«Пирамида құрушылардың» жаңа схемалары: шынайы кейстер

«Пирамида құрушылардың» жаңа схемалары: шынайы кейстер

Заманауи схемалардың қандай болатыны және олардың құрбаны болмас үшін не істеу керектігі жөнінде Fingramota.kz-пен қарастырып көрелік. 

Трейлерлер көру жөніндегі компаниялар  

Қаржы пирамидаларын ұйымдастырушылардың соңғы ойлап шығарған схемаларының бірі ағымдағы жылдың сәуір айында Алматы қаласында анықталды. Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметі бойынша, Warner Bros, Roborock және NET+TRX деп аталатын компаниялар салымшыларды «трейлер көруден жоғары пайда аласың» деген сылтаумен жобаларға инвестиция салуға шақырды.

Жоба тоғыз деңгейден тұрды, салымның орташа сомасы - 225 мың теңге, төлем тек USDT криптовалютасында қабылданған. Warner Bros компаниясында салымшылар арнайы қосымшаға тіркеліп, криптовалюта үшін трейлерлер көруге мүмкіндік алады және трейлерлерді көргені үшін, сондай-ақ жаңа салымшыларды шақырғаны үшін есептелетін сыйақы алды-мыс. Алайда, іс жүзінде олар ақшаларынан айырылып қалған. Қазір тергеу жұмыстары жүріп жатыр, сол себепті зардап шеккендер саны мен шығынның мөлшері жөнінде нақты деректер жоқ, бірақ соттың санкциясымен 3,8 миллион USDT крипто активтеріне тыйым салынғаны белгілі.

Криптовалюталық пирамидалар 

Қазақстандықтардың басым көпшілігі үшін криптовалюта - әлі күнге дейін жеткілікті зерттелмеген қаржы құралы, ол планетаның Илон Маск сияқты ең бай адамдары пайдаланатын «сиқырлы валюта» болып көрінеді. Бұл жөнінде сауаттың жетіспеуін қаржы пирамидаларын ұйымдастырушылар белсенді қолданады.

Алаяқтар өз құрбандарына жаңа криптовалюталарға инвестиция құюдан жоғары табысқа кенелуге уәде береді немесе «бірегей» майнинг фермаларын ұсынады. Ең бастысы салымшыларды құрықтарына бір іліп алып, алғашқы уақытта олардың сенімдеріне кіру, жаңа қаражат алу және аңғал азаматтарды жаңа инвесторлар әкелуге көндіру үшін оларға аз мөлшерде ақша төлеп отырады. Іс жүзінде ешқандай криптовалюта немесе ферма атымен жоқ: алаяқтар валютаның қозғалысы мен пайданың өсуін көрсететін жалған анимациялық сайттар жасайды, ал шын мәнінде ақша әлдеқашан алаяқтардың қалтасына кеткен.

Мысалы, Қазақстанда 2019-2021 жылдар аралығында Finiko қаржы пирамидасы белсенді жұмыс істеді. Ол инвестициялық өнімдер ұсынып, айына 20-30% кіріске уәде берді. Бұл ретте салымшылар компанияның ішкі валютасын биткоиндер немесе Tether токендері үшін сатып алуға тиіс болған. Тергеу көрсеткендей, Finiko -ның 12 салымшысы 42 млн теңгеден айырылды.

«Жасыл» инвестициялық пирамидалар 

Қазіргі уақытта өзекті болып отырған экожобалардың және халықтың қоршаған орта жағдайына алаңдаушылығы күн тәртібінен түспей тұрғанда алаяқтар «жасыл» немесе «экологиялық» қаржы пирамидаларын құра бастады. Әдетте, қаскүнемдер ақшаны күн панельдері, қоқыстарды қайта өңдеу, отынның жаңа түрлері сияқты «экологиялық жобаларға» салуды ұсынады. Экологияға жанашырлық үрдісін пайдаланып, олар жобаларды заңды және маңызды етіп көрсетеді, ал іс жүзінде олар қаржы пирамидасының классикаға айналған  схемасы арқылы іс-әрекет жасайды:  сол баяғыша жоғары кіріске уәде беру, жаңа қатысушыларды тартуды талап ету және соңында дивидендтер төлеуді тоқтату. 

