Бүгін Алматыда Қазақстан Ұлттық Банкі өкілдерінің қаржы сарапшыларымен кезекті кездесуі өтті, кездесу барысында реттеушінің ақша-кредит саясаты мәселелері, ақша және валюта нарықтарындағы ахуалдар, сондай-ақ қаржы реттеушісінің базалық мөлшерлемені +/-1% пайыздық мөлшерлемелер дәлізімен 9,25% деңгейде сақтау туралы шешімі талқыланды. Өтімділікті ұсыну және алып қою операциялары бойынша мөлшерлемелер де тиісінше 10,25% және 8,25%-дық деңгейде өзгеріссіз қалдырылды.
Кездесуде Қазақстан Ұлттық Банкі Зерттеулер және статистика департаментінің директоры Виталий Тутушкиннің айтуы бойынша аталған шешімді Ұлттық Банк инфляцияның өткен шешіммен салыстырғанда өзгермеген болжанатын серпінін, сондай-ақ оның нысаналы болжамдарға сәйкес келуін негізге ала отырып қабылдады.
Ол базалық мөлшерлеме бойынша келесі шешімдердің 2020 жылдың соңына қарай инфляция бойынша 4%-дан төмен орта мерзімді мақсатқа қолжеткізу міндетін ескере отырып қабылданатынын атап өтті.
Қазақстан Ұлттық Банкінің өкілі сөз сөйлеген кезде қабылданған шешімнің факторлары туралы толық айтып берді.
«Жылдық инфляция қазан мен қарашаның қорытындылары бойынша нысаналы дәліздің төменгі шегіне жақын 5,3% болып қалыптасты. Осылайша, инфляция соңғы үш жылдағы ең төменгі мәнге жетті», - деді В. Тутушкин.
Оның айтуы бойынша инфляцияның серпіні жеміс-көкөніс өнімі бағасының төмендеуіне негізделді. Сонымен қатар, ішкі өндірістің өсуі аясында бензин бағасының төмендегені байқалды. Нәтижесінде, осы нарықтарда өткен жылғы күзде байқалған теріс күйзеліс толығымен жойылды.
Ол ақылы қызмет инфляциясының серпіні реттелетін қызметтерге тарифті уақытша төмендетуді енгізу аясында қалыпты болып қалды деп түсіндірді.
«Бұл ретте қазанда неғұрлым құбылмалы бағалары бар құрауыштардың жалпы инфляцияға ықпалын болдырмайтын базалық инфляция қазанда жылдық көрсеткіш бойынша қыркүйектегі 6,2%-бен салыстырғанда 6,3%-ға дейін көтерілді. Бұл тұтынушылық сұраныс тарапынан, сондай-ақ өңдеуші саладағы және ауыл шаруашылығындағы ресурстардың соңғы айларда байқалған қымбаттауының ықпалынан байқалатын экономикадағы инфляциялық қысым сақталып отырғанын білдіреді», - деп түсіндірді
В. Тутушкин.
Қазақстан Ұлттық Банкінің өкілі кездесуге қатысушыларға экономикадағы инфляцияны ұлғайтатын қысым кеңейіп келе жатқан ішкі сұраныс жағынан жалғасып отырғанын айтып берді. «Халықтың 9 айдағы нақты кірісінің өсімі 3,4%-ды құрады. Банктер тұтынушылық мақсатқа 10 айда берген кредиттерінің көлемі 25,4%-ға ұлғайды, бұл банктердің тұтынушылық қарыздары портфелінің қазанда жылдық көрсеткіш бойынша 13%-ға жуық өсуіне әкелді», - деді В. Тутушкин.
Ол іскерлік белсенділіктің өсуі жалғасуда деп қосты. 2018 жылғы қаңтар-қазанда қысқа мерзімді экономикалық индикатор 4,8%-ға өсті. Тау-кен және өңдеу өнеркәсібінде өсім тиісінше 4,7% және 5,4%, саудада - 7,2%, көлік пен байланыста - 4,5% және 3,4%, ауыл шаруашылығында - 2,5% болды.
