№ 48 баспасөз релизі

№ 48 баспасөз релизі

1. 2018 жылғы қарашадағы инфляция және инфляциялық күтулер

Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің деректері бойынша 2018 жылғы қарашада инфляция 0,9%, жылдың басынан бері – 4,6% (2017 жылғы қаңтар-қарашада – 6,3%) болды.

Жылдық инфляция 5,3% деңгейінде сақталды және 2018 жылдың соңында  Ұлттық Банктің 5-7% нысаналы дәлізінің ішінде тұр. Инфляцияның құрылымында жылдық көрсеткіш бойынша азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы 6,5%-ға, азық-түлік тауарлары және ақылы қызмет көрсету – тиісінше 5,0%-ға және 4,5%-ға өсті.

2018 жылғы қарашада халықтың инфляциялық күтулері төмендеді. Халықтың пікіртерім нәтижелері бойынша инфляцияның бір жылдан кейін күтілетін сандық бағалауы нақты инфляция деңгейінде қалыптасып, 5,3% болды.

2. 2018 жылғы қарашадағы халықаралық резервтер және ақша агрегаттары

2018 жылғы қарашада Ұлттық Банктің жалпы халықаралық резервтері алдын ала деректер бойынша 30,2 млрд АҚШ долларына дейін 3,8%-ға немесе 1 114,2 млрд АҚШ долларына ұлғайды (жыл басынан бері 2,7%-ға немесе 838,6 млн АҚШ долларына төмендеді).

Жалпы алғанда, елдің халықаралық резервтері Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтерін (57,6 млрд АҚШ долл) қоса алғанда, 2018 жылғы қарашаның соңында 87,8 млрд АҚШ долл болды.

Ұлттық қордың активтерін толықтыру және Үкіметтің сыртқы борышына қызмет көрсету бойынша операциялар Үкіметтің Ұлттық Банктегі шоттарына валютаның түсуімен және банктердің Ұлттық Банктегі шетел валютасындағы корреспонденттік шоттарындағы қалдықтардың ұлғаюымен бейтараптандырылды.

Ақша базасы қарашада 3,3%-ға кеңейді және 5 988,4 млрд теңге (жыл басынан бері 8,2%-ға кеңейді) болды. Тар ақша базасы, яғни екінші деңгейдегі банктердің Ұлттық Банктегі мерзімді депозиттерін есептемегендегі ақша базасы 5 750,0 млрд теңгеге дейін 8,2%-ға кеңейді (жыл басынан бері 11,4%-ға кеңею).

Қарашадағы ақша массасы алдын ала деректер бойынша 0,8%-ға аздап ұлғайды (жыл басынан бері 2,3%-ға ұлғайды) және 19 896,6 млрд теңге болды, айналыстағы қолма-қол ақша 2 082,5 млрд теңгеге дейін 1,0%-ға төмендеді (жыл басынан бері 7,0%-ға ұлғайды).

3. Ұлттық Банктің ақша-кредит саясаты саласындағы операциялары

Ұлттық Банктің 2018 жылғы 4 желтоқсандағы шешімімен базалық мөлшерлеме +/-1%-дық[1] дәлізбен жылдық 9,25% деңгейінде сақталды.

Қазақстан Ұлттық Банкінің қысқа мерзімді ноттары. 2018 жылғы қарашаның соңында айналыстағы ноттардың көлемі бір айда 7,8%-ға төмендеп (жыл басынан бері 10,1%-ға өсу), 3 503,6 млрд теңгені  құрады.

Қысқа мерзімді ноттар эмиссиясының көлемі 2018 жылғы қарашада 7 609,3 млрд теңге болды. 31 аукцион, оның ішінде 6 737,3 млрд теңге сомаға 7 күндік ноттарды орналастыру бойынша 22 аукцион, 656,5 млрд теңге сомаға 1 айлық ноттарды орналастыру бойынша 5 аукцион, 53,7 млрд теңге сомаға 3 айлық ноттарды орналастыру бойынша 1 аукцион, 104,5 млрд теңге сомаға 6 айлық ноттарды орналастыру бойынша 1 аукцион және 57,2 млрд теңге сомаға 1 жылдық ноттарды орналастыру бойынша 2 аукцион өткізілді.