Мысалы, екі жыл бұрын Қазақстанда «жасыл экономикамен» айналысқан компанияның әлеуетті инвесторларына жылдық 3 000% уәде берген алаяқтар әрекет еткен. Ұйымдастырушылар компания күн электр станцияларында электр энергиясын өндіреді деп сендірді. Жәбірленушілерге әрбір жаңа салымшымен қалаған кірісін алу мүмкіндігі артады деп уәде етілді. Нәтижесінде, алаяқтар 259 млн теңгеге 3 000 қазақстандық азаматты алдады.

Жабық инвестициялық қоғамдастықтар 

Элиталық және қолжетімді емес қоғамға тиесілі болу, әдетте, қарапайым адамдарды қызықтырады, сондықтан алаяқтар алаяқтықтың тағы бір түрін – жабық «инвестициялық клубтарды» немесе «бизнес-қоғамдастықтарды» сәтті игерді. Бірақ олар стандартты пирамида схемасы бойынша жұмыс істейді, тек маркетинг қана өзгереді. 

Бастапқыда әлеуетті салымшыларға олардың төлемдері толығымен шақырылған достар мен таныстардың санына байланысты екенін айтады, кейіннен бәрібір компанияның элиталық екенін баса айтады. Салымшыларды ынталандыру үшін ұйымдастырушылар «қоғамдастыққа», «командаға», «миссияға» бағытталған тренингтер, шеберлік кластарын және кездесулер өткізеді, бірақ қатысушылардың салымдары қандай өнімге жұмсалатынын нақты айтпайды. 

Мысалы, Көкшетауда «Миллионерлер клубы» қаржы пирамидасы жұмыс істеді, оның мүшелік жарнасы 100 мың теңгені құрады. Ұйымдастырушылар бір айдан кейін салымшылар бірнеше есе көп алады деп уәде берді, бірақ олардың ешқайсысы ешқашан байыған жоқ. Тергеу кезінде фирманың шоттарында 3000-нан астам зардап шеккен салымшылардан 41 млн теңге табылды. Ал тергеушілер айтқандай, жалпы шығын 600 млн теңгені құрады.

Букмекерлік пирамидалар және жасырын онлайн-казино

Заманауи қаржы пирамидалары букмекерлік кеңселер ретінде жасырынып, клиенттерді кепілдендірілген ұтыстар туралы уәделермен белсенді түрде қызықтырады. Лицензиясы бар және әр ставка бойынша кассалық немесе электронды чектер мен купондар беретін ресми букмекерлерден айырмашылығы, алаяқтық схемалар лицензиясыз жұмыс істейді және көп жағдайда мессенджерлер арқылы жалған чектер жібереді. 

Сонымен қатар, мұндай «букмекерлік» пирамидаларды ұйымдастырушылар «серіктестік бағдарламалар» деп аталатын бағдарламаларды белсенді түрде енгізуде. Қатысушыларға кіріс ставкаларды ұтып алудан емес, жаңа клиенттерді тартудан уәде етіледі. Қатысу үшін белгілі бір соманы салып, кем дегенде екі жаңа клиентті әкелу керек. Тартылған әрбір қатысушы үшін дивидендтер уәде етіледі, бұл іс жүзінде жаңа салымдар арқылы қаржы пирамидасын дамытудың классикалық схемасы болып табылады.

Сондай-ақ, букмекерлік кеңселер алаңында заңсыз онлайн-казинолар жиі жұмыс істейді – бұл «Ойын бизнесі туралы» заңды тікелей бұзу екенін атап өткен жөн. Қазақстанда электронды казино мен интернет-казино қызметіне тыйым салынады. Осыған қарамастан, Алматыда Parimatch, Triumph, «Фаворит» және PROFITBetting букмекерлік кеңселерінің басшылары заңды бизнеспен қатар өз мекемелерінің қабырғаларында жасырын онлайн-казино ұйымдастырды.

