Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің 2018 жылғы 4-тоқсанда жүргізген кәсіпорындар мониторингінің деректері бойынша нақты секторда іскерлік белсенділіктің бірқалыпты жоғарылау үрдісі жалғасты. Өтімділік көрсеткіштері, активтер айналымдылығы жоғарылады, жұмыспен қамтылғандар саны және еңбек өнімділігі қысқармаған кәсіпорындар үлесі артты. Кредиттерге қолжетімділік жоғарылады, мониторингке қатысушылар алған кредиттер бойынша орташа пайыздық мөлшерлеме төмендеді. 2019 жылғы 1 тоқсанда респонденттер құрылыс және қызмет көрсету секторында дайын өнімге сұраныстың жоғарылауын болжап отыр.