«2017 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанда «таза» инвестициялық кіріс үлесінің жиынтығы зейнетақы жинақтарының 20%-н құрайды». Бұл туралы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жанындағы Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында «Зейнетақы секторындағы ағымдағы ахуал және зейнетақы активтерін басқару туралы» таныстырылымымен сөйлеген сөзінде Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Д. Ғалиева хабарлады.
Д. Ғалиева «зейнетақы қорларының кірістілігі бүкіл әлемде халықаралық қор нарықтарындағы ахуалдың және экономикалық конъюнктураның өзгеруіне байланысты және көбіне жағымсыз мәннен жағымды мәнге және керісінше өзгеруі мүмкін» екендігін атап өтті.
Таныстырылымды жалғастыра келе, Д. Ғалиева Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру шеңберінде әзірленген, зейнетақы активтерін жеке басқарушы компаниялардың басқаруына беруге байланысты ұсыныстарға тоқталып өтті.
Атап айтқанда, ол «салымшыға инвестициялық стратегияны және жеке басқарушы компанияны таңдау құқығының берілетінін, бұл, біздің пікірімізше, зейнетақы қызметтерінің бәсекелес нарығын дамытуға түрткі болатынын, мысалы, бәсекелес ортадағы жұмыс басқарушы компанияларды көбірек инвестициялық кіріс алуға, салымшыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға, инвестицияларды нарықтық талаптармен жүзеге асыруға ынталандыратынын айтты. «Бұл ұсыныстарды іске асыру Қазақстан Республикасының заңнамасына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізуді талап етеді. Зейнетақы жинақтарын басқару жүйесін болашақта реформалау тұжырымдамасы бүгінгі күні Қазақстан Республикасының Үкіметімен талқылануда»», – деп нақтылады Д. Ғалиева.
ҚРҰБ Төрағасының орынбасары Қазақстанда мемлекет зейнетақы төлемдерін алушыларға БЖЗҚ-ға нақты енгізген міндетті зейнетақы жарналарының зейнеткерлікке шыққан сәттегі инфляция деңгейі ескеріле отырып сақталатынына кепілдік беретінін еске салды. «Әлемнің ешбір басқа елінде мұндай кепілдік жоқ. Әдетте, зейнетақы жүйелеріндегі кепілдіктер жүйесін қатысушылардың өздері – зейнетақы қорлары немесе басқарушы компаниялар қамтамасыз етеді, олар инвестициялық кірістің белгіленген «бэнчмаркке» қатысты белгілі бір ең төменгі мөлшерлемесіне кепілдік береді. Көп жағдайда мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша кірістілік немесе елдің зейнетақы жүйесі бойынша белгілі бір кезеңдегі орташа алынған кірістілік осындай «бэнчмарк» болады», – деп қорытындылады Д. Ғалиева.