Қазақстанда ұлттық валюта – теңгенің сапалы қолдан жасалу үлгілері жоқ. Бұл туралы ҚР Ұлттық Банкінің Қолма-қол ақшамен жұмыс жүргізу басқармасының бастығы Тоғжан Әбішева хабарлады.
«Барлық қолдан жасалған үлгілер түрлі-түсті принтерлерде және кәдімгі офсеттік қағазда жасалады және оларды арнайы касса техникасы арқылы оп-оңай анықтауға болады. Банк терминалы мұндай банкнотты қабылдамайды, себебі техника арқылы тануға болатын арнайы белгілер бойынша танып біледі», – деп атап өтті Т. Әбішева.
Ұлттық Банктің өкілі сондай-ақ жалған ақшаны жасауға қарсы іс-қимыл бойынша жұмысты құқық қорғау органдары мен қаржы реттеушісі тұрақты негізде жүргізетінін атап өтті.
Мәселен, 2016 жылы Ұлттық Банкке 10 744 680 теңге сомаға 3 469 күмәнді ақша белгісі сараптамаға келіп түсті, олардың ішінде 2 067 070 теңге сомаға 928 ақша белгісі қолдан жасау белгілері бар деп танылды. 2015 жылмен салыстырғанда жалған ақша белгілерінің саны 145 данаға азайды.
«Негізінен орта номиналдағы банкноттарды қолдан жасайды, себебі олар айналыста кеңінен таралған және оларға баса назар аудармайды. 2016 жылы Ұлттық Банктің сарапшылары 2012 жылғы үлгідегі номиналы 2000 теңгелік 261 банкнотты (анықталған қолдан жасалған банкноттардың жалпы санынан 28%), 2014 жылғы үлгідегі номиналы 1000 теңгелік 155 банкнотты (анықталған қолдан жасалған банкноттардың жалпы санынан 16%) анықтады», – деп нақтылады ол.