2017 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша банк секторының несие портфелі (негізгі борышы) 15 287,6 млрд. теңгені құрады. Мерзімі өткен берешегімен қарыздар несие портфелінің 17,7%-ын немесе 2 700,5 млрд. теңгені құрады, бұл ретте төлеу мерзімі 90 күннен астам (NPL) кешіктірілген заемдар 8% немесе 1 222,3 млрд. теңгені құрады. Салыстыру үшін – 2014 жылғы 1 мамырда NPL ең жоғары үлесі несие портфелінің 33,7%-ын құрады. Бұл жөнінде бүгін Алматы қаласында БАҚ-қа арналған брифинг барысында ҚРҰБ Төрағасының орынбасары Олег Смоляков ҚР Ұлттық Банкі әзірлеген Банк секторының қаржылық орнықтылығын арттыру бағдарламасын ұсына отырып хабарлады.
Бағдарламада айтылғандай, банк жүйесіндегі кредиттік тәуекелдің өсуіне мыналар ықпал етеді: банктердің мүлік және болашақта түсетін ақша түріндегі кепілмен қамтамасыз ету; үлестес компаниялардың сақтандыру шарттары; жеке тұлғалар мен шағын кәсіпорындардың кепілдіктері сапасының төмендігі. Жекелеген банктердегі заттай емес кепілі мен қарыздардың үлесі олардың несие портфелінің 80%-нан асады.
О. Смоляков жекелеген банктер заң тұрғысынан қарағанда, банктің акционерлерімен немесе лауазымды тұлғаларымен тікелей байланысының көріністері жоқ, алайда жанама байланысы бар тұлғаларға жеңілдікпен қарыз беру кеңінен іс жүзінде қолданылатынын айтты. Осындай қарыздардың қайтарылуы тәуекелді. Жоғарыда аталған проблемаларды шешуді тоқтата тұру және анағұрлым кейінге қалдыру банк секторындағы жүйелі тәуекелдердің айтарлықтай өсуіне әкелетіндігі алдыңғы жылдары байқалған.
«Мұндай тәжірибелер банктер менеджментінің де, аудиторлар мен бағалаушылардың да ұсынылатын есептіліктің сапасына бақылау жасау жұмысындағы олқылықтарына байланысты көптеген институционалдық кемшіліктер салдарынан қолданылды», - деді О. Смоляков. Атап айтқанда – шұғыл бақылау және тәуекелге бағдарланған қадағалауды қолдану жөніндегі талаптарды заңнамалық деңгейде бекіту арқылы Ұлттық Банктің реттеушілік-қадағалаушылық мандатын күшейту. Оның ішінде реттеушіге проблемалық банктерге қатысты оның активтерінің сапасы және талап етіліп отырған провизиялар туралы дәлелді талқылауға құқықты қоса алғанда, шешімдер қабылдау үшін тиісті құралдар беру. Сондай-ақ проблемалық банктерді өзінің қалауы бойынша қайта құрылымдау әдістерін қолдану құқығы. «Тек осындай жағдайда ғана, мемлекетке ең аз мөлшерде залал келтіре отырып дәрменсіз банктерді дереу реттеуге болады», – деп сөзін түйіндеді Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары.