2018 жылғы 14 желтоқсандағы сауда-саттық қорытындылары бойынша теңгенің нарықтық бағамы бір АҚШ доллары үшін бір апта ішінде 0,2%-ға әлсіреп (370,49-дан), 371,31 теңге деңгейінде қалыптасты.
Сыртқы валюталық нарық тұрғысынан 2018 жылғы 7 желтоқсаннан 14 желтоқсан аралығында маңызды оқиғалар АҚШ пен Қытай арасындағы сауда-саттық қатынастарға қатысты келіссөздердің жалғасуы, 2019 жылдан бастап бағалы қағаздарды сатып алу бағдарламасының тоқтатылуы туралы ЕОБ-нің растауы, ЕОБ мен ФРЖ өкілдерінің экономикалық тұрақтылық пен монетарлық саясатқа қатысты түсініктемелері, 2019 жылғы қаңтарға дейін Ұлыбританияның ЕО-дан шығуы туралы келісім жобасы бойынша дауыс беру мерзімдерін ауыстыру, Ұлыбританияның Премьер-министрі Тереза Мэйдің сенімсіздік білдіру туралы дауыс берудегі жеңісі, АҚШ-тағы инфляцияның, бөлшек сауданың және өнеркәсіптік өндіріс туралы экономикалық деректерді жариялау болды. Аталған факторлар әлемдік нарықтарда АҚШ доллары бағамының дамыған елдердің валюталарымен салыстырғанда нығаюына әкелді.
Дамушы елдердің валюта бағамдарының[1] АҚШ долларына қарағанда серпіні мынадай түрде қалыптасты:
- Оңтүстік Африка рэнді ОАР Резервтік Банкінің есептік тоқсанда экономикалық белсенділіктің төмендеуі туралы деректерді жариялауы аясында 1,7%-ға (14,16-дан 14,40-қа дейін) әлсіреді;
- Үндістан рупиясы Үндістанның Резервтік Банкінің Төрағасы Урджит Пателдің отставкаға кетуі, сондай-ақ 2019 жылғы сайлау қарсаңында премьер-министр Нарендра Модидің партиясына сенімнің төмендеуі аясында 1,5%-ға (70,81-ден 71,90-ға дейін) әлсіреді;
- Түрік лирасы Түркия президенті Р.Т. Эрдоғанның Сирияда жаңа әскери операция жүргізу ықтималдығы туралы мәлімдемесінің аясында 1,1%-ға (5,30-дан 5,36-ға дейін) әлсіреді. Fitch кредиттік агенттігі елдің тәуелсіз рейтингін теріс болжаммен ВВ деңгейінде сақтап қалды;
- Индонезия рупиясы орталық банктің тарапынан валюталық өктемдіктерге қарамастан, 0,7%-ға (14 480-нен 14 581-ге дейін) әлсіреді;
- Ресей рублі келесі жылы ішкі нарықта Қаржы министрлігі үшін валютаны тұрақты сатып алуды жаңғырту және ҚҚС-тің өсуінен инфляцияға қысымның аясында Ресей Банкінің негізгі мөлшерлемені 7,75%-ға дейін 0,25%-ға көтеруі туралы шешімге қарамастан 0,6%-ға (66,45-тен 66,86-ға дейін) әлсіреді;
- Бразилия реалы апта ішінде айтарлықтай өзгеріссіз 3,91 деңгейде саудаланды. Орталық Банк ағымдағы негізгі мөлшерлемені 6,5%-дық деңгейде сақтап қалу туралы шешім қабылады;
- Мексика песосы Мехико қаласында әуежай құрылысы үшін қаржы тартуға арналған бұрын орналастырылған облигацияларды мемлекеттің сатып алу талаптарының жақсаруы аясында 0,1%-ға (20,26-аен 20,24-ке дейін) нығайды. Әуежай құрылысы жалпы референдуммен тоқтатылған.
[1] АҚШ долларына қарағанда көлемі жағынан неғұрлым көп сатылатын дамушы елдердің валюталары.