«Соңғы деректер бойынша, инфляциялық күтулер төмендеп, нақты инфляция 5,3%-бен теңесті. Яғни, теңге бағамының серпініне байланысты қыркүйек пен қазан айларының жағымсыз оқиғаларының әсері толық жойылды. Қабылданатын инфляция төмендеуге бағытталған ұзақ мерзімді үрдіске ауысуын жалғастыруда. Өткен 12 ай ішінде тауарлар мен көрсетілетін қызметтер бағасы бұрынғыға қарағанда тез өсті деп санайтын респонденттердің үлесі жыл басындағы 52%-дан қазандағы пікіртерімдердің нәтижесі бойынша 40,5%-ға дейін төмендеді», - деді В. Тутушкин.
Ол 2018 жылғы 30 қарашада Қазақстан Ұлттық Банкінде кезекті болжамдық раундтың аяқталғанын да айтып берді. Болжам 2018 жылғы 4-тоқсаннан бастап 2020 жылғы 2-тоқсан аралығындағы кезеңде әзірленді.
«Осы болжамдық раунд шеңберінде біз Brent маркалы мұнай бағасының: бір баррель үшін 40, 60 және 70 АҚШ доллары болатын 3 сценарийін қарастырдық. Бағалардың ағымдағы деңгейін, сондай-ақ нарық пен халықаралық қаржы институттары қатысушыларының болжамдарын ескере отырып, біз базалық сценарий ретінде Brent мұнайының баррелі үшін 60 АҚШ доллары болатын сценарийді қарастырдық. Сыртқы факторлар тарапынан біз сауда әріптестері болып табылатын елдерде инфляцияның жылдамдауы аясында сыртқы сұраныстың өсу қарқындарының бәсеңдеуін күтудеміз», - деп түсіндірді В.Тутушкин.
В. Тутушкиннің айтуы бойынша, сыртқы сұраныстың төмендеуі аясында шығарылымның оң айырмасының азаюы күтіледі. «Болжамдық кезең соңында оң айырма әлсіз аймақта қала отырып, ақырындап қысқаратын болады. Басқа жағынан инфляцияның импорты дезинфляциялық процестердің қарқынын баяулататын болады», - деді В. Тутушкин.
Қазақстан Ұлттық Банкінің өкілі кездесу қатысушыларына болжамдарға сәйкес Қазақстандағы жылдық инфляция 2019 жылы 4-6% аралығындағы жаңа нысаналы дәлізге оның жоғарғы шегінде бола отырып, біртіндеп кіре бастайтынын түсіндірді. Алдыңғы «2018 жылғы тамыз-қыркүйек» болжамдық раундпен салыстырғанда инфляцияның траекториясы аздап төмендеу жағына қарай түзетілді, бұл 2019 жылы монополистер көрсететін қызметтер бағасының күтіліп отырған төмендеуіне байланысты. 2020 жылғы бірінші жартыжылдықта жылдық инфляцияның біртіндеп бәсеңдеуі жалғасады.
В. Тутушкин сөзін қорытындылай келе экономикалық өсу қарқыны, бағалауға сәйкес, 2019 жылы 2,7%, 2020 жылғы бірінші жартыжылдықта – 2,7% болатындығын айтты. «Экономикалық өсу бойынша алғышарттар өзгерген жоқ. Экономиканың негізгі өсу драйвері ішкі тұтынушылық сұраныстың өсуін білдіреді. Инвестициялық белсенділіктің оң серпіні, бірінші кезекте, тау-кен өндіру саласында және тұрғын үй құрылысында сақталады. Тауарлар және қызмет көрсету экспортының ұлғаюы Қашаған кен орнындағы мұнай және газ конденсатын өндірудің одан әрі өсуіне байланысты болады», - деп қорытындылады ол.
Кездесу қорытындысында Қазақстан Ұлттық Банкінің өкілдері сарапшылардың сұрақтарына жауап берді, олар өз кезегінде елдің қаржы нарығындағы ағымдағы ахуал және өзгерістер туралы шынайы ақпарат алуға мүмкіндік болатын осындай кездесулер өткізудің маңыздылығын атап өтті.
Сарапшылармен кездесуді Қазақстан Ұлттық Банкі қаржы реттеушісінің нарықпен және жұртшылықпен белсенді байланыс саясаты шеңберінде тұрақты негізде өткізіп отыратындығын еске саламыз. Базалық мөлшерлеме бойынша келесі шешім 2019 жылғы 14 қаңтарда Астана қ. уақыты бойынша сағат 17:00-де жарияланады.