Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі базалық мөлшерлемені +/-1%-дық дәлізбен 11% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. Инфляция 2017 жылғы наурыздың қорытындысы бойынша болжамды және нысаналы аралыққа сәйкес келеді. Инфляциялық процестердің халықаралық нарықтардағы жағдайларға, 2017 жылғы бюджет шығыстарының ұлғаюына, сондай-ақ халық кірісінің оң серпініне сезімталдығы белгілі бір инфляциялық тәуекелдер туындатады. Соған қарамастан, жылдың басынан бері байқалған іскерлік белсенділіктің өсуі, ішкі қаржы нарықтарындағы тұрақты ахуал базалық мөлшерлемені келесі жолы ағымдағы жылғы 2-тоқсанда қайта қарау кезінде базалық мөлшерлеменің төмендеу ықтималдығын арттырады.
Базалық мөлшерлеме туралы шешім мынадай факторлар ескеріле отырып қабылданды.
2017 жылғы наурызда жылдық инфляция 7,7%-ды құрады және Ұлттық Банктің нысаналы дәлізінің шегінде (6-8%) тұр. Наурызда халық арасында жүргізілген пікіртерімге сәйкес респонденттердің инфляцияның болашақтағы деңгейіне қатысты инфляциялық күтулері тұрақтанды. Сандық бағалау (2016 жылғы желтоқсандағы 7,6%-бен салыстырғанда ақпанда 5,9% және наурызда 6,1%) халықтың күтулерінің нысаналы дәліз шеңберінде қалыптасатынын және нақты инфляция мәнінен төмен деңгейде белгіленетінін көрсетіп отыр.
Инфляция құрылымында мұнай бағасының күткендегіден жоғары болуы және Ресей рублінің нығаюы аясында теңгенің нығаюы нәтижесінде азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсу қарқыны баяулауда. Азық-түлік инфляциясы жылдық көрсеткіш бойынша әлі жоғары деңгейді көрсетуде және ағымдағы жылғы бірінші тоқсандағы өндірушілер бағасының өсуінің қысымында қалып отыр.
Халықтың девальвациялық күтулері бойынша ахуал жақсаруда. Теңгенің нығаюын күтетін респонденттер үлесі пікіртерім жүргізілгеннен бастап ең жоғары деңгейге жетіп, 22%-ды құрады. Теңгенің әлсіреуін күткендердің үлесі үшінші ай қатарынан 35% бірдей деңгейде тұр. Валюта нарығының кәсіби қатысушыларының айырбастау бағамы бойынша күтулері теңге бағамының ағымдағы деңгейінің бір айға дейінгі қысқамерзімді кезеңде сақталатынын және оның жылдық кезеңде аздап әлсірейтінін болжайды.
Елдің валюта нарығындағы тұрақты ахуал, теңгенің айырбастау бағамының нығаюына қатысты күтулердің күшеюі (девальвациялық күтулер соңғы жылдары ең төменгі деңгейде тұр) аясында салымшылардың валюталық басымдықтарын теңге жағына қарай ауыстыру жалғасуда, бірақ өте баяу қарқынмен жүруде. Алдын ала бағалау бойынша, 2017 жылғы наурызда шетел валютасындағы депозиттердің және теңгедегі депозиттердің үлесі тең деңгейге жуық болды (шетел валютасындағы депозиттердің үлесі 50,7%-ды құрады).
Экономиканы қалпына келтірудің 2016 жылдың соңында байқалған белгілері елдегі іскерлік белсенділіктің жаңғыруын білдіреді. Экономиканың базалық салаларының дамуын көрсететін қысқамерзімді экономикалық индикатор өсу аймағында тұр және 2017 жылғы ақпанда 2013 жылғы желтоқсаннан бастап 103,7% ең жоғары мәнге жетті (өткен жылдың наурызында – 100,3%). Экономиканың даму перспективаларына қатысты халық арасында жүргізілген пікіртерім оң көңіл-күйдің бар екенін растайды, бұл іскерлік белсенділік үшін қолдау факторы болады. Тұтынушылық сұраныс өсуінің номиналдық жалақының қаңтар-ақпан айларында 5,6%-ға ұлғаюымен (өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда) нығайған, одан әрі жоғары өсуі мүмкін біртіндеп жаңаруы орын алуда.
Ақша-кредит саясатының қалыптасқан жағдайлары сақталған кезде Ұлттық Банктің болжамы бойынша инфляция 2017 және 2018 жылдары ішкі нысаналы дәлізде болады, бұл ақша-кредит жағдайларының ағымдағы жылғы 2-тоқсанның өзінде жұмсаруына жол береді.
Базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешім 2017 жылғы 5 маусымда Астана уақыты бойынша 17:00-де жарияланады.