Қазақстан Ұлттық Банкінің ақша-кредит саясаты инфляциялық таргеттеу режимінде жүргізіледі. Ұлттық Банктің негізгі мақсаты баға тұрақтылығын қамтамасыз ету болып табылады. Бұл туралы бүгін Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Олег Смоляков ҚР Парламенті Сенатының кеңейтілген отырысында айтып берді.
Ол 2018 жылы инфляция біртіндеп төмендегенін және 5-7% нысаналы дәліз ішінде қалыптасып, жыл қорытындысы бойынша 5,3%-ды құрағанын атап өтті. 2019 жылғы мамырдың қорытындысы бойынша жылдық инфляция да 5,3% деңгейде қалыптасты.
Олег Смоляков 2018 жылдың қорытындылары және Қазақстан Ұлттық Банкінің ақша-кредит саясатының ағымдағы өзекті аспектілері туралы хабарлады.
«Инфляцияның тұрақтануы Ұлттық Банкке базалық ставканы төмендетуге мүмкіндік берді. 2018 жылы ол біртіндеп 10,25%-дан 9,25%-ға дейін төмендетілді. Ағымдағы жылғы сәуірде ол 9,00%-ға дейін төмендетілді. Тұтастай алғанда, ақша-кредит саясатының сипатын инфляция бойынша мақсаттарға қол жеткізуге де, орнықты әрі экономиканың инфляциясыз өсуіне жәрдемдесуге ықпал ететін бейтарап инфляция ретінде сипаттауға болады», - деп хабарлады О. Смоляков.
Ол теңгенің еркін өзгермелі айырбастау бағамы валюта саясатын жүргізу режимі болып қалып отырғанын қоса айтты. «Бағам мұнай бағасы және ірі сауда әріптес елдер валюталарының, әсіресе Ресей рублінің бағамдары сияқты іргелі факторлардың, сондай-ақ ішкі факторлар мен маусымдылықтың әсерінен қалыптасуы мүмкін», - деп түсіндірді О. Смоляков.
Сонымен бірге Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары еліміздің төлем балансымен ахуал жақсарғаны туралы айтты. «Ағымдағы шот 2 тоқсан қатарынан профицитпен қалыптасып отыр. Мәселен, алдын ала бағалау бойынша, 2019 жылғы 1-тоқсанда ағымдағы операциялар шотының профициті сауда балансының 14,4%-ға 7,1 млрд АҚШ долларына дейін кеңеюі нәтижесінде 0,8 млрд АҚШ долларын құрады. Елдің сыртқы борышы төмендеуде. 2018 жылдың соңында ол бір жылда 8,4 млрд АҚШ долларына қысқарып, 158,8 млрд АҚШ долларын құрады. Оның құрылымында 63,6%-ды фирмааралық берешек құрайды», - деді ол.
О. Смоляковтың хабарлауы бойынша сыртқы мемлекеттік борыш 2018 жылы 5,1%-ға 12,3 млрд АҚШ долларына, банк секторының борышы 11,5%-ға 5,8 млрд АҚШ долларына дейін төмендеді. Елдің халықаралық резервтері 2018 жылдың соңында 88,6 млрд АҚШ доллары болып қалыптасты, бұл ІЖӨ-нің 52%-ын құрайды. Ұлттық Банктің алтынвалюта активтері 30,9 млрд АҚШ долларын, Ұлттық қордың валюталық активтері 57,7 млрд АҚШ долларын құрады.
«Шетел валютасындағы салымдарды теңге салымдарына ауыстыру үрдісі жалғасуда. Теңгедегі депозиттер өткен жылы 4,5%-ға, ал ағымдағы жылдың 4 айында тағы да 10,1 трлн теңгеге дейін 5,8%-ға өсті. Доллар баламасындағы, яғни бағамдық айырманың әсер етуі ескерілмеген валюталық салымдар тиісінше 6,9%-ға және 21,1%-ға қысқарды. Нәтижесінде депозиттердің жалпы көлемі 17,1 трлн теңгеге жетті, ал депозиттердің долларлануы 2019 жылғы сәуірдің қорытындысы бойынша 41,0%-ға дейін төмендеді», - деді Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары.
