2018 жылғы сәуірдегі инфляция және инфляциялық күтулер
Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің деректері бойынша 2018 жылғы сәуірде инфляция 0,4%, жылдың басынан бері – 2,2% (2017 жылғы қаңтар-сәуірде – 2,7%) болды.
Жылдық инфляция 6,5% деңгейде қалыптасты және 2018 жылдың соңында Ұлттық Банктің 5-7% нысаналы дәлізінің ішінде. Инфляцияның құрылымында жылдық көрсеткіш бойынша азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы 8,5%-ға, азық-түлік тауарларына және ақылы қызмет көрсету – тиісінше 5,5% және 5,7%-ға өсті.
2018 жылғы сәуірде халықтың инфляциялық күтулерінің аздап өсуі байқалды. Халықтың пікіртерім нәтижелері бойынша бір жылдан кейін күтілетін сандық бағалау нақты инфляцияның мәніне жақындап, 6,3% болды.
2018 жылғы сәуірдегі халықаралық резервтер және ақша агрегаттары
2018 жылғы сәуірде Ұлттық Банктің жалпы халықаралық резервтері, алдын ала деректер бойынша 3,7%-ға немесе 1,1 млрд. АҚШ долларына 31,8 млрд. АҚШ долларына дейін өсті (жыл басынан бері 3,4%-ға немесе 1,0 млрд. АҚШ долларына өсті).
Елдің халықаралық резервтері тұтастай алғанда, Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтерін (58,9 млрд. АҚШ долл.) қоса алғанда, 2018 жылғы сәуірдің соңында 90,7 млрд. АҚШ доллары болды.
Үкіметтің Ұлттық Банктегі шоттарына валютаның түсуі Ұлттық қордың активтерін толықтыру, Үкіметтің сыртқы борышына қызмет көрсету бойынша операциялармен бейтараптандырылды. Бұдан басқа, банктердің шетел валютасындағы корреспонденттік шоттарындағы қалдықтар ұлғайды.
Ақша базасы сәуірде 5,1%-ға кеңейді және 4 799,9 млрд. теңге болды. Тар ақша базасы, яғни екінші деңгейдегі банктердің Ұлттық Банктегі мерзімді депозиттерін есептемегендегі ақша базасы 4 590,0 млрд. теңгеге дейін 8,3%-ға кеңейді.
Сәуірдегі ақша массасы алдын ала деректер бойынша 1,7%-ға ұлғайды және 18 940,9 млрд. теңге болды, айналыстағы қолма-қол ақша 1 886,1 млрд. теңгеге дейін 4,2%-ға ұлғайды.
Ұлттық Банктің ақша-кредит саясаты саласындағы операциялары
Ұлттық Банктің шешімімен 2018 жылғы 17 сәуірден бастап базалық мөлшерлеме +/-1%[1] дәлізбен жылдық 9,25%-ға дейін төмендеді.
Қазақстан Ұлттық Банкінің қысқа мерзімді ноттары. 2018 жылғы сәуірдің соңында айналыстағы ноттардың көлемі бір айда 0,4%-ға ( жыл басынан бері 31,0%-ға өсу) төмендеп, 4 171,6 млрд. теңгені құрады.
Қысқа мерзімді ноттар эмиссиясының көлемі 2018 жылғы сәуірде 4 931,2 млрд. теңге болды. 28 аукцион, оның ішінде 3 495,7 млрд. теңге сомаға 7 күндік ноттарды орналастыру бойынша 21 аукцион, 1 060,2 млрд. теңге сомаға 1 айлық ноттарды орналастыру бойынша 4 аукцион, 118,7 млрд. теңге сомаға 3 айлық ноттарды орналастыру бойынша 1 аукцион, 77,4 млрд. теңге сомаға 6 айлық ноттарды орналастыру бойынша 1 аукцион және 179,2 млрд. теңге сомаға 1 жылдық ноттарды орналастыру бойынша 1 аукцион өткізілді.
Ұлттық Банктің қысқа мерзімді ноттарының өтелген көлемі 2018 жылғы сәуірде 4 966,8 млрд. теңгені құрады.
