ҚР Ұлттық Банкі базалық мөлшерлемені +/-1% дәлізбен 11% деңгейіне дейін төмендету туралы шешім қабылдады. Бұл туралы бүгін БАҚ үшін брифинг барысында ҚРҰБ Төрағасы Данияр Ақышев хабарлады.
«2017 жылғы қаңтардың қорытындысы бойынша инфляция 6-8%-дық нысаналы дәліз шегіне енді. Инфляциялық күтулердің төмендеуі, ішкі валюта және ақша нарықтарындағы тұрақтылық пен ахуалды алдын ала болжаудың артуы, іскерлік белсенділіктің қайта қалпына келуі, сондай-ақ сыртқы экономикалық жағдайлардың қолайлы болуы ақша-кредит жағдайларын жұмсартуға негіз болды», - деп түсіндірді ол.
Оның айтуынша, «базалық мөлшерлеменің жаңа деңгейі баға және қаржылық тұрақтылық арасындағы ұзақмерзімді теңгерімді көрсетеді және, тиісінше, ақша-кредит саясатын одан әрі жұмсарту әлеуеті шектеулі».
Ағымдағы жылғы 9 қаңтарда қаржы реттеушісі базалық мөлшерлемені пайыздық мөлшерлемелердің +/-1% ауытқу дәлізімен 12% деңгейінде сақтағанын еске саламыз. Бұған дейін 2016 жылы ҚР Ұлттық Банкі базалық мөлшерлемені бірнеше рет төмендетті. 2016 жығы наурызда базалық мөлшерлемені 17% деңгейінде сақтау туралы жарияланды, ал мамырда Қазақстан Ұлттық Банкі оны 15%-ға дейін төмендетті. 2016 жылғы шілдеде базалық мөлшерлеме 13%-ға, ал қазанда 12,5%-ға дейін төмендетілді. Базалық мөлшерлемені өзгерту жөніндегі 2016 жылғы соңғы шешімді Қазақстан Ұлттық Банкі оның 12%-ға дейін төмендегенін хабарлай отырып, 14 қарашада мәлімдеді.