31 мамырдағы сауда-саттық қорытындылары бойынша теңгенің нарықтық бағамы бір аптада 0,8%-ға әлсіреп (379,36-дан) 382,56 теңге деңгейінде қалыптасты.
Сыртқы валюталық нарықта 2019 жылғы 24 мамырдан 31 мамыр аралығында неғұрлым маңызды оқиғалар Д.Трамптың заңсыз көші-қонға қарсы күрес мақсатында АҚШ-қа Мексикадан әкелінетін тауарларға 5% мөлшерде баж жариялауы, Үндістанды АҚШ-қа баж төлемей тауарлар әкелуге мүмкіндік беретін мәртебеден айыру, Пекиннің өнеркәсіпте және әскери жабдықтар өндірісінде қолданылатын сирек кездесетін металдарды АҚШ-қа әкелуге шектеулер енгізу мүмкіндігі туралы хабарларға байланысты АҚШ пен ҚХР арасындағы сауда-саттық тайталастың күшеюі, АҚШ ІЖӨ-нің 1-тоқсанда +3,1% (3,2% алдын алғы деректермен салыстырғанда) өсуін соңғы бағалауын жариялау болды.
Аталған факторлар АҚШ доллары бағамының дамыған елдердің валюталарымен салыстырғанда нығаюына әкелді.
Дамушы елдердің валюта бағамдарының[1] АҚШ долларына қарағанда серпіні мынадай түрде қалыптасты:
- Түрік лирасы Түркияға ресейлік ракеталардың жеткізілімін кідірту туралы хабардың, сондай-ақ Түркияның Ресейдің ракетаға қарсы жүйесін жоспарлы сатып алуына байланысты елдер арасындағы шиеленістің алдын алу бойынша Түркия мен АҚШ-тың күш салуларын күтулердің аясында 3,9%-ға (6,08-ден 5,84-ке дейін) нығайды;
- Бразилия реалы ел Конгрессінде Президенттің Министрліктерді қайта құру туралы реформа жобасын алға тартуы аясында, сондай-ақ Мексика песосы бойынша қысқа позицияларды ашу үшін инвесторлардың Бразилия реалын пайдалануы аясында 2,5%-ға (4,02-ден 3,92-ге дейін) нығайды;
- Индонезия рупиясы S&P халықаралық рейтингтік агенттігінің сенімді экономикалық өсу перспективасы және нақты бюджеттік саясатқа байланысты тұрақты болжаммен елдің тәуелсіз рейтингін BBB- ден ВВВ-ге дейін көтеруі аясында 0,9%-ға (14 392-ден 14 269-ға дейін) нығайды.
- Үндістан рупиясы Д.Трамптың АҚШ-қа тауарларды бажсыз әкелу мүмкіндігін беретін, елді АҚШ-тың артықшылық берілген сауда әріптесі мәртебесінен айыру туралы шешімінің аясында 0,2%-ға (69,53-тен 69,7-ге дейін) әлсіреді;
- Оңтүстік Африка ранды АҚШ пен ҚХР-дың сауда-саттық шиеленісінің күшеюі, сондай-ақ инвесторлардың министрлер кабинеті мүшелерінің құрамына қатысты қауіптенулерінің аясында 0,2%-ға (14, 41-ден 14,58-ге дейін) әлсіреді;
- Ресей рублі мұнай бағасының төмендеуі аясында 1,5%-ға (64,47-ден 65,44-ке дейін) әлсіреді;
- Мексика песосы көші-қон саясатының шешілмеген проблемаларына байланысты Мексикадан әкелінетін тауарларға 5%-дық баж енгізу туралы АҚШ Президентінің хабарламасының аясында 3%-ға (19,05-тен 19,62-ге дейін) әлсіреді.
[1] шолуды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі ашық дереккөздердің негізінде апта сайын дайындайды