Орналастырылған 7 күндік ноттар бойынша орташа алынған кірістілік 8,51%,1 айлық ноттар бойынша – 8,58%, 3 айлық ноттар бойынша – 8,45%, 6 айлық ноттар бойынша – 8,41%, 1 жылдық ноттар бойынша – 8,47% болды.
Тұрақты қолжетімді ақша-кредит саясатының құралдары. 2018 жылғы сәуірдің соңында Ұлттық Банктің ашық позициясының көлемі тікелей РЕПО операциялары бойынша 173,2 млрд. теңге, кері РЕПО операциялары бойынша – 181,2 млрд. теңге, Ұлттық Банктегі банктік депозиттері – 178,0 млрд. теңге болды.
Ұлттық Банктің ақша нарығындағы операцияларының теріс сальдосы (Ұлттық Банктің ашық позициясы) ашық нарықтағы операциялар бойынша және тұрақты қолжетімді құралдар бойынша бір айда 143,8 млрд. теңгеге азайды және сәуірдің соңындағы жағдай бойынша 3,2 трлн. теңге болды.
Ақша нарығында ақша-кредит саясатының операцияларын жүргізу кезінде таргеттелетін (нысаналы) мөлшерлеме болып табылатын TONIA индикаторы[1] 2018 жылғы сәуірде Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесінің пайыздық дәлізінің төменгі шегіндегі деңгейде қалыптасты. Орташа алынған мәні жылдық 8,48% (2018 жылғы наурызда – 8,56%) болды.
Кірістілік қисығын қалыптастыру.
2018 жылғы қаңтар-сәуірде Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі 77,3 млрд. теңгеге мемлекеттік бағалы қағаздарды орналастыруды жүзеге асырды. 5 аукцион өткізілді (қаңтарда, наурызда және сәуірде), онда 15 жылдық, 14 жылдық және 10 жылдық МЕУКАМ орналастырылды. Олар бойынша орташа алынған кірістілік 8,45% – 8,66% аралығында болды.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің айналыстағы бағалы қағаздарының көлемі 2018 жылғы сәуірдің соңында 6 857,4 млрд. теңге болды.
Бұл ретте кірістіліктің қисықтың қысқа мерзімді және орта мерзімді секторларының бойымен төмендеуі және оның нысанының біртіндеп қалпына келуі жалғасуда.
2018 жылғы сәуірдегі валюта нарығы
2018 жылғы сәуірде теңгенің айырбастау бағамы бір АҚШ доллары үшін 319,24-330,88 теңге ауқымында өзгерді. 2018 жылғы сәуірдің соңында теңгенің АҚШ долларына қатысты биржалық бағамы бір айда 2,8%-ға әлсіреп (жыл басынан бастап нығаю 1,5%), бір АҚШ доллары үшін 327,25 теңге болды.
2018 жылғы сәуірде KZT/USD валюталық жұбы бойынша операциялардың жалпы көлемі 17,0 млрд АҚШ доллары (бір айда 41,7%-ға ұлғаю), оның ішінде Қазақстан қор биржасындағы биржалық сауда-саттықтардың көлемі – 4,4 млрд АҚШ доллары (бір айда 84,9%-ға ұлғаю), биржадан тыс валюта нарығындағы операциялардың көлемі – 12,6 млрд АҚШ доллары (бір айда 31,1%-ға ұлғаю) болды. KZT/USD валюталық жұбымен сауда-саттықтың өскен көлемі Ресей нарықтарының құбылмалылығына байланысты әсері болып табылады.
2018 жылғы сәуірде халық нетто-негізде 146,1 млрд. теңгеге балама сомаға қолма-қол шетел валютасын сатып алды. Шығыстардың негізгі көлемі 52,9% немесе 77,3 млрд. теңгеге Ресей рублін, 30,5% немесе 44,6 млрд. теңгеге АҚШ долларын, 15,8%-ға жуық (23,1 млрд. теңге) еуро сатып алуға бағытталды. Өткен аймен салыстырғанда аталған шығыстар 0,4%-ға артты (еуро мен Ресей рублін сатып алуға шығыстар тиісінше 24,6% және 13,5%-ға артты, АҚШ долларын сатып алуға 23,4%-ға азайды).