Ұлттық Банктің  қысқа мерзімді ноттарын өтеу көлемі 2018 жылғы қарашада 7 890,4 млрд теңгені құрады.

Орналастырылған 7 күндік ноттар бойынша орташа алынған кірістілік 8,77%,
1 айлық ноттар бойынша – 8,80%, 3 айлық ноттар бойынша – 8,82%, 6 айлық ноттар бойынша – 8,88%, 1 жылдық ноттар бойынша – 8,60% болды.

Тұрақты қолжетімді ақша-кредит саясатының құралдары. 2018 жылғы қарашаның соңында Ұлттық Банктің ашық позициясының көлемі тікелей РЕПО операциялары бойынша 157,1 млрд теңге, кері РЕПО операциялары бойынша 220,9 млрд теңге, Ұлттық Банктегі банктік депозиттер бойынша 204,0 млрд теңге болды.

Ұлттық Банктің ақша нарығындағы операцияларының теріс сальдосы (Ұлттық Банктің ашық позициясы) ашық нарықтағы операциялар бойынша және тұрақты қолжетімді құралдар бойынша бір айда 600,9 млрд теңгеге азайып, қарашаның соңындағы жағдай бойынша 2,7 трлн теңге болды.

Ақша нарығында ақша-кредит саясатының операцияларын жүргізу кезінде таргеттелетін (нысаналы) мөлшерлеме болып табылатын TONIA индикаторы[2]  2018 жылғы  қарашада көбіне Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесінің пайыздық дәлізінің төмен шегіндегі деңгейде қалыптасты. Қарашада TONIA-ның орташа алынған мәні жылдық 8,27%-ды (2018 жылғы қазанда – 8,18%) құрады.

Кірістілік қисығын қалыптастыру. 2018 жылғы қарашада Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі мемлекеттік  бағалы  қағаздарды орналастыруды жүзеге асырған жоқ.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің айналыстағы бағалы қағаздарының көлемі ұзақ мерзімді қазынашылық міндеттемелерді (МЕУКАМ) өтеу нәтижесінде 2018 жылғы қарашаның соңында 7 137,9 млрд теңгеге дейін төмендеді (қазандағы көлемімен салыстырғанда 1,2%-ға).

Ағымдағы жылдың қазан айымен салыстырғанда орта мерзімді және ұзақ мерзімді құралдардың кірістіліктерінің төмендеуі есебінен, сондай-ақ 2018 жылғы қазанда базалық мөлшерлеменің көтерілуі аясында кірістілік қисығының инверсиялық нысанға өзгеруі байқалды.

4.2018 жылғы қарашадағы валюта нарығы

2018 жылғы қарашада теңгенің айырбастау бағамы бір АҚШ доллары үшін 364,95-375,90 теңге аралығында өзгерді. 2018 жылғы қарашаның соңында теңгенің АҚШ долларына қатысты биржалық бағамы бір айда 0,7%-ға әлсіреп (жыл басынан бастап әлсіреу 11,8%), бір АҚШ доллары үшін 371,56 теңге болды.

KZT/USD валюталық жұбы бойынша операциялардың жалпы көлемі бір айда 15,3 млрд АҚШ доллары (бір айда 2,0%-ға ұлғаю), оның ішінде Қазақстан қор биржасындағы биржалық сауда-саттықтардың көлемі 2,7 млрд АҚШ доллары (6,5%-ға ұлғаю), биржадан тыс валюта нарығындағы операциялардың көлемі 12,5 млрд АҚШ доллары (1,0%-ға ұлғаю) болды. Бір еншілес банктің валюталық тәуекелдерден меншікті капиталды хеджирлеумен байланысты операцияларының көлемі өткен аймен салыстырғанда 15,0%-ға азайып, 7,3 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл ретте, олардың биржадан тыс сауда-саттықтардың жалпы көлемінен үлесі 58,6%-ды құрады (2018 жылғы қазанда 69,7%). Аталған операция ішкі валюта нарығындағы шетел валютасына сұраныс немесе ұсыныс көлеміне әсер етпейді.

