Қаңтар-ақпанда мұнайдың әлемдік бағасының бір баррель үшін $53 астам деңгейде сақталуы теңге бағамының нығаюына себепші болды. 2017 жылғы 2 айда теңгенің нығаюы 6,2% болды және ақпанның соңында теңгенің бағамы бір АҚШ доллары үшін 312,76 теңге болды. Айырбастау бағамының ағымдағы мәндері 2015 жылғы қарашадағы деңгейге оралды. Осындай деректерді баспасөз конференциясында Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Данияр Ақышев айтты.
«Ақпанның соңында орын алған «салық аптасы» аяқталған соң теңгенің айырбастау бағамы ұлттық валютаға деген жоғары маусымдық сұраныс кезеңінен кейін, түзетудің қалыпты процесін бастады», – деді Д. Ақышев, сондай-ақ «наурыздың бірінші он күндігінде АҚШ-та мұнай қорларының өсуі туралы ақпарат мұнай бағасына теріс әсер етті» деп толықтырды. «Мұнай бағасының бір баррель үшін 51 доллар деңгейіне дейін (13 наурыз) төмендеуі сондай-ақ теңгенің шамалы әлсіреуінің себебі болды», – деді Ұлттық Банк басшысы.
«Біз еркін өзгермелі айырбастау бағамының қағидаттарын басшылыққа алуды жалғастырамыз, бұл теңге құнының ішкі және сыртқы іргелі факторларға сәйкес келуін, сондай-ақ теңге бағамының серпінін жеткілікті түрде жоғары болжауды қамтамасыз етеді», – деді Д. Ақышев. Сонымен қатар ол Ұлттық Банктің жарты жыл бойы 2016 жылғы қыркүйектен бастап валюта нарығында өктемдіктер жүргізбейтінін атап өтті. Сондықтан, ҚРҰБ Төрағасының айтуынша, айырбастау бағамының негізгі үрдісіне Ұлттық Банктің ықпалы нөлге тең болды.