2018 жылғы сәуірдің соңындағы жағдай бойынша депозит нарығы
Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттерінің көлемі 2018 жылғы сәуірдің соңында 17 054,8 млрд. теңге (бір айда ұлғаю 1,4%) болды. Заңды тұлғалардың депозиттері 8 905,2 млрд. теңгеге дейін 0,9%-ға, жеке тұлғалардың депозиттері 8 149,6 млрд. теңгеге дейін 1,9% - ға өсті.
Ұлттық валютадағы депозиттердің көлемі бір айда 9 376,9 млрд. теңгеге дейін 0,5%-ға қысқарды, шетел валютасымен 7 678,0 млрд. теңгеге дейін 3,8%-ға ұлғайды. Долларландыру деңгейі сәуірдің соңында 45,0% (наурызда – 44,0%) болды.
Заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы депозиттері 2018 жылғы сәуірде 5 227,3 млрд. теңгеге дейін 2,5%-ға қысқарды, шетел валютасымен 3 677,9 млрд. теңгеге дейін 6,2%-ға (заңды тұлғалардың депозиттерінен 41,3%) өсті.
Жеке тұлғалардың теңгемен депозиттері 4 149,6 млрд. теңгеге дейін 2,1%-ға ұлғайды, шетел валютасымен 4 000 млрд. теңгеге дейін 1,7%-ға (жеке тұлғалардың депозиттерінен 49,1%) өсті.
Мерзімді депозиттер көлемі бір айда 0,5%-ға ұлғайып, 11 772,9 млрд. теңге болды. Олардың құрылымында ұлттық валютамен салымдар 6 369,2 млрд. теңге, шетел валютасымен – 5 403,8 млрд. теңге болды.
Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 7,3% (2017 жылғы желтоқсанда – 8%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша – 11,6% (11,7%) болды.
2018 жылғы сәуірдің соңындағы жағдай бойынша кредит нарығы
Банктердің экономиканы кредиттеу көлемі 2018 жылғы сәуірдің соңында 12 700,7 млрд. теңгені құрады (бір айда 1,1%-ға ұлғаю). Заңды тұлғаларға берілген кредиттердің көлемі 8 046,1 млрд. теңгеге дейін 0,7%-ға, жеке тұлғаларға берілген кредиттер көлемі 4 654,6 млрд. теңгеге дейін 1,8%-ға ұлғайды.
Ұлттық валютамен берілген кредиттердің көлемі бір айда 9 485,2 млрд. теңгеге дейін 0,8%-ға ұлғайды. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға берілген кредиттер 0,2%-ға азайды, ал жеке тұлғаларға берілген кредиттер 1,9%-ға ұлғайды. Шетел валютасымен берілген кредиттердің көлемі 3 215,6 млрд. теңгеге дейін 1,9%-ға ұлғайды, оның ішінде заңды тұлғаларға берілген кредиттер 2,1%-ға ұлғайды, жеке тұлғаларға берілген кредиттер 1,5%-ға азайды. Теңгемен берілген кредиттердің үлес салмағы сәуірдің соңында 74,7%-ды құрады (2018 жылғы наурызда - 74,9%)
Ұзақ мерзімді кредиттердің көлемі бір айда 10 871,2 млрд. тенгеге дейін 1,9%-ға ұлғайды, ал қысқа мерзімді кредиттердің көлемі 1 829,5 млрд. теңге дейін 3,5%-ға азайды.
Шағын кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеу 2 766,2 млрд. теңгеге дейін 1,8%-ға (экономикаға берілген кредиттердің жалпы көлемінен 21,8%) ұлғайды.
Салалар бойынша бөлінген банктердің экономикаға берген кредиттерінің ең қомақты сомасы сауда (жалпы көлемдегі үлесі – 15,3%), өнеркәсіп (15%), құрылыс (6,9%), ауыл шаруашылығы (5%) және көлік (4,4%) сияқты салаларға тиесілі.
2018 жылғы сәуірде банктік емес заңды тұлғаларға ұлттық валютамен берілген кредиттер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 12,3% (2017 жылғы желтоқсанда – 13,2%), жеке тұлғаларға – 19,6% (19,2%) болды.
2018 жылғы қаңтар-сәуірдегі төлем жүйелері
2018 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының аумағында 19 төлем жүйесі, оның ішінде Ұлттық Банктің төлем жүйелері, ақша аудару жүйелері, төлем карточкаларының жүйелері мен өзге де төлем жүйелері жұмыс істейді.
