Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2018 жылғы 2-тоқсанның қорытындылары бойынша МҚҰ[1] барынша жиі жол беретін микроқаржы ұйымдарының қызметтерін тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзушылықтарға мониторинг және талдау жүргізді.
МҚҰ қатысты анықталған бұзушылықтардың қорытындылары бойынша 8 санкция және шектеулі ықпал ету шаралары қолданылды, оның ішінде:
- 1 санкция ("Ақсай" МҚҰ» ЖШС) айыппұлдар салу және өндіріп алу түрінде;
- 7 шектеулі ықпал ету шарасы («Микрокредит» микроқаржы ұйымы» ЖШС, «Экспресс Займ» микроқаржы ұйымы» ЖШС, «Қыран инвест» микроқаржы ұйымы» ЖШС, «Шу» микроқаржы ұйымы» ЖШС, «МАКС-М» микроқаржы ұйымы» ЖШС, «Эверест Финанс» микроқаржы ұйымы» ЖШС, «Қазақ несие» микроқаржы ұйымы» ЖШС) оның ішінде 8 жазбаша нұсқама.
Жүргізілген талдау нәтижелері МҚҰ-да:
- Микрокредит беру туралы шарттың Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес болмауына («Микрокредит» микроқаржы ұйымы» ЖШС, «Экспресс Займ» микроқаржы ұйымы» ЖШС, «Қыран инвест» микроқаржы ұйымы» ЖШС, «Эверест Финанс» микроқаржы ұйымы» ЖШС, «Қазақ несие» микроқаржы ұйымы» ЖШС);
- Ұлттық Банктің тиісті рұқсатынсыз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға («Аксай» микроқаржы ұйымы» ЖШС);
- есептілікті ұсыну тәртібі мен мерзімдерін бұзуға («Шу» микроқаржы ұйымы» ЖШС, «МАКС-М» микроқаржы ұйымы» ЖШС) байланысты бұзушылықтарға жол берілгендігін көрсетті.
Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың сол немесе өзге де микроқаржы ұйымдары көрсететін қызметтердің тиімділігі мен сапасын шолу және дербес айқындау үшін Ұлттық Банк МҚҰ-на қабылданған шаралар туралы ақпаратты өзінің ресми интернет-ресурсына орналастырады.
Қаржылық сауаттылықты арттыру және МҚҰ-ның қазіргі, сол сияқты әлеуетті клиенттерінің заңды құқықтары мен мүдделерінің бұзылуына жол бермеу мақсатында Ұлттық Банк төмендегілер туралы хабарлайды.
Микрокредит беру туралы шарттың мазмұнына қойылатын міндетті талаптарға қатысты.
ҚР АК[2] 383-бабының 1-тармағына сәйкес шарт тараптар үшiн оны жасасу кезiнде қолданылып жүрген заңдармен белгiленген мiндеттi ережелерге (императивтiк қалыптарға) сәйкес келуге тиiс.
МҚҰ туралы заңның[3] 4-бабының 3-тармағына сәйкес Микрокредит беру туралы шартта:
1) МҚҰ-ның атауы мен қарыз алушы - жеке тұлғаның тегi, аты және әкесiнiң аты (ол бар болса) немесе қарыз алушы - заңды тұлғаның атауы;
2) берiлген микрокредит сомасы;
2-1) микрокредит беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты алуға жататын комиссиялар мен өзге де төлемдердің толық тізбесі, сондай-ақ олардың мөлшері;
3) микрокредиттi өтеу мерзiмдерi;
4) микрокредиттi өтеу тәсiлi (қолма-қол ақшамен және (немесе) қолма-қол ақшасыз тәртіппен, бiржолғы не бөліп-бөліп);
5) микрокредиттi өтеу әдiсi: аннуитеттік немесе сараланған не микрокредиттер беру қағидаларына сәйкес басқа да әдіс;
5-1) микрокредит бойынша берешекті өтеу кезектілігі;
5-2) негізгі борышты уақтылы өтемегені және сыйақыны төлемегені үшін тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) есептеу тәртібі және мөлшері;
6) микрокредитті өтеу және сыйақы сомалары қамтылған кезекті төлемдерді өтеу күндері және мөлшерлері, келесі өтеу күніне микрокредит сомасының қалдықтары көрсетіле отырып, сондай-ақ микрокредит беру туралы шартқа қол қойылған күнгі микрокредиттің және сыйақының жалпы сомасы көрсетілген микрокредит беру туралы шарттың екі тарабы да қол қойған микрокредитті өтеу кестесі;
7) микрокредит беру туралы шарт бойынша (ол бар болса) қарыз алушының мiндеттемелердi орындауын қамтамасыз ету;
8) микрокредит бойынша сыйақы мөлшерлемелерінің мөлшері, оның ішінде жылдық сыйақы мөлшерлемесінің және осы Заңның 5-бабында белгіленген тәртіппен есептелген жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің (микрокредиттің нақты құны) мөлшері;
8-1) микрокредит беру туралы шарт тараптарының құқықтары мен міндеттері;
9) тараптардың жауапкершілігі;
10) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де талаптар қамтылады.
