдіретін, ұлттық киімдегі адамдардың бейнелері бар заманауи Қазақстан картасының аясында «Қазақ Елі» монументінің алтын жалатылған бір бөлігі бейнеленген. Монетаның жоғарғы бөлігінде шығып келе жатқан күннің алтын жалатылған бейнесі және мемлекеттік тілде «25 ЖЫЛ» деген жазу бар. Айналдыра мемлекеттік тілде «ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАНҒА» деген жазу және монета дайындалған металды, оның сынамын және массасын білдіретін «Ag 925 25 oz» деген жазу бар. Монетаның төменгі бөлігінде соғылған жылын білдіретін «2016» деген сан бар.
Монеталардың бет және сырт жағындағы бейнелер мен жазбалар бедерленген, айналдыра шығыңқы жиек жүргізілген.
Қыры (гурты) бедерлі.
Монеталар 925 сынамды күмістен жасалған, массасы – 25 oz (777,5 г), диаметрі – 100 мм, дайындау сапасы – «proof», ең көп таралымы – 100 дана.
500 теңгелік монеталардың сырт жағының сипаттамасы
Монеталардың сырт жағында (реверсінде) Қазақстан халқының бірлігін білдіретін, ұлттық киімдегі адамдардың бейнелері бар заманауи Қазақстан картасының аясында «Қазақ Елі» монументінің алтын жалатылған бір бөлігі бейнеленген. Монетаның жоғарғы бөлігінде бейтбітшілік пен еркіндік нышаны болған көгершіндердің бейнесі және мемлекеттік тілде «25 ЖЫЛ» деген жазу бар. Айналдыра мемлекеттік тілде «ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАНҒА» деген жазу және монета дайындалған металды, оның сынамын және массасын білдіретін «Ag 925 24 g» деген жазу бар. Монетаның төменгі бөлігінде соғылған жылын білдіретін «2016» деген сан бар.
Монеталардың бет және сырт жағындағы бейнелер мен жазбалар бедерленген, айналдыра шығыңқы жиек жүргізілген. Қыры (гурты) бедерлі.
Монеталар 925 сынамды күмістен жасалған, массасы – 24 ±0,24 г, диаметрі – 37 мм, дайындау сапасы – «proof», ең көп таралымы – 3 мың дана.
Номиналы 5000 теңгелік және 500 теңгелік ескерткіш монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында көрсетілген құнымен төлемнің барлық түрлері бойынша, сондай-ақ банк шоттарына және аударым жасау үшін қабылдануға міндетті, Қазақстан Республикасының барлық банктерінде шектеусіз ұсақталады және айырбасталады.
Ескерткіш монеталарды «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан теңге сарайы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны дайындаған.
Монеталардың дизайны Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 25 қыркүйектегі № 1193 Жарлығымен бекітілген Қазақстан теңгесі – ұлттық валюта банкноттары мен монеталары дизайнының тұжырымдамасына сәйкес әзірленген.
«Proof» сапасымен жасалған ескерткіш монеталар коллекциялық құны бойынша сатуға арналған. Олар кәдесыйлық ораумен шығарылады және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдеріндегі нөмірлік сапа сертификатымен жабдықталған.
Монеталарды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің барлық филиалдарында, сондай-ақ ҚРҰБ-ның www.nationalbank.kz сайтындағы «Монеталардың интернет-дүкені» Интернет – дүкені арқылы сатып алуға болады. Алматы қаласында мына мекенжай бойынша сатып алуға болады: Панфилов көшесі, 98. Анықтама үшін телефоны: +7 (727) 273-83-98.