Қаржы пирамидаларының құрбаны болмаудың жолдары 

Лицензияларды және алаяқтық белгілерінің болуын тексеріңіз – мұны үш жолмен жасауға болады:

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми сайтында -> «Жосықсыз қызмет белгілері бар ұйымдардың тізімі»;

Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми сайтында -> «Қызметі қаржы пирамидасы ретінде күдікті деп танылған, сондай-ақ сот үкімдері шығарылған ұйымдардың кеңейтілген тізбесі»;

ҚМА Baiqa, piramida жеделхат-ботының көмегімен. 

Құр уәдеге сенбеңіз: егер олар «кепілдікпен жоғары (айына 20-30%) және қандай да бір тәуекелсіз кірісті уәде етсе – бұл пирамиданың айқын белгісі. Нақты инвестицияларда кіріс әрқашан тәуекелмен байланысты және жауапты компаниялар бұл туралы үнемі ескертіп отырады.

Табыс моделін талдаңыз – нақты және жауапты бизнес ауадан немесе басқа қатысушылардың салымдарынан емес, тауарларды немесе көрсетілетін қызметтерді сатудан пайда табады. Егер сізге тек жаңа мүшелерді тартқаныңыз үшін ақша төленсе, бұл – пирамида.

Компанияның беделін зерделеңіз: тәуелсіз пікірлерді іздеңіз, БАҚ-тағы, мемлекеттік органдардың сайттарындағы және кәсіби қауымдастықтардағы ақпаратты тексеріңіз.

Ешқашан жоғалтуға дайын емес ақшаны инвестицияламаңыз. Сондықтан да инвестициялық схемаларға қатысу үшін мүлік кепілінен немесе кредиттен аулақ болыңыз.

Мессенджерлер арқылы «жылдам тіркеуден» аулақ болыңыз, себебі шынайы инвестициялық компаниялар чаттар мен бейресми топтар емес, қорғалған платформалар арқылы жұмыс істейді.

Шартты мұқият зерделеуді ұмытпаңыз: онда шарт талаптары, кірістер, форс-мажор жағдайлары және т.б. нақты жазылуы керек. Қауіпсіздігіңізге және қаражатыңыздың қорғалуына толық сенімді болу үшін заңгер тартыңыз. Әдетте, алаяқтар ауызша келісімдер немесе бейресми келісімдер жасағанды жөн көреді.

«Жаңа қатысушылар үшін жеңілдік бір күнге ғана жарамды», «Орындар қалмай барады» және т.б. сияқты сөздерге сенбеңіз. Сізге жасалған қандай да бір қысым күдік туындатуы керек – жауапты компаниялар мұны ешқашан жасамайды және шешім қабылдау үшін ойлануға және тәуекелдерді саралауға уақыт береді.

Есіңізде болсын, кез-келген қаржы пирамидасының күні санаулы және уәде етілген жоғары кірістің орнына бүкіл инвестицияңызды бірден жоғалтасыз.

Өзіңізге сақ, қаражатыңызға қырағы болыңыз және қаржылық сауаттылығыңызды Fingramota.kz-пен бірге арттырыңыз!

Соңғы жаңалықтар

«Пирамида құрушылардың» жаңа схемалары: шынайы кейстер

Жыл сайын қаржы пирамидаларын ұйымдастырушылар халықты алдаудың жаңа тәсілдерін ойлап табуда. Олар заманауи технологияларды белсенді пайдаланып, өздерін әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жарнамалаудан жалықпай, инвестициялық жобалардың, стартаптардың, тіпті жабық қоғамдардың атын бүркемеленіп ойларын іске асырып бағуда.

Валюталардың ресми (нарықтық) бағамдары

Теңгенің шетел валюталарына ресми (нарықтық) бағамдары туралы ақпарат

Валюталардың ресми (нарықтық) бағамдары

Теңгенің шетел валюталарына ресми (нарықтық) бағамдары туралы ақпарат

Назар аударыңыз! Жіберілетін жауаптар ақпараттық-түсіндіру сипатында және ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми жауаптары болып табылмайды. Қосымшада жаңалықтар жолағы және сілтемелер бар, бұл халықтың қаржы саласындағы соңғы жаңалықтардан мен маңызды оқиғалардан хабардар болуына мүмкіндік береді.

 

© Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, 2020

finreg.kz