Берешекті коллекторлық агенттікке сотқа дейін өндіріп алуға беру кезінде МҚҰ-ның:
біріншіден, берешекті өндіріп алу туралы сотқа талап қойып жүгінуге;
екіншіден, берешек коллекторлық агенттікте жұмыста болған кезеңде есептелген сыйақыны төлеуді талап етуге, сол сияқты көрсетілген кезеңде негізгі борыш пен сыйақыны уақтылы өтемегені үшін тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) есепке жазуға құқығы жоқ.
МҚҰ туралы Заңның 4-бабы 4-1-тармағына сәйкес микроқаржы ұйымы микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықты (талап етуді) үшінші тұлғаға берген кезде, қарыз алушының құқық (талап ету) берілген үшінші тұлғамен құқықтық қатынастарына Қазақстан Республикасының заңнамасында кредитордың қарыз алушымен микрокредит беру туралы шарт шеңберіндегі өзара қатынастарына қойылатын талаптар мен шектеулердің күші қолданылады.
Өзіне құқық (талап ету) берілген үшінші тұлғаның Қазақстан Республикасының заңнамасында кредитордың қарыз алушымен микрокредит беру туралы шарт шеңберіндегі өзара қатынастарына қойылатын талаптар мен шектеулерді бұзуы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
Микрокредиттік беру туралы шарттарда МҚҰ туралы заңның 3-тармағының 1), 2), 3), 4), 5), 5-1), 5-2), 8) тармақшаларында және 4-бабының 4-тармағында көрсетілген талаптар шарттың бірінші бетінен бастап белгіленген жүйелілікпен көрсетілген.
МҚҰ-ның микрокредиттік беруге және қызмет көрсетуге байланысты комиссияларды және өзге де төлемдерді алуына қатысты
МҚҰ туралы заңның 4-бабының 2-1-тармағына сәйкес Микрокредит беру туралы шартта микрокредит беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты алуға жататын комиссиялар мен өзге де төлемдердің толық тізбесі, сондай-ақ олардың мөлшері қамтылады.
2016 жылғы 1 шілдеде ЖТСМ есептеу кезінде ескерілетін, жеке тұлғаға микрокредит беруге және оларға қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдердің тізбесі[4] бекітілді.
Осылайша, МҚҰ микрокредит беру туралы жеке тұлғалармен 01.07.2016ж. кейін жасалған шарттар бойынша шарттарда тек Тізбеде көзделген комиссияларды белгілеуге және ұстап қалуға құқығы бар.
Микрокредиттер бойынша ЖТСМ-нің шекті мөлшеріне қатысты
МҚҰ туралы Заңның 5-бабына сәйкес микрокредитті бергені, оған қызмет көрсеткені және оны өтегені (қайтарғаны) үшін микроқаржы ұйымына төленуге жататын сыйақыны, олар бар болса - комиссиялық және өзге де төлемдерді қамтитын, қарыз алушының шығыстарын ескере отырып есептелетін, микрокредит бойынша анық, жылдық, тиімді, салыстырмалы түрде есептелген сыйақы мөлшерлемесі жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі болып табылады.
Бұл ретте, №377 қаулыда[5] ЖТСМ-нің шекті мөлшері бекітілген, ол микрокредит беру туралы шартты жасау, микрокредитті берумен және қызмет көрсетумен байланысты сыйақы мөлшерлемесі өзгерген және (немесе) комиссиялар мен өзге төлемдер өзгерген немесе жаңадан енгізілген күні ЖТСМ-нің шекті мөлшері 56 (елу алты) пайыздан аспауға тиіс.
