Қазақстанның барлық өңірлерінен балалар суретіне арналған, ұлттық валюта – теңгенің 25 жылдығы шеңберінде Қазақстан Ұлттық Банкі ұйымдастырған байқауға 700-ден аса жұмыс келіп түсті. Байқауға балалар шығармашылық ұжымдарының өкілдері, сондай-ақ балалар үйлері мен мектеп-интернаттардың тәрбиленушілері белсене қатысты.
Құрамына ҚРҰБ-ның банкноттар мен монеталар дизайны саласындағы сарапшылары, Суретшілер ордағының және Алматы қаласындағы балалар басылымдарының өкілдері кірген Байқау комиссияның мүшелері «Ең үздік бейнеленген банкнот» және «Ең үздік бейнеленген монета» номинациялары бойынша 12 жұмысты айқындады.
Сонымен бірге Байқау комиссиясы іріктеп алған, бірақ жеңімпаздар қатарына кірмеген 25 балалар жұмысы «Көрермендер көзайымы» номинациясы бойынша одан әрі онлайн-дауыс беру үшін ҚРҰБ-ның ресми интернет-ресурсына орналастырылды.
Қазақстан балаларының арасында «Теңге балалардың көзімен» тақырыбы бойынша банкноттар мен монеталардың ең үздік бейнесіне арналған балалар суретінің ашық байқауы ағымдағы жылғы 1 қыркүйектен бастап 26 қазан аралығында өткендігін еске саламыз. Байқауға қатысқан жұмыстар балалардың жасына қарай мынадай екі санатқа бөлінді: 6 -10 жас аралығы және 11 - 14 жас аралығы. Әрбір санат бойынша үш жүлделі орын белгіленген.
Байқаудың негізгі мақсаты – дарынды балаларды анықтау және ынталандыру, жас суретшілерге өздерінің шығармашылық әлеуетін ашуға мүмкіндік беру, ұлттық валюта – теңгенің бірегей сипатын көрсету.
Балалар суреті байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі 2018 жылғы 12 қарашада ҚР Ұлттық Банкінде өтеді. Марапаттау рәсімі аясында «Ақшаның тарихы. Теңгемен бірге саяхат» атты балаларға арналған кітаптың, «Ұлан» және «Дружные ребята» республикалық балалар газеттерінде шығатын қаржылық сауаттылық жөніндегі балаларға арналған қосымшалардың, сондай-ақ жастарға арналған «OYLA» ғылыми-танымдық журналының тұсаукесері болады.