Қазақстанды, Кавказ бен Орталық Азияның көп бөлігін қоса алғанда, дамушы экономикасы бар көптеген ел, сондай-ақ Ресей инфляциялық таргеттеу режиміне өтті немесе өту кезеңінде тұр. Бұл туралы ХВҚ Қазақстан бойынша Миссиясының басшысы Марк Хортон Қазақстан қаржыгерлерінің VIIІ конгресінің сессиясында сөз сөйлеу барысында айтып берді.
Ол, инфляциялық таргеттеудің орталық банктер үшін талдау, ашықтық және коммуникациялар кезінде жоғары стандарттарды белгілейтінін атап өтті.
«Инфляциялық таргеттеу режимін ойдағыдай енгізу үшін ішкі және сол сияқты сыртқы деңгейде болжаудың және талдаудың тиімді жүйесі қажет. Орталық банктің тәуекелдері мен реакциялық саясатын талқылау өте маңызды», - деп атап өтті М. Хортон.
Ол, 2014 жылдан бастап Қазақстан Ұлттық Банкінің мынадай күрделі міндеттерге ұшырағанын қоса айтты: мұнайдың бағасы және оның айырбастау бағамына әсер етуі, пайыздық мөлшерлеменің құбылмалылығы, банк секторының сын-қатерлері. Оның айтуынша, осы міндеттерге қарамастан, инфляциялық таргеттеуге өту кезінде айтарлықтай прогреске қол жеткізілді.
«Оң жетістіктердің арасында сондай-ақ инфляцияның барынша төмен және болжанатын деңгейін, берілген дәліздің пайыздық мөлшерлемесінің сәйкес келуін, айтарлықтай жақсарған болжауды және коммуникацияларды, аздаған өктемдік бар еркін өзгермелі бағам режимін, және нәтижесі ретіне Қазақстан Ұлттық Банкінің ақша-кредит саясатына деген үлкен сенімділікті атап өтуге болды», - деп түсіндірді Марк Хортон.
Алайда, ХВҚ Қазақстан бойынша Миссиясының басшысы атап өткендей, кейбір сын-қатерлер әлі де қалуда, мысалы, ақша трансмиссиясының көтерілуі (долларлану, айырбастау бағамының икемділігі), инвестициялық күтулерді болжау және басқару, негізгі қызметке назар аудару (секторлық қолдау, кредиттерді субсидиялау, активтерді басқару).