2018 жылғы қарашада халық нетто-негізде 253,4 млрд. теңге сомаға барабар қолма-қол шетел валютасын сатып алды. Шығыстардың негізгі көлемі АҚШ долларын – 63,1% немесе 159,7 млрд теңгеге, Ресей рублін – 25,8% немесе 65,3 млрд теңгеге, еуроны – 11,0% немесе 27,8 млрд теңгеге сатып алуға бағытталды. Алдыңғы аймен салыстырғанда осы шығыстар 21,5%-ға ұлғайды. Валюталардың түрлері бойынша АҚШ долларын  сатып алу шығыстары 32,2%-ға, Ресей рублін сатып алу шығыстары 22,4%-ға ұлғайды және еуроны сатып алу шығыстары 17,3%-ға азайды.

Айырбастау пункттерінің қолма-қол шетел валютасын нетто-сатуының 2018 жылғы 11 ай ішіндегі (2,2 трлн теңге) жалпы көлемін өткен жылғы осындай кезеңнің көрсеткіштерімен (0,6%-ға  ұлғаю) салыстыруға болады.

5. 2018 жылғы қарашаның соңындағы жағдай бойынша депозит нарығы

Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттерінің көлемі 2018 жылғы қарашаның соңында алдыңғы аймен салыстырғанда 1%-ға ұлғайып, 17 814,1 млрд теңгені  құрады. Заңды тұлғалардың депозиттері 9 461,6 млрд теңгеге дейін 1,5%-ға, жеке тұлғалардың депозиттері 8 352,6 млрд теңгеге дейін 0,3%-ға өсті.

Ұлттық валютамен депозиттердің көлемі бір айда 9 017,2  млрд теңгеге дейін 3,8%-ға төмендеді, шетел валютасында 8 796,9 млрд теңгеге дейін 6,4%-ға ұлғайды. Долларлану деңгейі 2018 жылғы қарашаның соңында 49,4%-ды (2017 жылғы  желтоқсанда – 47,7%-ды) құрады.

 Заңды тұлғалардың ұлттық валютамен депозиттері 2018 жылғы қарашада 4 714,4 млрд теңгеге дейін 8,1%-ға төмендеді, шетел валютасында 4 747,2 млрд теңгеге дейін 13,3%-ға өсті (заңды тұлғалардың депозиттерінің 50,2%-ы).

Жеке тұлғалардың теңгемен депозиттері 4 302,8  млрд теңгеге дейін 1,4%-ға ұлғайды, шетел валютасында 4 049,7 млрд теңгеге дейін 0,7%-ға төмендеді (жеке тұлғалар депозиттерінің 48,5%-ы).

Мерзімді депозиттердің көлемі бір айда 0,9%-ға азайып, 11 902,8 млрд теңгені құрады. Олардың құрылымындағы ұлттық валютамен салымдар 6 047,8 млрд теңгені, шетел валютасымен 5 855,1 млрд теңгені құрады.

Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютамен мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 7,2%-ды (2017 жылғы желтоқсанда – 8%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша – 10,6%-ды (11,7%) құрады.

6. 2018 жылғы қарашаның соңындағы жағдай бойынша кредит нарығы

Банктердің экономиканы кредиттеу көлемі 2018 жылғы қарашаның соңында 12 863,6 млрд теңгені құрады (бір айда 0,7%-ға өсті). Заңды тұлғаларға кредиттердің көлемі өзгермей, 7 596,8 млрд теңге болды, ал жеке тұлғалардыкі 5 266,8 млрд теңгеге дейін 1,7%-ға ұлғайды. 

Қайта құрылымдаудан өтетін және лицензиясынан айырылған банктердің кредиттік портфелін есептемегенде экономиканы кредиттеудің жылдық өсімі 8,1% немесе 942,7 млрд теңге болды.

