2019 жылғы 22 мамырда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Қаржы және бюджет комитеті «Астана халықаралық қаржы орталығының жұмыс істеуі және бағалы қағаздар нарығы туралы заңнаманы жетілдіру тұрғысында Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығының жаңа мүмкіндіктері» деген тақырыпта Дөңгелек үстел өткізді, оған Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Е.А. Біртанов, «Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы» ЗТБ-ның, «Қазақстан қор биржасы» АҚ-тың, «Астана» халықаралық қаржы орталығының және қаржы нарығының өкілдері қатысты.
Бұл дөңгелек үстелде бағалы қағаздар нарығының ағымдағы жағдайының және нарығының мәселелері, екі биржалық алаң – Қазақстан қор биржасының және «Астана» халықаралық қаржы орталығы биржасының тиімді өзара іс-қимылын қалыптастыру мәселелері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі, бағалы қағаздар нарығы мәселелері бойынша бұрын қабылданған Заңның іске асырылу қорытындылары талқыланды.
Ұлттық Банк Қор нарығын одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар шараларды қабылдағанын атап өту қажет.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарын Clearstream халықаралық есеп айырысу жүйесінде есептелетін бағалы қағаздар тізіміне қосу жөніндегі жоба табысты іске асырылды, бұл халықаралық инвесторлардың халықаралық нарыққа қолжетімділігін едәуір жеңілдетеді.
Қазақстан қор нарығының сыйымдылығын арттыру жөніндегі ортақ міндетті шешу мақсатында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі екі биржаны қатар дамыту және халықаралық капитал нарықтарынан өтімділікті тарту жөніндегі жұмысты жалғастыратын болады.