Бүгін Қазақстан Ұлттық Банкі Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығымен және Қазақстан қор биржасымен (KASE) бірлесіп ұйымдастырған Қазақстан қаржыгерлерінің VIII конгресі жұмысын бастады.
2018 жылы теңгенің енгізілуінің 25 жылдығы сияқты мемлекетіміздің қаржы жүйесі үшін маңызды оқиғаның аталып өтетіндігін назарға ала отырып, әлемнің түрлі 20 елінен 300-ден аса қатысушы Конгреске қатысу үшін Алматыға келді, олардың ішінде орталық банктердің басшылары, халықаралық қаржы ұйымдарының өкілдері және қаржы нарығының кәсіби қатысушылары бар.
Қазақстан қаржыгерлері конгресі VIII отырысының ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ерболат Досаев, Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Данияр Ақышев және Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы кеңесінің Төрағасы Елена Бахмутова құттықтау сөз сөйледі.
Қазақстан қаржыгерлерінің VIII конгресі спикерлерінің ішінде ХВҚ Қазақстан бойынша миссиясының басшысы Марк Хортон, Ресей Федерациясы Орталық банкінің Төрағасы Эльвира Набиуллина, РФ Орталық банкі Төрағасының орынбасары Василий Поздышев, Моңғолия Орталық банкінің Төрағасы Надмид Баярсайхан, Пәкістан Мемлекеттік банкі Төрағасының орынбасары Джамиль Ахмад, Мемлекетаралық банктің Президенті Игорь Суворов, Германияның Федералдық қаржылық қадағалау басқармасының Халықаралық саясат, қаржылық тұрақтылық және реттеу департаментінің директоры (BaFin) Петер Крушель, Чехия Орталық банкі Басқармасының мүшесі Войтех Бенда және басқалары бар.
Биыл іс-шара жаңа форматта өтеді. Қазіргі заманда орталық банктердің алдында тұрған сын-қатерлерге арналған тақырыптар бойынша түрлі сессиялар, сондай-ақ ұлттық валюталарды трансшекаралық есеп айырысуларда пайдалану, тәуекелге бағдарланған қадағалау, ипотекалық форум, сондай-ақ қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша сессиялар өтеді деп болжанады.
Ұлттық валюта теңгенің енгізілуінің 25 жылдығын мерекелеуге байланысты сессиялардың бірі қолма-қол ақшаны пайдалану тақырыбына арналған, оның барысында қолма-қол ақша айналысының және оның болашағының мәселелерін талқылау жоспарланып отыр.
Қаржыгерлердің VIII конгресінің аясында Қазақстан биржалық форумы өтпек, оның күн тәртібі «Қор биржаларының экономиканың орнықты дамуындағы рөлі» деп аталады. Қазақстан биржа форумы қор нарығының және Орталық Азия өңірінің орталық пікірталас алаңы болмақ, онда экономиканы қор нарығының құралдары арқылы қаржыландыру, биржа инфрақұрылымын дамыту және биржа құралдарын ілгерілету мәселелерін көтеру жоспарланып отыр. Іс-шара спикерлерінің ішінде – Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Ж.Б.Құрманов, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы Кеңесінің Төрағасы Е.Л. Бахмутова, «Қазақстан қор биржасы» АҚ Басқарма Төрағасы А.Ө. Алдамберген, Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Т.М. Сүлейменов, Қазақстан Даму Банкінің Басқарма Төрағасы Б.Б. Жәмішев, Мәскеу биржасының Ақша және мерзімді нарықтар жөніндегі басқарушы директоры, Басқарма мүшесі, ТМД ХБҚ Төрағасы И.Л.Марич, Дүниежүзілік биржалар федерациясының Президенті Нандини Сукумар, Clearstream Вице-Президенті Ян Виллемс, Абу-Даби Қор биржасының Президенті Рашед А. Аль Блуши, Катар Қор Биржасының Президенті Рашид Бин Али Аль-Мансури және басқалары бар.
Қазақстан қаржыгерлерінің конгресі сілтеме бойынша тікелей көрсетіледі.