«Бузгул Аурум» ЖШС облигацияларымен мәміле туралы шешімді БЖЗҚ дербес операциялық қызметі шеңберінде БЖЗҚ инвестициялық комитеті алқалы түрде қабылдаған инвестициялық шешім негізінде қабылданды. Бұл туралы брифинг барысында «БЖЗҚ» АҚ Директорлар кеңесінің Төрағасы Дина Ғалиева хабарлады.
Оның айтуынша, «БЖЗҚ дербес заңды тұлға болып табылады, оның кез келген кәсіпкерлік қызмет субъектісі ретінде мүлікті меншіктеу құқығы бар және өз атынан мүліктік және мүліктік емес құқықтар мен міндеттерді сатып алады және жүзеге асырады». Осылайша, БЖЗҚ меншікті мүлкіне қатысты инвестициялық шешімдер қабылдауды, егер ол Қазақстан Республикасының заңдарында тікелей көзделмесе, мемлекеттік органдар тарапынан қандай да болсын рұқсаттар алмастан дербес жүзеге асырады.
«Акционерлік қоғамдар туралы заңға сәйкес директорлар кеңесі, егер қоғамның жарғысында өзгеше көзделмесе, көлемі қоғам активтерінің баланстық құнының жалпы мөлшерінің 25 және одан көп пайызын құрайтын мәмілелер бойынша шешім қабылдайды», - деді «БЖЗҚ» АҚ Директорлар кеңесінің Төрағасы.
«Бузгул Аурум» ЖШС-тің облигацияларымен мәміленің көлемі БЖЗҚ меншікті активтерінің 5,1 пайызын (2016 жылғы 1 қазанда 97,7 млрд.) құрайтындқтан ол ірі мәмілелердің тізбесіне жатпайды», - деп қорытындылады Д. Ғалиева.
«Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес зейнетақы активтерi - зейнетақы төлемдерiн, аударымдарын қамтамасыз етуге және жүзеге асыруға, сондай-ақ Заңда көзделген өзге де мақсаттарға арналған ақша, бағалы қағаздар, өзге де қаржы құралдары екендігін атап өткен жөн.
Ұлттық Банк зейнетақы активтерін ҚР Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңес мақұлдаған бағыттар бойынша тізбесін ҚР Үкіметі бекіткен қаржы құралдарына инвестициялауды жүзеге асырады. Зейнетақы активтері Ұлттық Банктегі шоттарда сақталады және есептеледі.