Ұлттық Банк халық үшін түрлі қаржы құралдарының 2016 жылғы номиналды кірістілігі бойынша салыстырмалы түрдегі есебін жүргізді.
Жеке тұлғалардың түрлі валютамен – теңгемен, Ресей рублімен (Қазақстан Республикасындағы банктердегі де, Ресей Федерациясындағы банктердегі де), АҚШ долларымен және еуромен банктік депозиттері, қолма-қол доллардың, еуроның, Ресей рублінің және қолма-қол теңгенің сақталуы, сондай-ақ алтынға инвестициялау таңдап алынды.
2016 жылғы қаңтар – желтоқсан аралығындағы кезеңде анағұрлым кірісті Ресей рубліне салымдар әкелген. Ресей және Қазақстан банктеріндегі рубльдік депозиттерге ақшаны орналастыру кезінде кірістілік бағам айырмасын есептегенде, тиісінше, 28,6% және 19,4%-ды құрады. Жинақты қолма-қол Ресей рублімен сақтаған жағдайда көрсетілген кезеңде бір жылда 17,8% болатын кірістілікті алуға болар еді.
Теңгемен депозит 14,6%-ға тең болатын кіріс әкелді.
Жинақ ақшаның басқа түрлері нақты оң кірісті қамтамасыз еткен жоқ және олар бойынша кірістілік инфляциядан төмен немесе номиналдық көрсеткіш бойынша теріс болып қалыптасты. Алтынға салынған салымдар 6,4% (алтынның бағасы 8,5%-ға ұлғайды, теңгенің АҚШ долларына қатысты нығаюы – 2%), АҚШ долларымен депозиттер 1,0% кірістілік әкелді. Еуромен депозиттер 2,2%-дық шығынды көрсетті. АҚШ долларымен және еуромен депозиттер бойынша кірістілікті есептеу кезінде тиісті депозиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесі де, бағам айырмасынан болатын кіріс те есепке алынды.
Еуромен және доллармен қолма-қол шетел валютасымен де, қолма-қол теңгемен де сақтау инвестициялаудың ең тиімсіз жолы болды. Мәселен, жинақ ақшаны қолма-қол доллармен сақтау тиісінше 2%-дық, қолма-қол еуромен 5,1%-дық, қолма-қол теңгемен инфляция есебінен минус 8,5%-дық теріс кірістілік әкелді.
Ескертпе:
– салыстыру үшін ай сайын капиталдандырылатын 12 айлық тарту мерзімімен депозиттер қарастырылды;
– теңгемен және шетел валюталарымен (АҚШ долларымен және еуромен) депозиттер бойынша «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ барынша жоғары ұсынылған мөлшерлемелері есепке алынды: теңгемен - 10% (2016 жылғы қаңтар), 14% (2016 жылғы ақпан -желтоқсан), шетел валютасымен - 3%;
– барынша жоғары әсерді бағалау үшін теңгемен депозит бойынша 2016 жылғы 1 ақпаннан бастап мөлшерлеменің көтерілу жағына қарай қайта қаралғаны, шетел валютасындағы депозиттер бойынша мөлшерлемелердің 2016 жылғы қаңтардағы деңгейде сақталғаны (төмендеу жағына қарай қайта қаралмастан) есепке алынды;
– Қазақстан Республикасының банктеріндегі Ресей рублімен депозиттер бойынша мерзімді рубль салымдары бойынша 2016 жылғы қаңтардағы орташа алынған 1,4%-дық нақты мөлшерлеме есепке алынды;
– Ресей банктеріндегі Ресей рублімен депозиттер бойынша мерзімі 181 күннен бастап 1 жылға дейінгі салымдар бойынша 2016 жылғы қаңтардағы орташа алынған 8,85%-дық мөлшерлеме есепке алынды.