2017 жылғы ақпанда берілген кредиттер көлемінің 2017 жылғы қаңтармен салыстырғанда 21,1%-ға, 2017 жылғы ақпанмен салыстырғанда 2,3%-ға ұлғайғаны байқалды (1-график). Ағымдағы жылдың алғашқы екі айында жаңа кредиттер беру көлемі 2016 жылғы қаңтар-ақпанмен салыстырғанда 7,9%-ға (немесе 93,3 млрд. теңгеге) ұлғайды.
2017 жылғы ақпанда кредиттеудің өсуі банктік емес заңды тұлғаларға ұлттық валютамен кредиттер беру көлемінің олар бойынша мөлшерлеменің 2017 жылғы қаңтардағы 15,2%-дан ақпанның қорытындысы бойынша 14,3%-ға дейін төмендеуі аясында 32,7%-ға немесе 104,5 млрд. теңгеге (424,4 млрд. теңгеге дейін) ұлғаюына байланысты болды. 2016 жылғы қаңтармен салыстырғанда мөлшерлеме 11,6 пайыздық тармаққа, яғни іс жүзінде екі есе төмендеді.
Жеке тұлғаларды ұлттық валютамен жаңадан кредиттеу қаралып отырған айда 14,2%-ға немесе 26,3 млрд. теңгеге (211,6 млрд. теңгеге дейін) ұлғайды, бұл ретте олар бойынша мөлшерлеме іс жүзінде өзгерген жоқ – өткен айдағы 18,6%-бен салыстырғанда 18,7%.
Шетел валютасындағы жаңа қарыздарға сұраныстың төмендеуі жалғасуда. 2017 жылғы ақпанда жаңа валюталық қарыздардың көлемі (62,3 млрд. теңге) 2013 жылғы қаңтардан бастап ең төменгі деңгейде қалыптасты. Өткен аймен салыстырғанда төмендеу 12,6%-ды, ал жылдың алғашқы екі айында 2016 жылғы қаңтар-ақпанмен салыстырғанда 65,8%-ды құрады.
Жаңадан берілген қарыздармен салыстырғанда бұрын берілген қарыздар бойынша өтеу көлемінің неғұрлым жоғары болуы банктердің кредиттік портфелі көлемінің төмендеуіне алып келді. Банктердің экономиканы кредиттеу көлемі бір айда 1,3%-ға (жылдың басынан бері – 3,9%-ға) төмендей отырып, 2017 жылғы ақпанның соңында 12 354,5 млрд. теңгені құрады.
Төмендеу, негізінен валюталық кредиттер есебінен болады.
2017 жылғы ақпанда шетел валютасындағы кредиттердің көлемі 5,7%-ға төмендеп, 3 779,5 млрд. теңгені құрады, ал ұлттық валютадағы кредиттердің көлемі 8 575,1 млрд. теңгеге дейін 0,7%-ға өсті.