Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жылына 4 рет болжамдық раунд жүргізеді, оның барысында негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің, бірінші кезекте инфляцияның ортамерзімді кезеңдегі (алдағы 7 тоқсандағы) болжамы жүзеге асырылады. Алынған болжамдар мен бағалар негізінде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі ақша-кредит саясаты бойынша, оның ішінде базалық мөлшерлеме деңгейі бойынша шешімдер қабылдайды.
2018 жылғы 30 қарашада Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі кезекті болжамдық раундты[1] аяқтады. Болжам кезеңі 2018 жылғы 4-тоқсан – 2020 жылғы 2-тоқсан аралығын қамтиды.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бүкіл болжам кезеңінде[2] базалық сценарий ретінде мұнай бағасының бір баррель үшін 60 АҚШ доллары болатын сценарийді қарастырды.
Болжамдардың ағымдағы тәуекел профилі ішкі тұтынушылық және инвестициялық сұраныстың, сондай-ақ мұнай бағасы құбылуының өсуімен байланысты проинфляциялық тәуекелдердің күшеюі аясында аздап нашарлады. Бұдан басқа сыртқы инфляцияның күшеюі және жағымды фискалдық серпін инфляцияның болжам жасау траекториясы үшін маңызды тәуекелдер болуын жалғастыруда.
Болжамдарға сәйкес, Қазақстандағы жылдық инфляция 2019 жылы 4-6% аралығындағы жаңа нысаналы дәлізге оның жоғарғы шегінде бола отырып, біртіндеп кіре бастайды. Алдыңғы «2018 жылғы тамыз-қыркүйек» болжамдық раундпен салыстырғанда инфляцияның траекториясы аздап төмендеу жағына қарай түзетілді, бұл 2019 жылы монополистер көрсететін қызметтер бағасының күтіліп отырған төмендеуіне байланысты. 2020 жылғы бірінші жартыжылдықта Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бағалауы бойынша жылдық инфляцияның біртіндеп бәсеңдеуі жалғасады. Инфляцияның серпінін айқындайтын негізгі факторлардың арасынан ең төменгі жалақының ұлғаюы, қызметкерлердің жалақысы төмен санаттары үшін салық жүктемесінің төмендеуі және тұтынушылық кредиттеудің өсуінің сақталуы; Ресейдегі инфляция бойынша болжамдарды қайта қарауға байланысты инфляция аясының көтерілу жағына қарай нашарлауы; Ресейге қатысты санкциялық ая нашарлаған кезде Ресей рублінің ықтимал құнсыздануы; болжам жасалатын кезеңде ұсыныстың сұраныстан артуы аясында энергия ресурстары бағасының төмендеуі нәтижесінде нақты ақша кірістерінің болашақтағы нығаюын атап көрсетуге болады.
Экономикалық өсу қарқыны, бағалауға сәйкес, 2019 жылы 2,7% (өткен болжамдық раундта 2,6%), 2020 жылғы бірінші жартыжылдықта – 2,7% болады. Экономикалық өсу бойынша алғышарттар өзгерген жоқ. Экономиканың негізгі өсу драйвері ішкі тұтынушылық сұраныстың өсуін білдіреді. Инвестициялық белсенділіктің оң серпіні, бірінші кезекте, тау-кен өндіру саласында және тұрғын үй құрылысында сақталады. Тауарлар және қызмет көрсету экспортының ұлғаюы Қашаған кен орнындағы мұнай және газ конденсатын өндірудің одан әрі өсуіне байланысты болады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің жаңартылған бағалаулары бойынша Қазақстандағы шығарылымның қысқа мерзімді және орта мерзімді перспективада үзілуі проинфляциялық тұрғыдан әсер ете отырып, оң болады. Болжамдық кезеңнің соңында оң үзіліс әлсіз оң аймақта қала отырып, біртіндеп қысқара бастайды.
Қазақстанның экономикасы сыртқы күйзелістерге ұшырағыш болып қалуда, мұнай бағасы бұрынғыдай экономикалық белсенділіктің серпінін анықтайтын маңызды фактор болып табылады.
Бір баррель үшін 40 АҚШ доллары сценарийі іске асырылған жағдайда жылдық инфляцияның 2019-2020 жылдары нысаналы дәліздің жоғарғы шегінен асатын айтарлықтай тәуекел бар, ол ақша-кредит талаптарына түзетулер енгізуді талап етеді.
«2018 жылғы қараша-желтоқсан» болжамдық раундтың нәтижелері бойынша неғұрлым толық ақпарат Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің интернет-ресурсында 2018 жылғы 3-тоқсан үшін «Инфляциялық шолуда» жарияланатын болады.
[1] Макроэкономикалық көрсеткіштер болжамы 2018 жылғы 15 қарашадағы жағдай бойынша статистикалық ақпарат негізінде дайындалды.
[2] Пікіртерімге және ірі инвестициялық банктер мен халықаралық институттардың (Thompson Reuters, Bloomberg, Дүниежүзілік банк, ХВҚ) болжамдарына сәйкес Brent сұрыпты мұнайдың орташа бағасы 2019 жылы бір баррель үшін 75,8 АҚШ долларын (өткен болжамдық раундта бір баррель үшін 69,5 АҚШ доллары) құрайды.