Цифрлық қақпан: алаяқтардың құрығына түсіп қалмаңыз

Цифрлық қақпан: алаяқтардың құрығына түсіп қалмаңыз

Фишингтік шабуылдар 

Фишинг —  цифрлық алаяқтықтың кеңінен таралған схемаларының бірі. Бұл әдіс қаржылық технологиялар саласында да белсенді қолданылады. Фишинг дегеніміз: қаскүнемдер жалған хабарламалардың көмегімен  пайдаланушылардың құпия ақпаратын: логиндер, құпиясөздер, банк карталарының деректерін қолға түсіруге тырысады. Көп жағдайда фишингтік шабуыл «банктен» немесе «қаржы технолоиялық қосымшадан» келетін жедел хат немесе мессенджердегі, мысалы: «Сіздің шотыңыз бұғатталды, шұғыл түрде сілтемеге өтіп, деректерді растаңыз» деген хабарлама сияқты болады. Өту кезінде пайдаланушы ресми сайтқа емес, сырттай қарағанда шынайы  интерфейс сияқты болып көрінетін  жалған параққа түседі. Енгізілген деректер бірден алаяқтардың қолына түседі, содан кейін аккаунттан ақша ұрлануы мүмкін.

Өзіңізді қалай қорғауға болады? Ешқашан күдікті сілтемелерге өтпеңіз, әсіресе, хабарлама қорқыныш тудыратын немесе жедел әрекет етуді талап ететін болса. Сайттың мекен-жайын тексеріңіз — тіпті домендегі символдардың бір қате болса (мысалы, “i” орнына “l”) бұл оның жалған  екенін білдіреді. Әрқашан барлық онлайн-сервистерде екі факторлы аутентификацияны қолданыңыз: бұл сіздің аккаунттарыңызға кіруді бірталай қиындатады. Сондай-ақ, вирусқа қарсы бағдарламалық қамтылымды, әсіресе, құрылғыңыздың  қауіпсіздігіне күмәндансаңыз, үнемі жаңартып және құпиясөздерді өзгертіп отырыңыз. Сақ болыңыз және есіңізде болсын: бір де бір  банк немесе мемлекеттік орган мессенджерлер немесе SMS арқылы конфиденциалды деректерді сұрамайды.

Жалған  инвестициялық платформалар 

Заманауи қаржылық технологиялар инвестицияларды кең аудиторияға қол жетімді етті. Алайда, салымдарға қызығушылықтың артуымен бірге алаяқтар да белсене түсуде. Алдаудың танымал тәсілдерінің бірі —  жалған инвестициялық платформалар.

Қаскүнемдер шынайы қаржылық сервистерге ұқсайтын сайттар жасайды және айына 30% немесе одан да көп кепілді жоғары кіріс әкелетін «бірегей инвестициялық өнімдерге» инвестиция құюды ұсынады Азаматтардың сеніміне кіру үшін олар жалған кірістер кестесін, пікірлер  жариялайды және табысты қызметтің көрінісін жасайды. Кейбір кезде тіпті  инвесторға «дивидендтер» есептеледі — бұл оның ары қарай ақша құюды тоқтатпауы үшін жасалады. Біраз уақыттан кейін платформа жоғалып кетеді және онымен бірге инвестиция да ғайып болады. 

Өзіңізді қалай қорғауға болады? Инвестициялық компанияның лицензиясын тексеріңіз – ақпарат реттеушілердің ресми сайттарында қолжетімді болуға тиіс. Сонымен бірге тәуелсіз платформалар мен форумдардағы пікірлерді зерделеу қажет. Сақ болыңыз: жалған пікір қалдырудың өзі – алаяқтар арасында кең таралған тәжірибе, сондықтан артық пайда туралы уәдесі бар жобаларға сенбеңіз. Сенімді компаниялар әрқашан қаржы нарықтарының тәуекелдері мен тұрақсыздығы туралы ескертеді. Есіңізде болсын: егер ұсыныс шынайы болу үшін тым тартымды болып көрінсе, бұл алдау болуы ықтимал.

