Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі төлем балансының қалыптастырылатын статистикасын жетілдіру бойынша жұмыстарды жүргізу туралы хабарлайды.
Жеке тұлғалардың жекелеген сыртқы экономикалық операциялары ресми деректер шеңберінде есепке алуға жатпайды, осыған орай Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жеке тұлғалардың операциялары бойынша төлем балансының бағалау көрсеткіштерінің сапасын дамыту және жақсарту бойынша жұмыс жүргізді: төлем балансының ағымдағы шотында көрсетілетін сапарлар, бақал сауда, жеке трансферттер.
«Сапарлар» бағалау бабын өзектендіру үшін жаңа әдістемелік тәсілдер әзірленді: ақпарат көздері айқындалды, есептік өлшемдері дезагрегацияланды, мақсаттары, елдері, көлік түрлері және болу ұзақтығы бойынша бір сапарға шығыстың орташа нормасы айқындалған елдердің тізбесі кеңейтілді.
Жеке тұлғалардың сауда операцияларының (бақал сауданың) есепке алынбаған көлемін бағалау іргелес мемлекеттермен – Ресеймен, Өзбекстанмен, Қырғызстанмен және Қытаймен ғана белгіленген.
Төлем балансының «Жеке трансферттер» бабында көрсетілетін, резидент жеке тұлғалар мен бейрезидент жеке тұлғалар арасындағы өтеусіз ақша аударымдарын бағалау трансшекаралық ақша аударымдарын жүзеге асыратын жеке тұлғаларды зерттеуге негізделген. Зерттеу нәтижелері бойынша елдер, аударымдар бағыттары (Қазақстаннан/Қазақстанға), ақша аудару тәсілдері бойынша бағаланған, сондай-ақ аударымдар көлемін ескере отырып жаңа есептік коэффициенттері алынды.
Сонымен қатар тауарлар экспортының статистикалық құны нақтыланды – мұнай экспортының статистикалық құнынан оның Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінің аумағы арқылы тасымалдау құны алып тасталды.
Бұдан басқа, қызметін Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын құрылыс және бұрғылау шетелдік компаниялар филиалдарының резиденттігіне арналған тәсілдердің өзгеруіне байланысты жұмыстар – оларды Қазақстан резиденттері деп тану жұмыстары жүргізілді.
Қазақстан Республикасының төлем балансын қайта қарау 2012 жылдан басталған деректерге қатысты қолданылды.