Ақпараттық хабар

Ақпараттық хабар

Бүгін Алматыда Қазақстан Ұлттық Банкі өкілдерінің қаржы нарығының сарапшыларымен кезекті кездесуі өткізілді, оның барысында ақша-кредит саясаты, ақша және валюта нарықтарындағы жағдай мәселелері, сондай-ақ қаржы реттеушісінің базалық ставканы 9% деңгейде және +/-1% пайыздық ставкалар дәлізімен сақтау туралы шешімі талқыланды.

Ақша-кредит саясаты департаментінің директоры Виталий Тутушкин базалық ставка бойынша бұл шешімнің 2019 жылғы сәуір-мамырдағы кезекті болжамдық раунд нәтижелері бойынша қабылданғанын атап өтті.

«Біздің бағалауымыз бойынша, ішкі және сыртқы секторда дамып отырған негізгі үрдістер 4-6% белгіленген нысаналы дәлізге сәйкес 2019 және 2020 жылдардың соңына қарай инфляция бағытын қалыптастыратын болады. Ақша-кредит талаптары бейтарап ретінде бағалануда. Базалық ставка белгіленген нысаналы бағдарларға сәйкес келеді, сондай-ақ экономикалық өсу қарқындарына және кредиттеу қолжетімділігіне қолдау көрсетеді», - деп түсініктеме берді В. Тутушкин.

Қазақстан Ұлттық Банкінің өкілі 2019 жылғы мамырдағы іс жүзіндегі инфляция жылдық көрсетуде 5,3% болғанын және 4-6% нысаналы дәліздің ортасында қалып отырғанын айтып берді.

«Жылдық инфляция құрылымында өндірістік шығындардың өсуі аясында жекелеген өнімдерге бағаның өсуі нәтижесінде азық-түлік тауарларының инфляциясы 2019 жылғы мамырда 7,9%-ға жеделдеді. Мәселен, азық-түлік өнімдерін өндіруде бағаның өсуі мамырда 9,4%-ға, ауыл шаруашылығындағы бағалар сәуірде 13,5%-ға дейін жылдамдатылды. Азық-түлік өнімдерін ішкі өндірудегі шикізат пен ресурстарды сатып алу өткен жылмен салыстырғанда сәуірде 19,1%-ға, сусындарды сатып алу 11,5%-ға қымбаттырақ болды», - деді В. Тутушкин.

Ол азық-түлікке жатпайтын тауарлардың инфляциясы жылдық көрсетуде 6,1%-ды құрағанын айтты. Бензин бағасы дефляциялық аймақта сақталады – ұсыныстың артық болуы аясында 6,2% ж/ж. Ақылы қызметтердің бағасы жылдық көрсетуде 1,3%-ға өсті. Реттелетін қызметтерге бағаның жылдық өзгеруі теріс аймақта сақталады.

Сондай-ақ, В. Тутушкин сарапшылармен кездесуде ағымдағы жылғы наурыз-сәуірде инфляциялық күтулер нақты инфляциядан төмен қалып отырғанын айтты. Халық арасында наурыз-сәуірде жүргізілген пікіртерім деректеріне сәйкес 12 ай шегінде күтілетін инфляцияны бағалау 4,5% деңгейде сақталды. Қабылданатын инфляция 2018 жылғы мамырдан кейін ең төменгі шекке жетіп, төмендеудің ұзақ мерзімді үрдісін ұстануды жалғастыруда.

«Ішкі экономика тарапынан негізгі алғышарттар экономиканы мемлекеттік қолдау шараларының күшеюі, халық табысының жоғары өсуі, оның ішінде фискалдық ынталандыру есебінен өсуі болды», - деді В. Тутушкин.

Ол Қазақстан Ұлттық Банкінің болжамдары бойынша тұтынушылық сұраныс орта мерзімді кезеңде инфляцияға әсер ететін негізгі факторлардың бірі болады, бұған әлеуметтік төлемдер мен жалақы мөлшерінің артуы ықпал етеді.

