Бұл туралы ҚР Ұлттық Банкінің Төрағасы Д. Ақышев Ақша-кредит саясаты жөніндегі техникалық комитеттің 2017 жылғы 28 қаңтарда өткен отырысында хабарлады. ҚР ҰБ басшысының пікірі бойынша, жаз айларында инфляция деңгейінің 17%-дан жоғары болғанын ескере отырып, қысқа мерзімді кезеңде (4 айда) екі рет төмендету Ұлттық Банк өткізетін саясаттың дұрыс көрсеткіші болып табылады.
Д. Ақышев атап өткендей, басқа орталық банктер үшін инфляцияны осылайша айтарлықтай төмендетуге көп уақыт кеткен болар еді. Салыстыру үшін, Ресейде еркін өзгермелі режімге өткеннен кейін инфляция деңгейін 16,9% ең жоғары мәннен 10 айда (2015 жылғы наурыз – 2016 жылғы қаңтар) бірмәнді цифрға дейін төмендете алды. Әзірбайжанда 2015 жылғы девальвациядан кейін инфляция бәрібір бірмәнді шамаға дейін төмендеген жоқ, ал соңғы айларда өскенін көрсетіп отыр (2016 жылғы желтоқсанда – 15,7%).
Ағымдағы жылы Қазақстанда инфляция бойынша нысаналы дәліз 6-8% деңгейінде белгіленді. ҚР Ұлттық Банкінің бағалауы бойынша жақын арадағы 1-2 айда инфляция осы дәлізге кіреді және күйзелістер болмаған кезде онда 2017 жыл бойы сақталады.
Техникалық комитет ҚР ҰБ-ның ұйымдық құрылымына кірмейтін алқалы органы болып табылады, оның негізгі функциясы Ұлттық Банктің ақша-кредит саясаты саласындағы келісілген, жедел іс-қимылдарын айқындау болып табылады. Отырыстарда Ұлттық Банктің қаржы нарықтарындағы алдағы кезеңге арналған іс-қимылдары әзірленеді, ақша-кредит саясатының негізгі операциялары бойынша сыйақы мөлшерлемелерінің деңгейі айқындалады.