2018 жылғы қаңтар-сәуірде Ұлттық Банктің төлем жүйелері (Банкаралық ақша аудару жүйесі мен Банкаралық клиринг жүйесі) арқылы 262,6 трлн. теңге сомаға
13,3 млн транзакция жүргізілді (2017 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда төлемдердің саны 20,9%-ға ұлғайды, төлемдер сомасы 5,4%-ға азайды). Орташа алғанда, бір күн ішінде аталған төлем жүйелері арқылы 3,3 трлн. теңге сомаға 165,8 мың транзакция жүргізілді.
2018 жылғы қаңтар-сәуірде Қазақстан эмитенттерінің төлем карточкаларын пайдалана отырып жүргізілген операциялардың көлемі 5,5 трлн. теңге сомаға
212,7 млн транзакцияны құрады (2017 жылғы осыған ұқсас кезеңмен салыстырғанда транзакциялардың саны 64,2%-ға, ал сомасы – 45,6%-ға ұлғайды). Қазақстан эмитенттерінің төлем карточкаларын пайдалана отырып жүргізілген операциялардың жалпы құрылымында қолма-қол ақшасыз жасалған төлемдер үлесі 61,1%-ға дейін (2017 жылғы қаңтар-сәуірде – 44,4%) өсті, қолма-қол ақшасыз жасалған төлемдер көлемінің үлесі 28,6%-ға (18,4%) дейін ұлғайды.
2018 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасында төлем карточкаларының шығарылымын 25 банк пен «Қазпочта» АҚ жүзеге асырды, эмиссияланған және таратылған төлем карточкаларының жалпы саны 20,5 млн бірлік болды. 2018 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша төлем карточкаларына қызмет көрсету желісі төмендегідей: 9,9 мың банкомат, 132,3 мың POS-терминал, 827 банк дүңгіршегі болды. 2018 жылғы 1 мамырда Қазақстанда төлем жасауға төлем карточкаларын қабылдайтын 82,4 мың сауда кәсіпорны жұмыс істеді, бұл 2017 жылғы 1 мамырдағы олардың санынан 14,6%-ға асты.
2018 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген 8 ақша аударымы жүйесі және ақша аударымдарының өзге жүйелері жұмыс істейді.
2018 жылғы қаңтар-сәуірде халықаралық ақша аударымы жүйелері арқылы жіберілген ақша аударымдарының жалпы көлемі 184,6 млрд. теңге сомаға 0,9 млн. аударымды құрады.
2017 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда ақша аударымдары көлемінің өсуі 50,3%-ды құрады. Жөнелтілген аударымдардың жалпы көлемінен Қазақстаннан тыс жерлерге транзакциялардың жалпы санынан 88,3% (0,8 млн транзакция) және жалпы сомасынан 86,1% (159,0 млрд. теңге) жіберілді. Қазақстан бойынша ақша аударымы жүйелері арқылы ақша аударымдарының жалпы санынан 11,7% (0,1 млн транзакция) және жалпы сомасынан 13,9% (25,6 млрд. теңге) жүргізілді.
Қарастырылған кезеңде шетелден халықаралық ақша аударымдары жүйелері арқылы 82,6 млрд. теңге сомаға 0,4 млн транзакция алынды.
2018 жылғы сәуірдегі банк секторы
2018 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының банк секторында 32 банк жұмыс істейді.
Банк секторының жиынтық активтері 2018 жылғы 1 мамырда 23 863,6 млрд. теңгені (төмендеу жылдың басынан бері 1,2%) құрады. Активтердің құрылымында ең көп үлесті кредиттер – 51,7%, бағалы қағаздар портфелі – 20,5%, қолма-қол ақша, аффинирленген бағалы металдар мен корреспонденттік шоттар – 12,0% иеленді.
90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар кредиттер (NPL) 1 203,0 млрд. теңгені немесе несие портфелінің 8,97%-ын құрады.
Несие портфелі бойынша провизиялар 1 968,6 млрд. теңге немесе несие портфелінің 14,7%-ы (2018 жылдың басында – 2 126,4 млрд. теңге немесе 15,6%) мөлшерінде қалыптасты.
