Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. пайыздық мөлшерлеме дәлізімен 9% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. Бұл жөнінде бүгін Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Ерболат Досаев телевизиялық БАҚ-қа арналған брифинг барысында айтып берді.
Ол дамып жатқан сыртқы және ішкі тәуекелдерді ескере отырып, базалық мөлшерлеме бойынша алдыңғы шешіммен салыстырғанда тәуекелдер теңгерімі мөлшерлеме дамуының неғұрлым жоғары бағытына қарай ауысатынын атап өтті.
«Біз сыртқы сектордағы және ішкі экономикадағы жағдайды мұқият бақылап, мен осыдан бұрын тоқталып өткен негізгі факторлардың ықтимал серпінінің сценарийлік нұсқаларының Қазақстанға әсеріне баға береміз. Талаптар жағымсыз бағытта өзгерген жағдайда, бізде Ұлттық Банктің алдына қойған мақсаттарға қол жеткізуі үшін қажетті барлық құралдар бар», - деп хабарлады журналистерге Е. Досаев.
Ол Қазақстан Ұлттық Банкі 2019 жылғы сәуір-мамырда кезекті болжамдық раунд өткізді, оның нәтижесі бойынша базалық мөлшерлеме туралы шешім қабылданады. Болжамдық раундқа 2019 жылдың соңына дейін әлемдік экономиканың қысқа мерзімді даму перспективаларын және 2020 жылдың соңына дейін орта мерзімді даму перспективаларын талдау мен бағалау, нарықтар бойынша болжам және негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамы кіреді.
Қазақстан Ұлттық Банкінің басшысы ішкі және сыртқы сипаттағы бірқатар факторлар базалық мөлшерлемені сақтау туралы шешімге себеп болғандығын атап өтті.
«Біздің бағалауымыз бойынша, ішкі және сыртқы секторда дамып отырған негізгі үрдістер 4-6% белгіленген нысаналы дәлізге сәйкес 2019 және 2020 жылдар соңына қарай инфляция бағытын қалыптастырады», - деп түсіндірді Е. Досаев.
Ол қысқа мерзімді кезеңде, яғни ағымдағы жылдың соңына дейін, мұнайға ұсыныспен салыстырғанда оған деген барынша жоғары сұраныстың сақталуы күтілетіндігін, бұл әлемдік бағаларға қолдауды қамтамасыз ететіндігін қоса айтты.
«Ағымдағы жылы BRENT маркалы мұнайдың бағасы 54,9 АҚШ долларынан бастап іс жүзінде 75 АҚШ долларына дейін қалыптасты, орташа алғанда бес айда бір баррель үшін 66,8 АҚШ долларын құрады. Мұнайдың 2019 жылдың басынан бері 20%-дан астам өсуіне ОПЕК+ келісімді іске асыру аясындағы едәуір сұраныс, сондай-ақ ішкі саяси оқиғалар салдарынан Венесуэла, Ливия, Иран сияқты ірі мұнай экспорттаушы елдерде оны өндірудің төмендеуі ықпал етті», - деп түсіндірді Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы.
Соған қарамастан, оның айтуынша, мұнай бағасын белгілеу әлемдік экономикадағы сауда талаптарының қатаңдатылуына байланысты айтарлықтай құбылмалылыққа ұшырағыш болып қалуда. Мәселен, соңғы аптада мұнай бағасы 27 мамырда 70 АҚШ долларынан бүгін, 3 маусымда 61 АҚШ долларына дейін 9 АҚШ долларына немесе 13%-ға бірден төмендеді. Мұндай серпін АҚШ пен Қытай арасында сауда бажының өзара енгізілуіне, Қытайдың 2019 жылғы 10 маусымнан бастап АҚШ-тан және Мексикадан келетін барлық тауарға 5%-дық баж енгізілгені туралы жариялауына байланысты болды.
«Болжау жасау шеңберінде және ақша-кредит саясаты бойынша шешім қабылдаған кезде базалық сценарий ретінде біз бір баррель үшін 60 АҚШ доллары деңгейі пайдаланылады. Республикалық бюджет теңдестірілген, себебі мұнайдың бір баррелі үшін 55 АҚШ долларына тең орташа жылдық баға бойынша есептелді», - деді
Е. Досаев.
Сондай-ақ Қазақстан Ұлттық Банкі журналистерге Ресей, Қытай, ЕО сияқты әріптес сауда елдердегі тұтынушылық бағалар серпінін көрсететін біріктірілген сыртқы инфляция бойынша алғышарттар төмендетілгенін айтып берді. Ресейдегі инфляция өзінің 4%-дық нысаналы деңгейіне күткендегіден тез оралуда, ол ҚҚС мөлшерлемесін көтерудің бағаның өсуіне әлсіз әсер етуінен болды және сәуірде 5,2%-ды құрады. Осы кезеңде Қытайда инфляция 2,5%-ды құрады, ал таргет 3% болды. ЕО-да инфляция 1,9%, ал нысаналы деңгей 2% болды.
Брифинг барысында Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы сыртқы монетарлық талаптар өзгеріссіз қалғып, алайда олар бойынша алғышарттар алдыңғы болжамдық раундпен салыстырғанда жақсарғандығын атап өтті. «АҚШ Федералдық резервтік жүйесі басшыларының мәлімдемелеріне сәйкес, мөлшерлеменің одан әрі өсу ықтималдығы төмендеді. Егер ақпанда ФРЖ мөлшерлемесі 2019 жылы 2 есе және 2020 жылы 1 есе өседі деп күтсек, АҚШ экономикасының баяулауына қатысты болжамның салдарынан мөлшерлеме 2020 жылдың соңына дейін сақталады деп болжанып отыр. Ресей Федерациясының Орталық Банкі 2019 жылдың екінші жартыжылдығында ақша-кредит талаптарының белгілі бір жеңілдейтінін болжайды, бұл Ресей инфляциясы серпінінің күтумен салыстырғанда барынша жағымды болуымен түсіндіріледі», - деп хабарлады ол.
