Ақша нарығында артық теңге өтімділігінің сақталып отыруына байланысты Ұлттық Банк оны негізінен қысқамерзімді ноттарды орналастыру арқылы алуды жалғастырып отыр. Бұл жөнінде бүгін БАҚ үшін Алматы қаласында өткен брифингте ҚРҰБ Төрағасы Данияр Ақышев сөз сөйлеген кезде хабарлады.
«2017 жылғы ақпанда 1 жылдық айналыс мерзімі бар ноттарды орналастыру бойынша биыл екінші аукцион өтті. Осы құралдарға ұсыныстан 3 есе артық жоғары сұраныс сақталып отыр», - деп хабарлады Д. Ақышев.
Д. Ақышев мемлекеттік бағалы қағаздардың қайталама нарығын қалпына келтіру байқалатындығын атап өтті. «Пайыздық мөлшерлемелердің нарықтық құрылымы нарық қатысушыларының күтулеріне барабар қалыптасып отыр. Ортамерзімді кезеңге дейінгі кірістілік қисығын құру бойынша Ұлттық Банктің шаралары Қаржы министрлігіне ортамерзімді қарыз қаражатын тарту құны бойынша бағдар беруге мүмкіндік берді. Жылдың басынан бері Қаржы министрлігі 168,8 млрд. теңге жалпы сомаға, оның ішінде ақпанда – 96,8 млрд. теңгеге мемлекеттік бағалы қағаздарды орналастырды», - деп атап өтті қаржы реттеушісінің басшысы.