«Наурызда халықтың нақты ақшалай табысы жылдық көрсетуде 9,7%-ға өсті.
Сондай-ақ, халықтың тұтынушылық белсенділігінің артуы халықтың тұтынушылық мақсаттарға кредиттері көлемінің артқанын куәландырады, ол сәуірдің қорытындысы бойынша жылдық көрсетуде 14,6%-ды құрады», - деп хабарлады Қазақстан Ұлттық Банкінің өкілі.

Сондай-ақ, В. Тутушкин кездесу барысында ағымдағы жылдың соңына дейін, мұнайға ұсыныспен салыстырғанда оған деген барынша жоғары сұраныстың сақталуы күтілетінін айтты, бұл әлемдік бағаларға қолдауды қамтамасыз етеді.

«BRENT маркалы мұнай бағасы ағымдағы жылы бір баррель үшін 54,9 АҚШ долларынан 75 АҚШ долларына дейінгі шекте қалыптасуда, бес айда орташа алғанда  бір баррель үшін 66,8 АҚШ долларын құрады. Әлемде ОПЕК+ келісімінің іске асырылуы, сондай-ақ ішкі саяси оқиғалардың салдарынан ірі мұнай экспорттаушы елдерде мұнай өндірудің төмендеуі аясында оған деген жоғары сұраныс сақталып отыр», - деді ол.

Қазақстан Ұлттық Банкінің өкілі атап өткендей, Ресейдегі инфляция өзінің 4%-дық нысаналы деңгейіне күткендегіден тез оралуда, ол ҚҚС ставкасын көтерудің бағаның өсуіне әлсіз әсер етуінен болды және инфляция сәуірде 5,2%-ды құрады. ЕО-да инфляция сол кезеңде 1,9% болды, ал нысаналы дәліз 2% деңгейінде болатын, Қытайда таргет 3% болған кезде инфляция 2,5%-ды құрады.

«ФАО-ның бағалауынша, әлемдік азық-түлік инфляциясы болжамды кезеңде 2020 жылдың соңына дейін дәнді-дақылдарды өндіру көлемімен салыстырғанда оларды әлемдік тұтынудың одан жылдамырақ өсуі аясында көтерілетін болады. Сыртқы монетарлық талаптар өзгеріссіз қалды. АҚШ Федералдық резервтік жүйесі басшыларының мәлімдемелеріне сәйкес ставкалардың одан әрі өсу ықтималдығы төмендеді. Ресей Федерациясының Орталық Банкі 2019 жылдың екінші жартысында ақша-кредит талаптарының белгілі бір жеңілдейтінін болжайды», - деп түсініктеме берді В. Тутушкин.

Ол АҚШ және басқа елдер арасындағы, бірінші кезекте Қытаймен сауда қатынастарындағы шиеленіс сыртқы талаптар тарапынан негізгі тәуекел болып қалатынын атап өтті. Бұл әлемдік экономиканың өсуінің бәсеңдеуіне алып келеді және әлемдік саудаға, сондай-ақ тауар және қор нарықтарына теріс әсер етеді.

В. Тутушкин сондай-ақ кездесуге қатысушыларға Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің 2019 жылғы 31 мамырда кезекті болжам раундының аяқтағанын айтып берді. Болжау мерзімінде 2019 жылғы 2-тоқсан – 2019 жылғы 4-тоқсан аралығындағы кезең қамтылады.

«Осы болжам раунды шеңберінде біз Brent маркалы мұнай бағасы бойынша мынадай 3 сценарийді қарадық: бір баррель үшін 40, 60 және 70 АҚШ доллары. Орта мерзімді перспективада, ағымдағы жылғы 1-тоқсанда төмендегеннен кейін Қазақстан экспортына сыртқы сұраныстың өсуінің қалпына келуі күтіледі, негізінен Ресейдегі экономикалық белсенділік серпінінің жеделдеуі есебінен. Біріктірілген сыртқы инфляция Ресейдегі инфляцияның 2020 жылы өзінің таргетіне қайтып келуі нәтижесінде, сондай-ақ ЕО мен Қытайдағы тұтынушылық бағалардың болжамдық кезеңде өсуінің төмен болуына байланысты төмендейтін болады», - деді В. Тутушкин.

