Коллекторлық қызмет туралы заң жобасында коллекторлық агенттіктердің борышкермен өзара іс-қимылы тәсілдерінің нақты тізбесі айқындалған. Аталған тізбеден тыс орын алатын іс-қимылдарға тыйым салынады, ал оларды жасау әкімшілік және қылмыстық тәртіппен қатаң жазаланады. Бұл туралы бүгін ҚР Ұлттық Банкінің Төрағасы Данияр Ақышев ҚР Парламенті Сенатының Пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде мәлімдеді.
Ол заң жобасында тікелей шектеулердің көзделетіндігі туралы айтып берді. Мәселен, бір күнде 3-тен артық телефонмен сөйлесуге, ал бір аптаның ішінде 3-тен артық кездесуге болмайды, бұл ретте өзара іс-қимыл уақытын борышкер белгілейді. Мереке және демалыс күндерінде кез келген жеке кездесулерге тыйым салынады.
«Заң жобасы бақылау құралы ретінде коллекторларды борышкерлермен жүргізілетін келіссөздерді аудио және бейне жазуға және дербес ақпараттың сақталуын қамтамасыз етуге міндеттейді – деп жалғастырды Д. Ақышев. – Коллекторларды міндетті түрде тіркеуді және кейіннен Ұлттық Банк тарапынан мемлекеттік бақылауды енгізу қағидаттық тұрғыдан маңызды деп есептейміз. Қызметінде жүйелі түрде заңсыз әрекеттер байқалатын коллекторлық агенттіктер ресми тізілімнен дереу алып тасталады, бұл банктермен және борышкерлермен жұмыс істеуге бір кезде тыйым салуды білдіреді».
Ұлттық Банк басшысының айтуынша «мінсіз беделі бар адамдарды ғана борышкерлермен өзара іс-қимыл жасау үшін жіберуге мүмкіндік беретін меншік пен басқарудың айқын құрылымы коллекторлық ұйымдардың адал болуының маңызды шарты болып табылады».
Ол коллекторлардың заңсыз іс-әрекетіне берген қарыз алушылардың барлық шағымдары реттеушінің назарынан тыс қалмайтынын атап өтті. Оның айтуынша, заң жобасында сотқа дейінгі медиацияның құқықтық негіздері мен тетіктері көзделген. Мысалы, сотқа дейінгі медиация кезеңінде борышты уақтылы өтемегені үшін сыйақы, тұрақсыздық айыбын (айыппұл, өсімпұл) есептеуге тыйым салу енгізіледі, сотқа жүгінуге мораторий белгіленеді. «Осындай жан-жақты қалыпқа келтірілген тәртіп қана кредиттік шарт тараптарының әрқайсысының адал әрекет етуін қамтамасыз етеді», - деп қорытындылады Д. Ақышев.