Соңғы жылдары ЕАЭО-ның барлық елдері де-юре немесе де-факто инфляциялық таргеттеу режимін қолдана бастады. Ол созылмалы жоғары инфляция мен экономиканың сыртқы жағдайларға осалдылығы сияқты проблемаларды шешуде тиімді екенін көрсетіп отыр. Ол жөнінде бүгін Ресей Федерациясының Орталық банкінің Төрағасы Эльвира Набиуллина Алматы қаласында өтіп жатқан Қазақстан қаржыгерлерінің VIII конгресінде сөйлеген сөзінде айтып өтті.
«Ресей бұл саясатқа 2014 жылдың соңында, Қазақстан кешірек көшті. Қазіргі күні бұл саясат өзінің жемісін беруде. Барлық елдерде инфляция қазір жоғары деңгейден төмен түсті. Ресейде ол бір жарым жыл көлемінде 4%-дан төмен тарихи төмен деңгейде тұр. Бұл ретте елдер арасындағы инфляция деңгейлері жақындады. Осының барлығы жағдайды бизнес пен азаматтар үшін неғұрлым болжамды етеді», - деп атап өтті ол.
Э. Набиуллинаның сөзінше, мұндай саясат әр ел үшін ерекше болатын сын-қатерлерге ден қоюда жеткілікті икемділікке, экономиканың күйзелістерге тез бейімделуіне мүмкіндіктер береді. Алайда, бұл орталық банктің бейқам болып, баға белгілеу, сондай-ақ қаржылық тұрақтылық саласында ішкі және сыртқы тәуекелдерді қадағалау және бақылау қажеттілігін төмендету үшін мүмкіндіктерінің пайда болғанын білдірмейді.
«Жаңа тәуекелдер үнемі пайда болып отырады, бұл жағдайда бір әрқашан дайын болуымыз керек. Қазіргі таңда мен жаңа екі маңызды тәуекелді, екі құбылмалылық көзін атап өтер едім. Біріншісі – бұл шикізат тауарларына бағалардың ауытқып тұруы. Ресей мен Қазақстан үшін бұл, бірінші кезекте, мұнай мен газ» - деп Ресей Федерациясының Орталық банкінің Төрағасы баса айты. Э.Набиуллина еркін өзгермелі бағам экономиканың мұндай күйзелістерге бейімделуі үшін жақсы мүмкіндіктер беретінін атап өтті. Бағалардың қатты ауытқуы кезінде бағамның, инфляцияның, оның салдарынан пайыздық мөлшерлемелердің қатты құбылмалылығын байқауға болады. «Мұндай жағдайларда, тек орталық банктің күш салуы жеткіліксіз, үкімет тарапынан қолданылатын сыртқы күйзелістерден қорғайтын буферлер құру, бюджеттік шығыстарды және нәтижесінде экономика мен валюта бағамын тұрақтандыратын бюджеттік қағидалар немесе оның баламалары сияқты шаралар қажет», - деді ол.
Ресей Федерациясының Орталық банкі Төрағасының сөзінше, құбылмалылықтың екінші сыртқы көзі – капитал ағындарындағы нарықтарға өзгерістер болып табылады, ол, ең алдымен, дамыған елдердегі ақша-кредит саясатын қалыпқа келтіру, сондай-ақ соңғы жылдары олардың саны әлемде күрт өсіп кеткен геосаяси факторлар мен сыртқы сауда шектеулерімен байланысты болды.
«Монетарлық саясат саласында сияқты, банктердің қалыптасуы саласында біздің елдер тез даму жолымен жүрді, көптеген институттар нөлден құралып, осы уақытқа дейін өсу сатысындағы кейбір кемшіліктерді бастан өткеріп отыр. Банк жүйесіндегі капиталдың және оның баламаларының жеткіліксіздігі, шамадан тыс валюталық тәуекелдер, күмәнді операциялар, клиенттердің қаражатын меншік иелерінің жобаларын қаржыландыруға пайдалану сияқты проблемаларды қаржы жүйесінің орнықтылығын, экономикалық өсу үшін оның жұмысын қамтамасыз ету үшін күнде шешімін табу қажет проблемалар. Өкінішке орай, проблемалардың бөлігі өте ауқымды болып шықты. Банк секторында оларды 2008 жылғы дағдарыс жан-жақты көрсетті. Банк жүйесін мемлекет аман сақтап, оның қоғамға тигізетін салдарын еңсеруге мүмкіндік берді, алайда көптеген банктер сол дағдарыстан әлі күнге дейін шыға алмауда », - деп айтып берді Э. Набиуллина.
Ол, сондай-ақ бұрынғы проблемалар әлі күнге дейін шешімін табуды қажет ететінін айтты. Соңғы жылдары Ресейде 400 астам банктің лицензиясы кері қайтарылып алынды, 30-дан астам банк тазартылды, оның ішінде 3 өте ірі банк топтары. Ұқсас процестер басқа нарықтарда да, атап айтқанда сақтандыру, зейнетақы қорлары нарығында және микроқаржы компанияларында жүріп жатыр.
«Қатаң қадағалаусыз біздің жағдайларда қалыпты қаржы жүйесін құру мүмкін емес. Қазақстан да банк секторын қалыпқа келтіруді бастан өткеруде. Осы күрделі, бірақ та біздің ұлттық экономикаларымыздың бұдан әрі орнықты дамуы үшін ерекше маңызды кезеңнен өтуіміз қажет.
Э. Набиуллинаның сөзі бойынша, қадағалаумен қатар реттеуді де дамыту қажет. Ол жаңа сын-қатерлер мен тәуекелдерге барабар болуы, тәуекелдердің іске асырылуы жағдайында жеткілікті буферлер құруға қаржы институттарын ынталандыруға ғана емес, экономиканы кредиттеуді және жалпы қаржы нарығын дамытуға тиіс.
«Біз интеграция жолымен дамып келе жатқанымызға байланысты, мәселелердің кең ауқымы бойынша ақпараттық алмасу, реттеу және қадағалаудағы тәсілдерді үйлестіру аса маңызды, оларды біз ортақ қаржы нарығын қалыптастыру шеңберінде басымды бағыттың бірі ретінде қарастырып отырмыз», - деп атап өтті ол.
Э. Набиуллина сондай-ақ, қаржы нарығы реттеушілерінің ынтымақтастығының қажеттілігі туралы айтты. Бұл орталық банктер қызметі салаларының барлығында дерлік маңызды. «Ықпалдасқан нарықтар жағдайында ақша-кредит саясаты саласындағы шешімдерді бір-бірінің экономикалық процестерін және саясатын ескере отырып қабылдау қажет. Қадағалауда, кибер тәуекелдерге қарсы күресте, сондай-ақ ақшаны жылыстатуға қарсы күресте ақпараттар және үздік тәжірибелермен алмасу маңызды. Бұл ретте, біздің елдер арасында мұндай тетіктердің бар екендігі және белсенді дамуы қуантарлық жағдай. Ол екіжақты және көпжақты негізде жүзеге асырылуда. Ортақ қаржы нарығын құру бойынша біздің жұмысымыз мұндай институттардың одан әрі нығаюына ықпал ететініне кәміл сенемін», - деді ол баяндамасының соңында.