Банк қандай жағдайларда картаны бұғаттай алады?

Банк қандай жағдайларда картаны бұғаттай алады?

Картаны бұғаттау дегеніміз не?

Қазақстан заңнамасының шеңберінде «бұғаттау» деген ұғым төлем карточкаларына қатысты ғана қолданылатынынан бастайық. Бұғаттау деп төлем карточкасын пайдалана отырып операцияларды жүзеге асыруға, оның ішінде тауарларға ақы төлеуге, ақша аударымдарына және қолма-қол ақшаны алуға тыйым салу түсініледі.

Айтпақшы, еліміздің заңнамасында «карточкалық шот» деген жеке түсінік жоқ, ал төлем карточкасы оны ұстаушының қарапайым банктік шотына қол жеткізуге мүмкіндік беретін құрал болып табылады.

Банк қандай жағдайларда картаны бұғаттай алады?

Егер қате ПИН-код бірнеше рет енгізілсе

Кейбір банктерде банкоматқа ПИН-кодты 3 рет, кейбірінде 5 рет қате енгізілсе болды, карта автоматты түрде бұғатталады. Банктер әдетте клиенттерге бұл туралы хабарлайды және қосымша ақпарат алу үшін өздерінің байланыс орталығына хабарласуға кеңес береді.

Карта қанша уақытқа бұғатталады? Бұғаттау мерзімі құрылғының түріне байланысты. Картаны банкомат ұстап қалған жағдайда, оны тиесілі банк бөлімшесінен алуға болады. Кейбір жағдайларда картаны қайта шығару қажет болуы мүмкін. Егер мобильді қосымша арқылы бұғатталса, жеке басын тексергеннен немесе PIN-код жіберілгеннен кейін бұғаттан босатылады.

Не істеу керек? ПИН-кодты енгізу есептегішін нөлге келтіру керек. Мұны банктің мобильді қосымшасында «Теңшеу» бөлімінде жасауға немесе банктің сall-орталығына немесе бөлімшесіне хабарласуға болады.

Егер банк үшін транзакция күмәнді болып көрінсе

Қазақстанның банктерінде күдікті транзакцияларға ерекше көңіл аударылады. Қолма-қол ақшасыз төлемдердің өсуімен қаржылық алаяқтықтың да саны артып келеді. Сондықтан банктер карточкамен жүргізілетін алаяқтық операциялардың алдын алу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Егер банктің пікірінше, операция күмәнді болып көрінсе, банк оны болдырмай тастап, карточкамен жүргізілетін транзакциялардың жекелеген түрлеріне жүйелік шектеулер қоя алады. Нәтижесінде карточка мен ол байланыстырылған банктік шот бұғатталады. Содан кейін банк картаны шығару туралы шартта келісілген тәсілмен: SMS, электрондық пошта немесе телефон нөмірі арқылы клиентке хабарласады.

Карта қанша уақытқа бұғатталады? Әдетте, карта мән-жәй анықталғанға дейін бұғатталады. Ішкі тексеруге және клиентпен өзара іс-қимылға байланысты бірнеше күннен бірнеше аптаға дейін созылуы мүмкін.

Не істеу керек? Барлық мән-жайды анықтау үшін ең дұрысы – банкіңіздің ең жақын бөлімшесіне бару немесе байланыс орталығына хабарласу. Егер операция заңды болса, банк сізге жіберілген қосымша код арқылы операцияны растауды, өзіңіздің келуіңізді немесе тіпті растайтын құжаттарды сұрай алады. 

Егер банк КЖ/ТҚҚ туралы заңның ықтимал бұзылу белгілерін байқаса

Бұл жерде біз «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңы туралы айтып отырмыз. Банк, егер операцияны күдікті деп санаса, атап айтқанда, оны жасау үшін пайдаланылатын ақша қылмыстық қызметтен түсетін табыс болып табылады, не операцияның өзі, мысалы, терроризмді немесе өзге де қылмыстық қызметті қаржыландыруға бағытталған деп санаса, карточка мен шотты бұғаттайды. Банктерде өздері басшылыққа алатын осындай операциялардың өз тізбесі бар.

Карта қанша уақытқа бұғатталады? Картаны банктің ішкі тексерісі аяқталғанға дейін бұғаттауға болады: әдетте 3-тен 30 жұмыс күніне дейін. Егер іс құқық қорғау органдарына берілсе, онда белгісіз мерзімге бұғатталады.

Не істеу керек? Мән-жайды анықтау үшін банкке жүгіну керек, себебі сіз КЖ/ТҚҚ туралы заңды бұзатын клиенттердің «қара тізіміне» түсесіз, яғни сізге тәуекелдердің қауіпті деңгейі беріледі. Банкке қандай төлем жасағаныңыз және не үшін жасағаныңыз туралы түсініктеме беріңіз. 

Тағы қандай жағдайларда банк карта мен шотты бұғаттай алады?

Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген бірқатар жағдайларда банк клиенттің шотына қолжетімділікті уақытша шектеуге және төлем картасын бұғаттауға құқылы. Мұндай әрекеттер клиенттің немесе банктің бастамасымен де, мемлекеттік органдар талаптарының салдары да болуы мүмкін.

Қолданыстағы нормаларға сәйкес эмитент (картаны шығарған банк) төлем карточкасын:

сот шешімімен;

сот орындаушысының қаулысы негізінде;

алимент, салық, айыппұлдар немесе үшінші тұлғалар алдындағы міндеттемелер бойынша қарыздар болған кезде бұғаттай алады.

