Ұлттық Банк «Банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды, Ақпараттық жүйелердегі бұзушылықтар, іркілістер туралы мәліметтерді қоса алғанда, ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғалары туралы ақпаратты беру қағидалары мен мерзімдерін бекіту туралы» Ұлттық Банк Басқармасының 2018 жылғы 27 наурыздағы № 48 қаулысының (бұдан әрі – Қаулы) қабылданғаны туралы хабарлайды.
Қаулы «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» 1995 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына, «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды белгілейді.
Атап айтқанда, Қаулы банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың ақпараттық қауіпсіздігінің деңгейін арттыруға, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғаларына ден қою тиімділігін арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар Қаулымен «Екінші деңгейдегі банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың ақпарат жүйелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2001 жылғы 31 наурыздағы № 80 қаулысының күші жойылды деп танылады.
Қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 18 сәуірде № 16772 болып тіркелді.
Қаулының толық мәтінімен Ұлттық Банктің ресми Интернет-ресурсында «Нормативтік құқықтық база» бөлімінде танысуға болады.