ҚР Ұлттық Банкінің Төрағасы Данияр Ақышев еліміздің басты қаржы институтында өз күшін сынап көру мүмкіндігін пайдаланған, талантты, жас, перспективті мамандар мен ЖОО түлектерін іздестіру жөніндегі науқан барысында жарияланған онлайн-конференция шеңберінде ҚРҰБ-ға жұмысқа қабылданған мамандармен кездесті.
Д. Ақышев бұл науқанға көптеген үміткерлердің өтініш білдіргенін және олардан 960 резюме қабылданғанын, оның 27-сі жұмысқа қабылдауға бекітілгенін еске түсірді. Сонымен бірге ол онлайн-конференция барысында көптеген сұрақ қойған Қазақстан ЖОО студенттерінің белсенділігін атап өтті. «Бұл кездесуге онлайн-конференцияның ең қызықты сұрақ конкурсының жеңімпазы – еліміздің ЖОО бірінің студенті Дильнара Токушеваны және Ұлттық Банкте бір күнін өткізуге өтініш білдірген, болашақ журналист Наталья Новоселованы да шақырдық», – деді ол.
Д. Ақышев кездесуге қатысушылармен амандасып, Ұлттық Банктің жас мамандармен және студенттермен жұмыс істеуге ерекше көңіл бөлетінін атап өтті.
«Ұлттық Банктің стратегиялық міндеттеріне тиімді қол жеткізуді қамтамасыз ете алатын кадр әлеуетін қалыптастыру, оның ішінде жас мамандармен тығыз іс-қимыл жасау Ұлттық Банк қызметіндегі маңызды бағыт болып табылады және алдағы жұмысымыздағы басты бағыттардың бірі болып қала береді. Сіздер – жас, талантты, өршіл, жігерлі жастар – Ұлттық Банктің, еліміздің болашағысыздар, – деді ол.
Ұлттық Банктің жас мамандарына назар аудара отырып, Д. Ақышев «ҚРҰБ-да жұмыс істеу еліміздің қаржы жүйесінің гүлденуі үшін өз білімі мен дағдысын пайдалануға, қызметкерлеріміздің дәстүріне, корпоративтік мәдениетіне кірігуге, ұжымымыздың ажырамас бөлігі болуға бірегей мүмкіндік беретіндігін» атап өтті.
Ұлттық Банк басшысы жас мамандардың сұрақтарына да жауап беріп, Д. Токушеваға ескерткіш сыйлық берді, Н. Новоселованы Ұлттық Банк басшылығының жұмыс кездесулеріне қатысуға шақырды. Н. Новоселова ҚР Ұлттық Банкінің негізгі бөлімшелері Монетарлық операциялар департаментінің, Зерттеулер және статистика департаментінің, Төлем балансы және валюталық реттеу департаментінің, Қолма-қол ақшамен жұмыс жүргізу басқармасының, сондай-ақ ҚРҰБ Қазақстан банкаралық есеп айырысу орталығының жұмысымен де танысты.
Жаңа қызметкерлерді іздестіру бойынша келесі науқанды өткізу сәуір айында жоспарланғанын еске түсіреміз, оның басталғаны туралы ақпарат Ұлттық Банктің сайтында, сондай-ақ ҚРҰБ-ның әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарында жарияланады.