P2P-платформалары арқылы алаяқтық

Пайдаланушылар арасындағы тікелей аударым платформалары (P2P) күнделікті қаржылық операцияларды едәуір жеңілдетті. Алайда, көптеген ыңғайлы технологиялар сияқты, олар алаяқтардың құралына айналды. Кең таралған схемалардың бірі: алаяқ сізден өнімді сатып алады-мыс – мысалы,  хабарландырулар сайтында орналастырылған телефон. Ол жалған чек немесе аударым скриншотын жібереді және тауардың жөнелтілуін күтпестен «қатеге» сілтеме жасай отырып немесе «өз ойымды өзгерттім» деп айтып, ақшасын қайтаруды талап етеді. Басқа нұсқада алаяқ ақшаны PayPal, Cash App немесе соған ұқсас танымал сервистер арқылы аударады. Тауарды алғаннан кейін ол қолдау қызметіне жүгініп, ештеңе алмағанын мәлімдейді. Нәтижесінде, сервис қаражатты «сатып алушыға» қайтарады, ал сатушы ақшасыз және тауарсыз қалады.

Өзіңізді қалай қорғауға болады? Әрқашан шотқа қаражаттың нақты түсуін тексеріңіз – скриншоттар мен ауызша растауларға сенбеңіз. Аударым расталғанға дейін тауарды ешқашан жібермеңіз, түпнұсқа төлем сіздің аккаунтыңызда немесе үзінді-көшірмеңізде тіркелуі керек. Сондай-ақ эскроу сервисі бар платформаларды пайдаланыңыз. Бұл екі тарап мәміле талаптарының орындалғанын растағанға дейін ақшаны ұстайтын арнайы тетік. Қырағы болу және әрбір қадамды тексеру – бұл сіздің P2P-транзакция әлеміндегі алаяқтардан сенімді қорғауыңыз.

Deepfake және биометриялық деректер пайдаланылатын алаяқтық

Deep fake сияқты заманауи технологиялар адамның сыртқы келбеті мен дауысын дәл көшіруге мүмкіндік береді, бұл қауіпсіздікке үлкен қауіп төндіреді. Қазақстанда алаяқтар жалған бейне және аудио арқылы белгілі блогерлердің атынан жалған хабарландырулар таратып, жоқ инвестициялар мен «тиімді» акцияларды жарнамалаған жағдайлар тіркелді. 

Алаяқтар дипфейк жасау үшін жәбірленушінің дауысын пайдаланған кезде алаяқтық схемалар одан да қауіпті болуы мүмкін. Бұл үшін аудио материалды алу оңай – әлеуметтік желілердегі стористен, сұхбаттардан бейне жазбалар жеткілікті. Содан кейін жалған дауыс жасалады және алаяқтар жәбірленушінің достарына, туыстарына немесе әріптестеріне шұғыл түрде ақша аударуды сұрайды. Мысалы, компания басшысы қызметкерге қоңырау шалып, белгілі бір жобаға немесе қызметке құжаттарды, деректерді немесе тіпті ақшаны шұғыл аударуды сұрайды. Дауыс сенімді, интонациялар таныс болған соң, адам алданып қалғанын білместен, өтінішті орындайды. 

Өзіңізді қалай қорғауға болады? Ақша аудару туралы өтініштерді әрқашан екі рет тексеріңіз. Дауыс таныс болып көрінсе де, адамға өзіңіз қоңырау шалыңыз. Жеке басын растау үшін, әсіресе жұмыс мәселелерінде, бейне қоңырауды пайдаланыңыз. Маңызды қаржылық операцияларды растау үшін команда немесе отбасы ішінде код сөздерін енгізу ұсынылады.
Сондай-ақ, көп деңгейлі қорғауды орнатыңыз – мысалы, аударымдарды компаниядағы бірнеше уәкілетті қызметкерлердің келісуі. Технологияның дамуымен тәуекел деңгейі де артады. Сақ болыңыз, деректеріңізді қорғаңыз және тек дауысқа сенбеңіз — оның өзі жалған болуы мүмкін.