Ұлттық валютамен кредиттердің көлемі бір айда 9 977,9 млрд теңгеге дейін 1,3%-ға ұлғайды. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға кредиттер 0,8%-ға ұлғайды, жеке тұлғаларға кредиттер 1,9%-ға ұлғайды. Шетел валютасымен кредиттердің көлемі
2 885,7 млрд теңгеге дейін 1,5%-ға азайды. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға кредиттер 1,4%-ға, жеке тұлғаларға – 4,1%-ға азайды. Теңгемен кредиттердің үлес салмағы 2018 жылғы қарашаның соңында 77,6%-ды құрады (2017 жылғы желтоқсанда – 73,7%).  

Ұзақ мерзімді кредиттердің көлемі бір айда 10 964,7 млрд тенгеге дейін 0,4%-ға ұлғайды, қысқа мерзімді кредиттердің көлемі 1 898,9 млрд теңгеге дейін 2,1%-ға ұлғайды.

Шағын кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеу өзгерген жоқ (экономикаға берілген кредиттердің жалпы көлемінен 2 421,9 млрд теңге немесе 18,8%).

Салалар бойынша бөлуде банктердің экономикаға берілген кредиттерінің ең қомақты сомасы өнеркәсіп (жалпы көлемдегі үлесі – 14,9%), сауда (13,5%), құрылыс (6,3%), көлік (4,7%) және ауыл шаруашылығы (3,9%) сияқты салаларға тиесілі.

2018 жылғы қарашада банктік емес заңды тұлғаларға ұлттық валютамен берілген кредиттер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 12,5% (2017 жылғы желтоқсанда – 13,2%), жеке тұлғаларға – 17,1% (19,2%) болды.

7. 2018 жылғы қаңтар-қарашадағы төлем жүйелері

2018 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының аумағында 20 төлем жүйесі, оның ішінде Ұлттық Банктің төлем жүйелері, ақша аудару жүйелері, төлем карточкаларының жүйелері мен өзге де төлем жүйелері жұмыс істейді.

2018 жылғы қаңтар-қарашада Ұлттық Банктің төлем жүйелері (Банкаралық ақша аудару жүйесі мен Банкаралық клиринг жүйесі) арқылы 757,1 трлн теңге сомаға 39,1 млн транзакция жүргізілді (2017 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда төлемдердің саны 18,6%-ға ұлғайды, төлемдер сомасы 3,2%-ға азайды). Орташа алғанда, бір күн ішінде аталған төлем жүйелері арқылы 3,3 трлн теңге сомаға 171,4 мың транзакция жүргізілді.

2018 жылғы қаңтар-қарашада Қазақстан эмитенттерінің төлем карточкаларын пайдалана отырып жүргізілген операцияларының көлемі 17,8 трлн теңге сомаға 714,5 млн транзакцияны құрады (2017 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда транзакциялардың саны 72,6%-ға ұлғайды, сомасы – 45,7%-ға өсті). Қазақстан эмитенттерінің төлем карточкаларын пайдалана отырып жүргізілген операцияларының жалпы құрылымында қолма-қол ақшасыз жасалған төлемдер санының үлесі 64,2%-ға дейін (2017 жылғы қаңтар-қарашада – 48,8%) өсті, қолма-қол ақшасыз жасалған төлемдер көлемінің үлесі 31,4%-ға (21,6%) дейін ұлғайды.

2018 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасында төлем карточкаларының шығарылымын 22 банк пен «Қазпочта» АҚ жүзеге асырды, эмиссияланған және таратылған төлем карточкаларының жалпы саны 22,7 млн бірлік болды. 2018 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша төлем карточкаларына қызмет көрсету желісі төмендегідей: 11,1 мың банкомат, 133,5 мың POS-терминал. 2018 жылғы 1 желтоқсанда Қазақстанда төлем жасауға төлем карточкаларын қабылдайтын 81,0 мың сауда кәсіпорны жұмыс істеді, бұл олардың 2017 жылғы 1 желтоқсандағы санынан 4,8%-ға асты.

