Коллекторлық қызмет туралы заң жобасы 3 кодекске және 8 заңға өзгерістер енгізуді көздейді, яғни борышкер мен кредитордың өзара қатынасындағы проблемалық біраз мәселелерді жүйелік тұрғыдан шешеді. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатының Пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде ҚР Ұлттық Банкінің Төрағасы Данияр Ақышев хабарлады.
Д. Ақышев өз баяндамасында, сонау 2012 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен Келісімшарт жасасу тәуекелдерін тәуелсіз бағалау институттарын және коллекторлық агенттіктерді одан әрі дамыту тұжырымдамасы бекітілгенін, онда азаматтардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету үшін коллекторлық қызметті мемлекеттік тұрғыдан реттеуді енгізу болжанғанын еске түсірді. «Коллекторлық компаниялардың іс жүзінде ұзақ уақыт болуына және біздің өмірімізге кеңінен енуіне қарамастан, олардың қызметі арнайы заңнамамен реттелмейді және мемлекет уәкілетті органдары арқылы оларды бақыламайды», – деп атап өтті ол.
Ұлттық Банк Төрағасы «Коллекторлық қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы барлық мүдделі тараптардың қатысуымен кеңінен талқыланған заң жобаларының бірі екенін атап өтті. «Жұмысқа қоғам қайраткерлері, заңгерлер, адвокаттар, коллекторлық компаниялар қатысты. Біз барлық қатысушылардың мүдделерін ескеруге тырыстық және қоғамның заң жобаларын теріс қабылдамауында айтарлықтай жетістікке қол жеткіздік», – деді Д. Ақышев.
«Коллекторлық қызмет не үшін керек және ол неліктен пайда болды? Мұнда екі аспектіні қарау керек. Бір жағынан, банктер кредиттер береді және қарыз алушылар тарапынан міндеттемелер орындалмаған жағдайда, борышты өндіріп алады. Бұл процеске заңдық негізде коллекторлық агенттіктер тартылады, олардың міндеті борышты қайтару жұмысын жүргізу болып табылады. Дәл осы реттелмейтін сегментте қазір қарыз алушыларға қатысты құқық бұзушылықтар байқалып отыр, олар қалыпты құқықтық қорғауды ала алмайды. Мұның бәрі азаматтарымызға қатысты асыра сілтеуге және жосықсыз әрекеттерге әкелді, – деп атап өтті Д. Ақышев баяндамасында. – Екінші аспект банктер халықтың және кәсіпорындардың депозиттерін сақтайтын жер және ақшаның сақталуын қамтамасыз етуге міндетті болып табылады». Сондықтан, оның айтуынша, банктерде кредиттері бар, сол сияқты өзінің депозиттерін қайтаруға үміті бар халықтың барлық тобы мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз ету қажет.
«Біз, осы жағдайда бүгін «Коллекторлық қызмет туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне коллекторлық қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары осы қағидаттарға жауап береді және берешекті өндіріп алу бойынша болашақтағы өркениетті диалогтың негізін қалайды деп санаймыз. Заң жобалары банк пен борышкердің өзара қарым-қатынасын іс жүзінде қайта құрады. Банктер кредиттік тәуекелдерді бағалауға сақтықпен қарайды, ал клиенттер – кредитор алдында қаржылық міндеттемелерінің тиісінше орындалуына жауапты болу үшін тиісті деңгейде қорғалып, хабардар болады», – деп толықтырды Д. Ақышев.