МҚҰ туралы Заңда белгіленген шекті мөлшерден асатын сомаға микрокредит беруге қатысты
МҚҰ туралы Заңның 3-бабына сәйкес микроқаржы ұйымы бір қарыз алушыға республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің сегіз мың еселенген мөлшерінен аспайтын мөлшерде микрокредиттер береді.
2018 жылға арналған айлық есептік көрсеткіш «2017 - 2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңында 2 405 теңге мөлшерінде белгіленген.
Заңның 1-бабының 7) тармақшасына сәйкес микроқаржы ұйымы – коммерциялық ұйым болып табылатын, ресми мәртебесі әділет органдарында мемлекеттік тіркелумен және есептік тіркеуден өтуімен айқындалатын, микрокредиттер беру жөнiндегi қызметтi, сондай-ақ Заңмен рұқсат етілген қосымша қызмет түрлерін жүзеге асыратын заңды тұлға екендігін атап өткен жөн.
Заңның 14-бабының 5-тармағына сәйкес есептік тіркеуден өткен микроқаржы ұйымдарының тізілімі уәкілетті органның Интернет-ресурсында орналастырылады.
Микроқаржы ұйымдарының тізілімімен Сіз Ұлттық Банктің ресми сайтынан мекен-жайы бойынша таныса аласыз: Рұқсаттар мен хабарламалар тізілімі → Рұқсаттар → Микроқаржы ұйымдарын есептік тіркеу.
Бұл ретте Ұлттық Банк микроқаржы ұйымы деп аталатын ұйыммен микрокредит беру туралы шарт жасағанға дейін осы ұйымның Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің микроқаржы ұйымдарының тізіліміне енгендігіне көз жеткізу керек екендігін ұсынады.
Қаржы қызметтерін тұтынушылардың назарын мыналарға аударамыз, егер Сіздердің құқықтарыңыз бұзылған жағдайда Сіздер мынадай мекенжайға жүгіне аласыздар:
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі:
жазбаша түрде: 050000, Алматы қ., Әйтеке би к-сі, 67, e-mail: info@kzp.nationalbank.kz;
Құқықтық көмек алу үшін мына Ұлттық Банктің қоғамдық қабылдау бөлмесіне Алматы қ., Әйтеке би к-сі, 67 мекенжайы бойынша, анықтама үшін телефон нөмірі: 7(727)2619213, 7(727) 2788104 ішкі: 2061;
Ұлттық Банктің Қоғамдық қабылдау бөлмесінің мобильді нұсқасы болып табылатын «ҚҰБ «Online» мобильді қосымшасының «Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау» бөліміне («ҚҰБ «Online» мобильді қосымшасын AppStore және PlayMarket магазиндерінде мемлекеттік және орыс тілдерінде жүктеп алу үшін қолжетімді)
Ұлттық Банктің филиалдарына (Ұлттық Банктің сайтында «Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау» бөлімінде көрсетілген мекенжайлар бойынша;
Қарыз алушы мен банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін қанағаттандыру туралы келісімге қол жеткізу мақсатында банк пен қарыз алушы жеке тұлға арасында жасалған ипотекалық қарыз шартынан туындайтын келіспеушіліктерді реттеуді жүзеге асыратын банк омбудсманына
Банк омбудсманының деректемелері:
050000, Алматы қ., Н. Назарбаев даңғ., 175, 302-офис
Телефондар: +7 (727) 261-22-16, +7 (727) 983-30-16, +7 (708) 983-30-16,
Тел/факс: 7(727) 2500 344
е-mail: office@bank-ombudsman.kz
Сайт: www.bank-ombudsman.kz
[1] Микроқаржы ұйымдары
[2] Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексі
[3] «Микроқаржы ұйымдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңы
[4] «Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін есептеу кезінде ескерілетін, жеке тұлғаға берілген банктік қарыз және микрокредит беруге және оларға қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдердің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 30 мамырдағы № 134 қаулысы
[5] «Сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесінің шекті мөлшерін бекіту туралы» ҚР ҰБ Басқармасының 2012 жылғы 24 желтоқсандағы № 377 қаулысы