Қолдан жасалған банкноттарды дайындаудың ең көп таралған әдісі оларды лазерлік принтерде басып шығару болып қалуда. Бұл туралы ҚР Ұлттық Банкінің Қолма-қол ақшамен жұмыс жүргізу басқармасының бастығы Тоғжан Әбішева хабарлады.
Оның айтуынша, бір бөлігі түпнұсқа, ал екіншісі ағынды принтерде басып шығарылған екі желімделген бөліктен тұратын қолдан жасалған банкноттар сирегірек кездеседі. «Бұл ретте ағынды принтердің көмегімен басып шығарылған банкноттың бөлігінде ультракүлгін қорғаныш болмайды, ал жарыққа тосып қараған кезде екі бетін желімдегеннен айқын із көрініп тұрады, – деп атап өтті. – Сонымен қатар 2016 жылы 2014 жылғы үлгідегі номиналы 1000 теңгелік банкноттарды қолдан жасаудың жаңа түрлері пайда болды. Бұл банкноттар ағынды принтерде басып шығарылды. Қорғаныш жібі және «Спарк» элементі жылтырағы бар тырнаққа арналған лакпен салынған».
Ол сондай-ақ номиналы 5000 және 10000 теңгелік банкноттарды қолдан жасау жағдайларының орын алғанын хабарлады. «Самұрық» құсы түріндегі сутамғы белгісі банкноттың сырт жағынан негізінен трафаретпен ақ бояумен салынды. Сонымен бірге СПАРК қорғаныш элементінің барыстың қанаты және көгершіннің бейнесі түрінде салынуы кездесті, ол түпнұсқа банкноттың көлбеу бұрышын ауыстыруға орай түсін өзгертуге тиіс. Әрине, қолдан жасалған банкноттарда мұндай әсер болмайды», – деді Қазақстан Ұлттық Банкінің өкілі.
«1000 теңгелік жалған банкноттарда сырт жағынан «ОПТИКС» қорғаныш элементін салу үшін қағазда ойып алынған терезе айқын көрінеді. Бұдан басқа, қорғаныш жібін салуға тырысқан кезде түпнұсқа ақшада болуға тиіс бояу ауыстыру әсері мен жазба жоқ», – деп толықтырды ол.
Қолдан жасалған банкноттарды арнайы касса техникасы арқылы оп-оңай анықтауға болады. «Банк терминалы қолдан жалған банкнотты қабылдамайды, себебі техника арқылы тануға болатын арнайы белгілер бойынша танып біледі. Қолдан жасалған ақша белгілерін анықтаған жағдайда бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің экономикалық зерттеулер қызметіне не полицияға тез арада хабарлау қажет», – деп қорытындылады Т. Әбішева.