Сауда жанжалдарына және мұнай қорларының өсуіне байланысты сыртқы нарықтардағы ахуал әлемдік нарықтарда мұнайдың баға белгіленімінің төмендеуіне әсер етті. Мәселен, мұнай бағасы 28 мамыр – 5 маусым аралығында бір баррель үшін 70 АҚШ долларынан 61 АҚШ долларына дейін немесе 12%-дан астам төмендеді. Бұл теңге бағамына тікелей әсер етті. 2019 жылғы 6 маусымдағы жағдай бойынша бағам бір АҚШ доллары үшін 384,53 теңге деңгейге жетті.
Кейбір дамушы экономикалардың, оның ішінде Қазақстанның сауда әріптестері валюталарының бағамдары да әлсіреді. Сыртқы факторларды қоспағанда, теңгенің әлсіреуіне әлеуметтік желілердегі болжамдармен күшейіп отырған нарықтың психологиялық ықпалы әсер етті.
Соңғы тәулікте мұнай бағасы бір баррель үшін 62,2-62,5 АҚШ долларына дейін өсті, бұл теңге бағамына жағымды әсер етті. 7 маусымда жабу күнгі жағдай бойынша теңгенің биржалық бағамы 0,3%-ға өсуді көрсетіп, 383,26 деңгейде жабылды.
Валюта нарығындағы ахуал Қазақстан Ұлттық Банкінің жіті бақылауында.
Ішкі іргелі факторлар жағымды болып қалып отыр. Мәселен, төлем балансының ағымдағы шотының сальдосы қатарынан екінші тоқсан бойы оң қалыптасуда, бұл елдің халықаралық резервтерінің нығаюын куәландырады.
Қазақстан Ұлттық Банкінің алтынвалюта резервтері ағымдағы жылғы мамырда 3,5%-ға немесе 948 млн АҚШ долларына өсіп, 28,0 млрд АҚШ долларын құрады. Қажетті минимум 3 ай болғанда олардың көлемі тауарлар мен қызметтер импортының 7 айынан асады.
Қазақстан Ұлттық Банкі шетел валютасын сатып алуға сараланған тұрғыдан қарауды ұсынады, бағам әлсіреу жағына қарай, сол сияқты нығаю жағына қарай да ауытқуы мүмкін.