Қазақстан Ұлттық Банкінің басшысы сыртқы талаптар тарапынан басты тәуекел ретінде АҚШ пен басқа елдер, бірінші кезекте Қытаймен сауда қатынастарындағы шиеленіс қалып отырғандығын атап өтті. Қытайдан импортталатын тауарларға ағымдағы жылғы мамырда АҚШ тарапынан аса жоғары баж салығын белгілеу және оған жауап ретінде Қытайдың осы жылғы 1 маусымнан бастап баж салығын көтеруі жаңа сауда келісіміне қол қойылмаудың салдары болды, ал сауда дауларын реттеуде уағдаластыққа қол жеткізілмеді.
«Аталған барлық оқиғалар әлемдік экономиканың өсуінің бәсеңдеуіне әкеп соғуы мүмкін және әлемдік саудаға, сондай-ақ тауар және қор нарықтарына теріс әсер етеді. Қысқа мерзімді кезеңде Қазақстан экспортына сұранысты көрсететін сауда әріптестер - Ресей, Қытай, ЕО елдерінің біріктірілген сыртқы ІЖӨ өсуінің біршама баяулауы күтілуде. Консенсус-болжамдар мен біздің жеке бағалауымыз Ресейдегі экономикалық өсу қарқынының 2018 жылғы 2,3%-дан 2019 жылы 1,4%-ға дейін және ЕО елдерінде 2,0%-дан 1,6%-ға дейін төмендегенін көрсетеді», - деді Е. Досаев.
Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының айтуынша, ішкі экономика тарапынан ағымдағы болжамдық раундта қайта қаралған негізгі алғышарттар экономиканы мемлекеттік қолдау шараларының күшейтілуіне орай ІЖӨ өсу қарқынының жеделдеуі, халық табысының неғұрлым жоғары өсуі, оның ішінде фискалдық ынталандыру есебінен өсуі.
2019-2020 жылдар қорытындысы бойынша, Қазақстан Ұлттық Банкінің бағалауы бойынша, ағымдағы жылы негізгі отандық мұнай кен орындарында өндірудің жоспарлы уақытша төмендеуі және тиісінше мұнай мен газ экспорты көлемінің азаюы салдарынан 2018 жылмен салыстырғанда нақты ІЖӨ-нің өсу қарқынының шамалы баяулауы мүмкін. Бұл ретте «Сары-Арқа» газ құбыры, ҮАААЖ құрылысы, сондай-ақ ТШО-ны кеңейту сияқты ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асырудың басталуы қолдау көрсетеді. Шығарылымның оң алшақтығы, яғни ІЖӨ өндірісінің нақты көлемінің оның әлеуетті деңгейінен асып түсуі белгілі бір проинфляциялық әлеуетті қалыптастырады.
Е. Досаев Қазақстан Ұлттық Банкінің болжамдары бойынша тұтынушылық сұраныс орта мерзімді кезеңде инфляцияға әсер ететін басты факторлардың бірі болатынын айтты.
«Тұтыну сұранысының өсуіне Елбасының «Нұр-Отан» партиясының XVIII съезінде берген тапсырмаларына сәйкес әлеуметтік төлемдер мен еңбекақы мөлшерінің ұлғаюы және Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың тапсырмасы бойынша
2019 жылғы 1 маусымнан бастап ең төменгі жалақыны арттыру және жалақысы төмен қызметкерлер үшін жеке табыс салығын төмендету шараларына қосымша ретінде бюджет саласы қызметкерлерінің еңбек ақысын көтеру мерзімін ауыстыру ықпал етеді. Біздің бағалауымызша, әлеуметтік бастамаларды жүзеге асырудан инфляцияға қосымша әсер 0,3%-дан аспайды», - деді ол.
Е. Досаевтың айтуынша, ағымдағы жылғы наурыз-сәуірде инфляциялық күтулер нақты инфляциядан төмен болып қалып отыр. Халық арасында жүргізілген пікіртерім деректеріне сәйкес 12 ай шегінде күтілетін инфляцияны бағалау 4,5% деңгейде сақталды.
«Ақша-кредиттік талаптарға келетін болсақ, біз оларды бейтарап деп бағалаймыз. 12 айдан кейін күтілетін инфляцияны ескерумен нақты көрсетудегі базалық мөлшерлеме 3%-дық деңгейде тұр. Ол Макроэкономикалық саясаттың 2019 жылға арналған шараларын үйлестіру туралы Үкіметпен бірлескен келісіммен анықталған нысаналы бағдарларға сәйкес келеді, бұл 2019-2020 жылдары инфляцияның 4-6%-дық нысаналы дәлізде сақталуын қамтамасыз етеді, сондай-ақ экономикалық өсу қарқындарына және кредиттеудің қолжетімділігіне қолдау көрсетеді», - деді Е. Досаев.
Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы атап өткендей, 2019 жылғы мамырда нақты инфляция жылдық мәнде 5,3%-ды құрады және нысаналы дәліздің ортасында 4-6% қалады. Инфляцияның ағымдағы деңгейі ағымдағы жылғы мамырда 7,9%-ды құраған азық-түлік тауарларына бағаның өсуінің әсерінен қалыптасады. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен ақылы қызметтердің бағасы жылдық мәнде тиісінше 6,1%-ға және 1,3%-ға өсті.
Базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешім 2019 жылғы 15 шілдеде Нұр-Сұлтан қ. уақыты бойынша сағат 17:00-де жарияланатын болады.