2018 жылғы қаңтар-қарашада халықаралық ақша аударымы жүйелері арқылы жіберілген ақша аударымдарының жалпы көлемі 621,7 млрд теңге сомаға 2,7 млн аударымды құрады. 2017 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда ақша аударымдары көлемінің өсуі 29,9%-ды құрады. Жөнелтілген аударымдардың жалпы көлемінен Қазақстаннан тыс жерлерге транзакциялардың жалпы санынан 89,9% (2,5 млн транзакция) және жалпы сомасынан 89,0% (553,5 млрд теңге) жіберілді. Қазақстан бойынша ақша аударымы жүйелері арқылы ақша аударымдарының жалпы санынан 10,1% (0,3 млн транзакция) және жалпы сомасынан 11,0% (68,2 млрд теңге) жүргізілді.

Осы кезеңде шетелден халықаралық ақша аударымдары жүйелері арқылы 328,5 млрд теңге сомаға 1,4 млн транзакция алынды.

8. 2018 жылғы қарашадағы банк секторы

2018 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының банк секторында 28 банк жұмыс істейді.

Банк секторының жиынтық активтері 2018 жылғы 1 желтоқсанда 24 876,8 млрд теңгені (жылдың басынан бері ұлғаю 3,0%) құрады. Активтердің құрылымында ең көп үлесті кредиттер – 50,2%-ды, бағалы қағаздар портфелі – 19,1%-ды, қолма-қол ақша, аффинирленген бағалы металдар мен корреспонденттік шоттар – 15,1%-ды иеленді.

90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар кредиттер (NPL) 1 062,7 млрд теңгені немесе несие портфелінің 7,9%-ын құрады.

Несие портфелі бойынша провизиялар 1 844,2 млрд теңге немесе несие портфелінің 13,7%-ы (2018 жылдың басында – 2 126,4 млрд теңге немесе 15,6%) мөлшерінде қалыптасты.

Банк секторының жиынтық міндеттемелерінің мөлшері 2018 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 21 896,3 млрд теңгені (жылдың басынан бастап ұлғаю 3,6%-ды) құрады. Банктер міндеттемелерінің құрылымында ең жоғары үлесті клиенттердің салымдары – 77,4%-ды, айналысқа шығарылған бағалы қағаздар – 7,0%-ды, басқа банктерден және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардан алынған қарыздар – 3,5%-ды иеленеді.

Жиынтық міндеттемелерде банктердің Қазақстан Республикасының бейрезиденттері алдындағы міндеттемелері 2018 жылдың басымен салыстырғанда   5,6%-дан 5,8%-ға дейін (1 200,8 млрд теңгеге дейін) ұлғайды.

2018 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша банк секторының жиынтық меншікті капиталы 2018 жылғы қаңтар-қарашада 1,6%-ға азайып, 2 980,5 млрд теңге болды.

Таза пайда (ағымдағы кірістердің ағымдағы шығыстардан асып кетуі) 605,1 млрд теңгені құрады. 

Екінші деңгейдегі банктердің таза пайыздық маржасы және пайыздық спрэді 2018 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша тиісінше 5,09% және 3,99% болды.

9. 2018 жылғы қарашадағы сақтандыру секторы

2018 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша сақтандыру секторында 29 сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы жұмыс істейді.

Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары активтерінің жиынтық көлемі 2018 жылғы 1 желтоқсанда  1 004,8 млрд теңге (жылдың басынан бері 8,6%-ға өсу) болды.

Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының міндеттемелері жыл басынан бері 536,6 млрд теңгеге дейін 4,5%-ға ұлғайды.  

Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары қолданыстағы сақтандыру және қайта сақтандыру шарттары бойынша қабылданған міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету үшін қалыптастырған сақтандыру резервтерінің көлемі жыл басынан бері 484,8 млрд теңгеге дейін 5,3%-ға өсті.

Меншікті капитал 468,2 млрд теңге (жыл басынан бері 13,7%-ға өсу) болды.