Банк мұндай өкімдерді заңнама шеңберінде орындауға міндетті.

Карта қанша уақытқа бұғатталады? Міндеттемелер орындалғанға дейін немесе негіз болған шешімнің күші жойылғанға дейін. Мысалы: егер карта сот орындаушысының қаулысы бойынша бұғатталған болса, онда берешек өтелгеннен кейін немесе сот немесе орындаушы бұғаттан босатқаннан кейін ғана бұғаттан босатуға болады. Салық берешегі болған жағдайда оны төлегеннен кейін және Мемлекеттік кірістер комитетін хабардар еткеннен кейін бұғаттан босатуға болады.

Жалақы картасы бұғатталуы мүмкін бе?

Иә, себебі ол әдеттегі төлем карточкасымен бірдей. Осыған байланысты жалақыға арналған төлем карточкасын бұғаттау оны шығару туралы шартта белгіленген төлем карточкасын бұғаттау талаптарына сәйкес жүзеге асырылуы мүмкін.           Нені бұғаттауға болмайды?

Арнайы шоттар бұғаттаудан, тыйым салудан және есептен шығарудан қорғалған. Бұл:

мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер алуға;

алимент есептеуге;

мүгедектігі бойынша төлемдерге, бала туған кездегі біржолғы жәрдемақыларға және басқа да әлеуметтік трансферттер алуға;

білім беру жинақтау салымдарында қаражатты сақтауға арналған шоттар;

жылжымайтын мүлікті сатып алуға қаражат жинауға арналған тұрғын үй жинақ шоттары.

Мұндай арнайы шоттарға тыйым салуға, инкассалық тапсырмалар бойынша қаражатты есептен шығаруға, сондай-ақ банктер мен басқа ұйымдардың талаптары бойынша өндіріп алуға жол берілмейді. Егер сіз мемлекеттен төлемдер алатын болсаңыз, алдын-ала арнайы шот ашып, бұл туралы тиісті органдарға хабарлауға кеңес береміз. Бұл әлеуметтік қаражатты ықтимал бұғаттаудан қорғауға мүмкіндік береді.

Банктердің барлық клиенті төлем карточкасының неге «бұғатталғаны» не банк шоты бойынша шығыс операцияларын тоқтатыла тұрғаны туралы түсініктеме алуға құқылы. Ол үшін сіз өзіңіздің қаржы институтыңызға жүгінуіңіз керек, ал банктің іс-әрекеттерінің заңдылығына күмән туындаған жағдайда, қаржылық қызметтерді тұтынушылар өз құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгіне алады.  

Назар аударыңыз! Картаны ешкімге бермеңіз! 

Естеріңізге сала кетейік, соңғы уақытта банктік карта алаяқтық жолмен алынған қаражатты аудару үшін пайдаланылатын дропперлік жағдайлары жиілеп кетті. Мұндай операциялар туралы толығырақ Fingramota.kz сайтынан оқи аласыз. Картаңызды немесе шотыңызды ешкімге бермеңіз немесе аударым жасамаңыз, тіпті уәде етілген сыйақы үшін де қолма-қол ақша алмаңыз.

Тіпті дропперлікке қатысқаныңыз үшін де сіз қылмыстық істің  қатысушысы боласыз және картаңыз бен шотыңыз арқылы алынған қаражатты өтеуге міндетті боласыз.

Сонымен бірге сізге банктен картаңыз бұғатталып, оны бұғаттан босату үшін сілтемеге шұғыл өту керек деген хабарлама да келуі мүмкін. Өзін «банк қызметкері» деп таныстырған  бейтаныс адам қоңырау шалып, алаяқтық шабуылдарға байланысты картаны бұғаттау қажеттігін хабарлайды, сол арқылы психологиялық қысым көрсетіп, картаның сырт жағындағы үш таңбалы кодты, сондай-ақ SMS арқылы келген кодты хабарлауды өтінеді. Сенбеңіз – бұл алаяқтар! Олар бұрыннан банктер мен басқа ұйымдардың ресми нөмірлерін қолдан жасауды үйренген. Абайсызда әрекет жасамау үшін банкіңіздің Call-орталығына өзіңіз қоңырау шалып, сіздің картаңыз бен шоттарыңызда бәрі дұрыс екеніне көз жеткізіңіз. Оларға қаскүнемдердің сізге жасаған шабуылдары туралы айтуды ұмытпаңыз.

Қаржылық сауаттылығыңызды Fingramota.kz-пен бірге арттырыңыз!

Соңғы жаңалықтар

Валюталардың ресми (нарықтық) бағамдары

Теңгенің шетел валюталарына ресми (нарықтық) бағамдары туралы ақпарат

Валюталардың ресми (нарықтық) бағамдары

Теңгенің шетел валюталарына ресми (нарықтық) бағамдары туралы ақпарат

Банк қандай жағдайларда картаны бұғаттай алады?

Егер картаңыз бұғатталса, не істеу керек? Қандай жағдайларда банк мұны істеуге құқылы және не істеу керек - толығырақ Fingramota.kz-пен бірге қарастырайық.

Назар аударыңыз! Жіберілетін жауаптар ақпараттық-түсіндіру сипатында және ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми жауаптары болып табылмайды. Қосымшада жаңалықтар жолағы және сілтемелер бар, бұл халықтың қаржы саласындағы соңғы жаңалықтардан мен маңызды оқиғалардан хабардар болуына мүмкіндік береді.

 

© Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, 2020

finreg.kz