2017 жылғы маусымда инфляция айлық көрсеткіш бойынша 0,4% болды, бірінші жартыжылдықта инфляция 3,7%-ды құрады және өткен жылдың осындай кезеңіндегі көрсеткіштен (4,6%) төмен күйде қалды.
Жылдық инфляция алдыңғы екі айдағыдай 7,5% деңгейінде сақталды. Инфляциялық аяның сақталуы азық-түліктің кейбір түрлері (көкөніс, ет-сүт өнімдері) бағасының жоғары өсуімен салыстырғанда ұсыныс факторлары тарапынан болған жағымсыз әсермен байланысты болды.
Құбылмалы факторлардың әсерін болдыртпайтын базалық инфляция[1] көрсеткіші маусымда жалпы инфляциямен салыстырғанда айтарлықтай төмен деңгейде қалыптасып қана қоймай, соңғы 12 айда 6,9%-дан 6,8%-ға дейін төмендеуін жалғастырды.
Маусымда халық арасында жүргізілген инфляцияны қабылдау жөніндегі пікіртерім халық бағалайтын бағаның нақты, сол сияқты болашақта да өсуінің салыстырмалы түрде тұрақты болатынын көрсетіп отыр. Жауаптарды қандай да бір жаққа қарай бөлуде аздаған ауытқу бар.
Халықтың бағаның өсуін бағалауы соңғы 12 айда төмендеді. Бағалардың өсуіне жоғары баға берген пікіртерімге қатысушылар үлесі мамырдағы 57,3%-дан 55,1%-ға дейін азайды, сонымен қатар тұтыну бағаларының өзгермегенін не баяулау серпінін атап өткен пікіртерімге қатысушылар үлесі 36,0%-дан 36,5%-ға дейін артты. Өткен пікіртеріммен салыстырғанда бағаның келесі 12 бұдан да жылдам немесе осы кездегідей өсуін болжайтын халықтың үлесі 53,3%-дан 51,4%-ға дейін азайды.
Келесі айда қалыпты баға серпінін пікіртерімге қатысқандардың шамамен 2/3 күтеді (ағымдағы жылы бұл үлес 65-71% аралығында ауытқиды).
2017 жылғы маусымда «Сіздің пікіріңізше, жалпы алғанда бағалар келесі 12 айда қалай өзгереді?» деген сұраққа берілген жауаптардың деректері бойынша инфляцияның бір жыл алға арналған сандық бағасы 6,4%-ды құрады. Ағымдағы жылы инфляцияның бір жыл алға берілген бағасы 5,9-6,6% шегінде болды және 2018 жылға арналған нысаналы дәліз шегінде (5-7%) болуын жалғастыруда. Бұл халықтың инфляциялық күтулерінің төмен деңгейде екенін көрсетеді.
[1] жеміс-жидек пен көкөніс, тұрғын үй-коммуналдық қызметтер, темір жол көлігі, байланыс, бензин, дизель отыны және көмір бағаларын есептемегенде