Қазақстан Ұлттық Банкінің өкілі өзінің сөйлеген сөзі барысында сол сияқты болжамды кезеңде шығарылымның айырмасы ішкі сұраныс пен экспорттың  өсуі есебінен  оң  аяда  сақталады деп айтып берді.

 «2019-2020 жылдарда Қазақстанның нақты ІЖӨ өсуі 3,0-3,5%-ды құрайды. Мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдау шараларының кеңеюі нәтижесінде алдыңғы  болжамды раундпен салыстырғанда тұтынушылық сұраныстың  неғұрлым  жоғары  өсуі  болжанып  отыр. Инвестициялық белсенділік пен сұраныстың өсуінің оң серпіні сақталады  деп  болжануда. Инвестициялық белсенділіктің  өсуі тау-кен саласындағы жобаларды  іске асырумен байланысты  болады. Экспорттың ұлғаюы, бірінші кезекте металл  экспортының  өсуімен байланысты. Оған қоса,  мемлекеттің бюджет саласындағы  қызметкерлердің  жалақысын ұлғайтуға деген нақты шығыстарының  өсуі байқалады. 2020 жылы мұнайды  өндіру жалпы көлемдерінің ұлғаюымен байланысты экспорттың  өсуі  бойынша  неғұрлым  оң  күтулер  аясында ІЖӨ-нің өсу қарқындары  біршама  жылдамдатылады», - деді  ол.

Сөзінің соңында В. Тутушкин болжамның  ішкі  және сыртқы алғышарттарын ескере  отырып, болжамдарға  сәйкес 2019-2020 жылдарда  жылдық  инфляция нысаналы 4-6% дәліз шегінде  болады  деп атап  өтті. «2019 жылғы ақпан-наурыз» алдыңғы болжам раундымен салыстырғанда инфляцияның траекториясы біраз көтерілу жағына түзетілді. «Біріншіден, жеке азық-түлік тауарлары бағасының жылдам өсуі байқалады, ол ұсыныс күйзелістерін іске асыру кезінде одан әрі үдеуі мүмкін. Екіншіден,  орта мерзімді перспективада реттелетін қызметтер мен бензинге тарифтердің төмендеуінен болған оң әсер  инфляциялық процестерге әсері етпейтін болады. Үшіншіден, халықтың нақты ақшалай кірістерінің өсуі аясында тұтынушылық сұраныс тарапынан проинфляциялық қысым сақталады», - деді Қазақстан Ұлттық Банкінің өкілі.

Кездесу соңында Қазақстан Ұлттық Банкінің өкілдері қаржы нарығы сарапшыларының сұрақтарына жауап берді, олар, өз кезегінде, елдің қаржы нарығындағы ағымдағы ахуал мен өзгерістер жөнінде шынайы ақпарат алуға мүмкіндік беретін осындай кездесулер өткізудің маңыздылығын атап өтті.

Қазақстан Ұлттық Банкінің сарапшылармен кездесуі қаржы реттеушісінің нарық және жұртшылықпен белсенді байланысы саясатының шеңберінде тұрақты негізде өткізіліп тұратынын еске саламыз.

Базалық ставка  бойынша кезекті шешім 2019 жылғы 15 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласының уақытымен сағат 17:00-де жарияланады.

Соңғы жаңалықтар

Валюталардың ресми (нарықтық) бағамдары

Теңгенің шетел валюталарына ресми (нарықтық) бағамдары туралы ақпарат

Валюталардың ресми (нарықтық) бағамдары

Теңгенің шетел валюталарына ресми (нарықтық) бағамдары туралы ақпарат

Валюталардың ресми (нарықтық) бағамдары

Теңгенің шетел валюталарына ресми (нарықтық) бағамдары туралы ақпарат

Назар аударыңыз! Жіберілетін жауаптар ақпараттық-түсіндіру сипатында және ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми жауаптары болып табылмайды. Қосымшада жаңалықтар жолағы және сілтемелер бар, бұл халықтың қаржы саласындағы соңғы жаңалықтардан мен маңызды оқиғалардан хабардар болуына мүмкіндік береді.

 

© Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, 2020

finreg.kz