Сақтандыру сыйлықақылары 2018 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 2017 жылғы ұқсас көрсеткішпен салыстырғанда 347,1 млрд теңгеге дейін 1,0%-ға ұлғайды, олардың ішінде тікелей сақтандыру шарттары бойынша қабылданған сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 314,0 млрд теңге болды.

2018 жылғы он бір айдың қорытындысы бойынша «өмірді сақтандыру» саласы бойынша сақтандыру сыйлықақылары 2017 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 75,5 млрд теңгеге дейін 26,6%-ға ұлғайды. Жиынтық сақтандыру сыйлықақыларында «өмірді сақтандыру» саласы бойынша жиналған сақтандыру сыйлықақыларының үлесі 21,7%, 2017 жылғы 1 желтоқсанда 17,3% болды.

Қайта сақтандыруға берілген сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 82,4 млрд теңгені немесе сақтандыру сыйлықақыларының жиынтық көлемінің 23,7%-ын құрады. Қайта сақтандыруға берілген сақтандыру сыйлықақыларының 82,4%-ы Қазақстан Республикасының бейрезиденттеріне қайта сақтандыруға берілді. 

2018 жылдың басынан бастап жүргізілген сақтандыру төлемдерінің жалпы көлемі  (қайта сақтандыруға қабылданған шарттар бойынша жүзеге асырылған сақтандыру төлемдерін шегергенде) 62,4 млрд теңге болды, ол 2017 жылдың ұқсас кезеңінен 6,9%-ға аз.

10. 2018 жылғы қаңтар-қарашадағы зейнетақы жүйесі

Салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтары 2018 жылғы қаңтар-қарашада 1 351,1 млрд теңгеге (17,4%) ұлғайып, 2018 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 9 131,9 млрд теңгені құрады.  

2018 жылғы 1 желтоқсанда 3 521,7 млрд теңге болған зейнетақы активтерін инвестициялаудан түскен «таза» кіріс 2018 жылғы қаңтар-қарашада 746,8 млрд теңгеге ұлғайды.

Міндетті зейнетақы жарналары бойынша салымшылардың жеке зейнетақы шоттарының саны (зейнетақы жинақтары жоқ ЖЗШ-ны есептегенде) 2018 жылғы 1 желтоқсанда 9,8 млн шотты құрады.

2018 жылғы қаңтар-қарашада зейнетақы төлемдерінің сомасы 156,0 млрд теңгені құрады.

2018 жылғы 1 желтоқсанда БЖЗҚ жиынтық инвестициялық портфелінің негізгі үлесі, бұрынғыша, ҚР мемлекеттік бағалы қағаздарына және ҚР эмитенттерінің корпоративтік бағалы қағаздарына (зейнетақы активтерінің жалпы көлемінің тиісінше 44,8%-ы және 28,9%-ы) тиесілі.


[1] Бірмезгілде ресми қайта қаржыландыру мөлшерлемесі ұқсас деңгейде (9,25%) сақталды.

[2] Биржада МБҚ-мен автоматты РЕПО секторында жасалған, РЕПО-ны мерзімі бір жұмыс күніне ашу  мәмілелері  бойынша  орташа алынған пайыздық мөлшерлеме

Соңғы жаңалықтар

Валюталардың ресми (нарықтық) бағамдары

Теңгенің шетел валюталарына ресми (нарықтық) бағамдары туралы ақпарат

Валюталардың ресми (нарықтық) бағамдары

Теңгенің шетел валюталарына ресми (нарықтық) бағамдары туралы ақпарат

Валюталардың ресми (нарықтық) бағамдары

Теңгенің шетел валюталарына ресми (нарықтық) бағамдары туралы ақпарат

Назар аударыңыз! Жіберілетін жауаптар ақпараттық-түсіндіру сипатында және ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми жауаптары болып табылмайды. Қосымшада жаңалықтар жолағы және сілтемелер бар, бұл халықтың қаржы саласындағы соңғы жаңалықтардан мен маңызды оқиғалардан хабардар болуына мүмкіндік береді.

 

© Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, 2020

finreg.kz