Бүгін ҚР Ұлттық Банкінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өткізілді, оның барысында журналистерге ҚРҰБ жүргізетін ақша-кредит саясатының негізгі мәселелері бойынша түсініктемелер берілді, сондай-ақ инфляциялық таргеттеу режімі шеңберінде талдамалық және зерттеу жұмысының нәтижелері ұсынылды.
ҚРҰБ Зерттеулер және статистика департаментінің директоры Виталий Тутушкин атап өткендей, Ұлттық Банктің негізгі мақсаты баға тұрақтылығын қамтамасыз ету болып табылады. «Бағаның ұзақмерзімді перспективада тұрақтылығы ұзақмерзімді орнықты экономикалық дамуына ықпал етеді. Ұлттық Банк баға тұрақтылығын қамтамасыз етумен қатар қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге қолдау көрсету, сыртқы күйзелістердің экономикаға әсерін жұмсарту және қаржы жүйесіндегі теңгерімсіздіктердің жинақталуын болдырмау үшін жағдайлар жасайды», - деді ол сөз сөйлеген кезде.
Оның айтуынша, Ұлттық Банк инфляциялық таргеттеу режімі кезінде инфляцияның нысаналы деңгейін белгілейді, оған қол жеткізу ақша-кредит саясатының құралдарын қолдана отырып жүзеге асырылады. «Инфляцияның 2017 жылға арналған нысаналы деңгейі – 6-8%, 2018 – 5-7%, 2019 – 4-6%, 2020 – инфляцияны 4%-дан аз деңгейде сақтау», - деп нақтылады В. Тутушкин.
ҚРҰБ өкілі инфляциялық таргеттеу режімінің негізгі басымдықтарын атап өтті, оларға сәйкес ҚРҰБ 2015 жылғы тамыздан бастап өзінің ақша-кредит саясатын жүргізеді. Бұл АКС мақсаттарын нақты айқындау; нарықтардың АКС-ға сенімінің өсуі; инфляциялық күтулерді басқару; АКС-ның ашықтығы және транспаренттілігі; экономиканың тұрақты өсуіне қолдау көрсету; орталық банктің үкіметтен тәуелсіздігі.
«2016 жыл бойы Ұлттық Банк экономикадағы ақша-кредит жағдайларына әсер ету және түпкілікті нәтижесінде инфляция бойынша негізгі мақсатқа жету үшін инфляциялық таргеттеудің негізгі құрамдас бөліктерін іс жүзінде енгізіп, жетілдіріп отырды», - деп қорытындылады В. Тутушкин.