О. Смоляковтың хабарлауы бойынша еліміздің банк секторында сапалы өзгерістер орын алуда. Жұмыс істемейтін қарыздардың көлемі 20%-ға жуық төмендеді.
«Ағымдағы жылы банк секторын қалыпқа келтіру процесі жалғасады. Банктер жұмыс істемейтін қарыздарды тануды, сондай-ақ әлеуетті кредиттік шығындарға провизияларды ұлғайтуды жалғастыруда. Қалыптасқан провизиялар 2,3 трлн теңгеге дейін 30,6%-ға өсті», - деп хабарлады Қазақстан Ұлттық Банкі басшысының орынбасары.
Бұл ретте, ол нәтижесінде жаңа кредиттер беру өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда ағымдағы жылғы 4 айда 10,3%-ға ұлғайғанын атап өтті.
«Базалық ставканың төмендеуі қаржы нарығында ставкалардың, оның ішінде кредиттеу бойынша ставкалардың төмендеуіне ықпал етеді. Ағымдағы жылғы сәуірде заңды тұлғаларға теңгемен кредиттер бойынша ставка 12,0% деңгейде қалыптасты», - деді Қазақстан Ұлттық Банкі басшысының орынбасары.
О. Смоляков 2019 жылғы 26 наурызда Ұлттық Банк Қазақстан Республикасының Үкіметімен Макроэкономикалық саясаттың 2019 жылға арналған шараларын үйлестіру туралы келісімге қол қойылғанын атап өтті. «Келісімде инфляция бойынша нысаналы көрсеткіштер нақтыланды, ол біздің басты басымдығымыз болып табылады. 2019-21 жылдарға арналған инфляция бойынша мақсат – 3-5%-ға дейін бірте-бірте төмендете отырып 4-6%-ды құрайды. Өзгеріс инфляцияның неғұрлым тез баяулауы кезінде экономиканың өсуін шектен тыс тежеу тәуекелдеріне негізделген», - деп хабарлады Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары.
Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының түсіндіргеніндей, Келісім шеңберінде экономиканың басым секторларын ұзақ мерзімді ресурстармен қамтамасыз ету жөніндегі бастамалар іске асырылуда. Екінші деңгейдегі банктер арқылы 600 млрд теңге сомаға дейін Басым жобаларды кредиттеу бағдарламасы іске қосылды. «Бүгінгі күні 10 банк осы бағдарламаға қатысуға дайын екендігін растады. Ағымдағы жылғы мамырдың соңында банктер 32,7 млрд теңге сомаға жобаларды мақұлдады», - деді
О. Смоляков.
Ол 7-20-25 бағдарламасын іске асыру жалғасуда екендігін атап өтті. Оның 10 ай ішінде іске асырылуы кезінде 91,4 млрд теңге сомаға 7 894 отбасы үшін жеңілдік талаптарымен ипотекалық қарыздар мақұлданды. «Нәтижесінде тұтастай алғанда ипотекалық кредиттеу серпін алды. 2018 жылғы шілдеде іске қосылған сәттен бастап банктердің ипотекалық портфелі 1,4 трлн теңгеге дейін 18,9%-ға өсті», - деп толықтырды Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары.
Оның айтуынша, нарықтық қорландырудың орнықтылығын арттыру үшін банктік практикаға мерзімінен бұрын алуға шектеулер қойылған, алайда сыйақы ставкасы неғұрлым жоғары және қорғанысы бар жинақ депозиттері енгізілді. «2019 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша халықтың жинақ депозиттерінің көлемі 106,9 млрд теңгені құрады», - деді О. Смоляков.
Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары сөзінің соңында алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін Ұлттық Банктің қажетті барлық құралдары бар екендігін атап өтті. «Үкіметпен өзара тығыз іс-қимыл жасай отырып, біз қажетті шараларды, оның ішінде 2019 жылғы наурызда Үкімет пен Ұлттық Банк арасында жасалған Келісім аясында іске асыруды жалғастырамыз. Инфляцияны төмен деңгейде тұрақтандыру, қорландырудың орнықтылығын арттыру және банктерді қалыпқа келтіру бойынша бағдарламаларды іске асыру экономиканың ақшамен қамтамасыз етілуіне және экономиканың нақты секторын қалыпты кредиттеудің өсуіне ықпал ететін болады», - деп қорытындылады О. Смоляков.