Инфляция 2018 жылғы қарашада 0,9% болды. Жылдық инфляция қазанның деңгейінде қалып, 5,3% болды. Бұл 2015 жылғы қазаннан жылдық инфляцияның ең төмен көрсеткіші. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Данияр Ақышев бүгін ҚР Үкіметінің ««Әлеуметтік-экономикалық дамудың және республикалық бюджеттің орындалуының 2018 жылғы 11 айдағы қорытындылары туралы» отырысында айтып берді.
Ол жыл қорытындысы бойынша инфляция 5-7% нысаналы дәліздің төмен шегіне жақын болады деп күтілетінін атап өтті.
«Қазақстан Ұлттық Банкі 5 желтоқсанда базалық мөлшерлемені 9,25% деңгейде сақтады. Базалық мөлшерлеменің ағымдағы деңгейі теңгемен активтерге сұранысты арттыруға және қолайлы ақша-кредит талаптарын сақтауға мүмкіндік береді», - деді Д. Ақышев.
Ол валюта нарығында теңге бағамы 2018 жылғы 11 айда 11,8%-ға әлсіреп, бір АҚШ доллары үшін 371,56 теңгені құрағанын қоса айтты.
«Қазақстан Ұлттық Банкі өзгермелі айырбастау бағамы режимін қамтамасыз етеді. Бұл бағамның Ұлттық Банктің қатысуынсыз валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныс әсерімен ғана қалыптасатынын білдіреді. 2018 жылы теңгенің әлсіреуі соңғы айларда мұнайдың әлемдік бағасының серпініне, АҚШ долларының дамушы елдердің валюталарына қатысты нығаюына, АҚШ ФРЖ мөлшерлемесінің өсуіне, Ресей рублінің әлсіреуіне байланысты болды», - деп түсіндірді Д. Ақышев.
Д. Ақышев айтқандай, Қазақстан Ұлттық Банкі нысаналы мәндерді белгілемейді және айырбастау бағамы үшін қандай да бір индикаторды пайдаланбайды. «Қазіргі өзгермелі айырбастау бағамы саясатының бұрынғы саясаттан негізгі айырмашылығы – бұрын мемлекет Қазақстан Ұлттық Банкі арқылы теңге бағамын өзгерту уақыты мен мөлшерін өз қалауымен айқындады. Қазір бағамды экономика мен қоғам дербес айқындайды. Ол саяси шешімдер мен оқиғаларға тәуелді емес», - деп түсініктеме берді Д. Ақышев.
Оның айтуынша, соның салдарынан, теңге бағамы валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың балансы негізінде өзгермелі жағдайға автоматты түрде түзетіледі және тепе-тең деңгейге ұмтылады.
Данияр Ақышев Қазақстан Ұлттық Банкінің алтынвалюта резервтері туралы да айтып берді. Ол қарашаның соңында алдын ала деректер бойынша олар 30,2 млрд АҚШ доллары, Ұлттық қордың активтері 57,6 млрд АҚШ доллары болғанын атап өтті. Жалпы халықаралық резервтер 87,8 млрд АҚШ долларын құрады.
«Ағымдағы жылғы 10 айда депозиттер 0,8%-ға 17,6 трлн теңгеге дейін өсті. Ұлттық валютамен депозиттердің өсуі 2,3% болды. Шетел валютасымен депозиттер 1,0%-ға төмендеді. Нәтижесінде, депозиттерді долларландыру қазанның соңында 46,9% болды», - деп айтты Қазақстан Ұлттық Банкінің басшысы.
Оның айтуынша, кредиттеу нарығы қалпына келуде. Ағымдағы жылғы 10 айда жаңа кредиттер беру 25,1%-ға немесе 2,2 трлн теңгеге өсті. Қайта құрылымдаудан өткен және лицензиядан айырылған банктердің кредит портфелін қоспағанда, экономиканы кредиттеудің жылдық өсуі 8,3%-ға немесе 966,5 млрд теңгеге бағаланады. Кәсіпорындарға теңгемен кредиттер бойынша мөлшерлеме жыл басындағы 13,2%-дан 2018 жылғы қазанда 12,5%-ға дейін төмендеді.
«Экономиканың басым секторлары үшін 600 млрд теңге сомаға ұзақ мерзімді ресурстар беру міндеті шеңберінде Қазақстан Ұлттық Банкі Үкіметпен және банктермен бірлесіп жобаларды қаржыландыру тетіктерін әзірледі. Бұл бағыт 2019 жылы кредиттеудің қосымша өсуін қамтамасыз етеді»,- деп атап өтті Д. Ақышев.
Ол «7-20-25» бағдарламасының 7 банк арқылы жүзеге асырылатынын атап өтті.6 желтоқсандағы жағдай бойынша банктер 41 млрд теңге сомаға 3400 өтінімді мақұлдады.
«Қазақстан Ұлттық Банкі халықпен белсенді түсіндіру жұмысын жүргізуде. Бағдарламаны іске асыру барысы тұрақты түрде республикалық және аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде жария етіледі. Сall-орталық тәулік бойы жұмыс істейді», - деп толықтырды Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы.
Д. Ақышев 4 желтоқсаннан бастап Қазақстан қор биржасы бүкіл мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша сауда-саттықты Т+2 есеп айырысу схемасына аударғанын еске салды. «Бұл формат халықаралық стандарт болып табылады. Ол бұл нарыққа шетелдік капитал ағынын ұлғайту үшін оңтайлы жағдайды қамтамасыз етеді», - деп түсініктеме берді ол.
Қазақстан Ұлттық Банкінің басшысы 2018 жылғы 27 қарашада Ұлттық Банк Орталық Азия елдерінен бірінші болып IOSCO мүшесі атанғанын атап өтті. Ұлттық Банк IOSCO-мен Консультациялар, ынтымақтастық және ақпарат алмасу мәселелері бойынша өзара түсіністік туралы көпжақты меморандумға қол қойды.
«Бұл Қазақстандағы бағалы қағаздар нарығына қатысушылар үшін көп бәсекелес басымдықтар жасайды. Қосымша екіжақты келісімге қол қою қажеттілігі болмай, шетелдік реттеушілермен өзара іс-қимыл бойынша реттеушінің барынша тиімді жұмысын қамтамасыз етеді», - деді сөзін қорытындылай келе Д. Ақышев.