Криптовалютамен алаяқтық: қалай алданып қалмауға болады 

Сарапшылардың үнемі ескертулеріне қарамастан, криптовалютамен алаяқтық жағдайлары өсуде. Мұның себебі – адамдардың оңай және тез пайда табуға деген сенімі. Алаяқтар мұны өз пайдасына шебер қолданады: олар жобаның сәтті болып шыққан көрінісін қолдан жасап, жарнама арқылы елдің назарын аударады, содан кейін инвесторлардың ақшасымен иемденіп іздерін суытады. Ең көп таралған схема – «перспективалы» ICO немесе жаңа токенге инвестиция салу туралы ұсыныс. Іс жүзінде жоба скам болып шығады: технология да, команда да, нақты өнім де жоқ. Салынған қаражат қайтарусыз қолды болады.  

Кейбір схемалар бұдан да тартымды болады: алаяқтар алдымен «компанияны» тіркейді, көрнекті кеңсені жалға алады, ойластырылған стратегиясы бар сайт жасайды, беделді БАҚ-та жарияланымдарға тапсырыс береді. Мұның бәрі сенімділікті оятады, ал салымшылар ақпаратты тексермей, үлкен соманы инвестициялайды. Біраз уақыттан кейін жоба жабылып, ұйымдастырушылар жоғалып кетеді.

Өзіңізді қалай қорғауға болады? Жоба туралы ақпаратты тәуелсіз дереккөздер: кері байланыс агрегаторлары, криптовалюта форумдары, арнайы ресурстар арқылы тексеріңіз. Сондай-ақ сарапшылардан және мемлекеттік органдардан кеңес алу ұсынылады (мысалы, eOtinish платформасы арқылы). Тек әдемі жарнамалар мен жоғары кірістілік туралы уәделерге сенбеңіз. Нақты инвестицияларда тәуекелдер мен кірістер әрқашан тепе-тең болады. Ешқашан криптовалютаға зерттеп алмай тұрып инвестиция салмаңыз. Инвестиция жасамас бұрын жобаны, команданы, технологияны және құқықтық базаны зерттеңіз. 

Қаржылық технологиялар біздің өмірімізді ыңғайлы етеді, бірақ алаяқтар үнемі алдаудың жаңа тәсілдерін ойлап табады. Қорғанудың негізгі қағидасы – сыни тұрғыдан ойлау. Ғажайыптарға сенбеңіз, ақпаратты тексеріп, абай  болыңыз. Егер бірдеңе күдікті болып көрінсе, ақшадан айырылмай тұрып, қайтадан тексеріп алыңыз

Өзіңізге, ақшаңызға қамқорлық жасаңыз және Fingramota.kz-пен бірге қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз! 

Соңғы жаңалықтар

Валюталардың ресми (нарықтық) бағамдары

Теңгенің шетел валюталарына ресми (нарықтық) бағамдары туралы ақпарат

Цифрлық қақпан: алаяқтардың құрығына түсіп қалмаңыз

Заманауи қаржылық технологиялар банктік және басқа да қаржылық қызметтерді алуды едәуір жеңілдетіп, оларды қол жетімді және ыңғайлы етті. Сонымен қатар, цифрлық мүмкіндіктердің кеңеюі алаяқтарға да көп мүмкіндіктер берді, олар азаматтарды алдаудың жаңа тәсілдерін іздеп, қаржы технологиялық саланы белсенді игеріп бағуда.   Қаржылық шығындардан қалай аулақ болуға және дербес деректеріңізді қалайша қауіпсіз сақтауға болатыны жөнінде Fingramota.kz-пен бірге қарастырайық. 

Валюталардың ресми (нарықтық) бағамдары

Теңгенің шетел валюталарына ресми (нарықтық) бағамдары туралы ақпарат

Назар аударыңыз! Жіберілетін жауаптар ақпараттық-түсіндіру сипатында және ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми жауаптары болып табылмайды. Қосымшада жаңалықтар жолағы және сілтемелер бар, бұл халықтың қаржы саласындағы соңғы жаңалықтардан мен маңызды оқиғалардан хабардар болуына мүмкіндік береді.

 

© Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, 2020

finreg.kz