Банк секторының жиынтық міндеттемелерінің мөлшері 2018 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 20 819,4 млрд. теңгені (жылдың басынан бастап төмендеу 1,5%-ды) құрады. Банктер міндеттемелерінің құрылымында ең жоғары үлесті клиенттердің салымдары – 79,5%-ды, айналысқа шығарылған бағалы қағаздар – 6,4%-ды, басқа банктерден және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардан алынған қарыздар – 3,0%-ды иеленеді.
Жиынтық міндеттемелерде банктердің Қазақстан Республикасының бейрезиденттері алдындағы міндеттемелері 2018 жылдың басымен салыстырғанда 5,56%-дан 5,62%-ға дейін (1 160,2 млрд. теңгеге дейін) ұлғайды.
2018 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша банк секторының жиынтық меншікті капиталы 2018 жылғы қаңтар-сәуірде 0,5%-ға ұлғайып, 3 044,1 млрд. теңге болды.
Таза пайда (ағымдағы кірістердің ағымдағы шығыстардан асып кетуі) 283,9 млрд. теңгені құрады.
Екінші деңгейдегі банктердің таза пайыздық маржасы және пайыздық спрэді 2018 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша тиісінше 5,40% және 4,31% болды.
2018 жылғы сәуірдегі сақтандыру секторы
2018 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша сақтандыру секторында 32 сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы жұмыс істейді.
Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары активтерінің жиынтық көлемі 2018 жылғы 1 мамырда 949,2 млрд. теңге (жылдың басынан бері 2,6%-ға өсу) болды.
Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының міндеттемелері жыл басынан бері 528,0 млрд. теңгеге дейін 2,8%-ға ұлғайды.
Қолданыстағы сақтандыру және қайта сақтандыру шарттары бойынша қабылданған міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету үшін сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары қалыптастырған сақтандыру резервтерінің көлемі жылдың басынан бері 482,4 млрд. теңгеге дейін 4,7%-ға өсті.
Меншікті капитал 421,3 млрд. теңге (жыл басынан бері өсу 2,3%) болды.
Сақтандыру сыйлықақылары 2018 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 2017 жылдың осындай көрсеткішімен салыстырғанда 139,5 млрд. теңгеге дейін 3,3%-ға ұлғайды, олардың ішінде тікелей сақтандыру шарттары бойынша қабылданған сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 122,8 млрд. теңге болды.
2018 жылдың төрт айының қорытындысы бойынша «өмірді сақтандыру» саласы бойынша сақтандыру сыйлықақылары 2017 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 22,3 млрд. теңгеге дейін 16,8%-ға ұлғайды. Жиынтық сақтандыру сыйлықақыларында «өмірді сақтандыру» саласы бойынша жиналған сақтандыру сыйлықақыларының үлесі 2017 жылғы 1 мамырдағы 14,1%-бен салыстырғанда 16,0% болды.
Қайта сақтандыруға берілген сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 38,9 млрд. теңгені немесе сақтандыру сыйлықақыларының жиынтық көлемінің 27,9%-ын құрады. Қайта сақтандыруға берілген сақтандыру сыйлықақыларының 81,5%-ы Қазақстан Республикасының бейрезиденттеріне қайта сақтандыруға берілді.
2018 жылдың басынан бастап жүргізілген сақтандыру төлемдерінің жалпы көлемі (қайта сақтандыруға қабылданған шарттар бойынша жүзеге асырылған сақтандыру төлемдерін шегергенде) 25,0 млрд. теңге болды, ол 2017 жылдың осындай кезеңінен 2,0%-ға аз.
2018 жылғы қаңтар-сәуірдегі зейнетақы жүйесі
Салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтары 2018 жылғы қаңтар-сәуірде 353,2 млрд. теңгеге (4,5%) ұлғайып, 2018 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 8 133,9 млрд. теңгені құрады.
2018 жылғы 1 мамырда 2 944,2 млрд. теңге болған зейнетақы активтерін инвестициялаудан «таза» кіріс 2018 жылғы қаңтар-сәуірде 169,3 млрд. теңгеге ұлғайды.
Міндетті зейнетақы жарналары бойынша салымшылардың жеке зейнетақы шоттарының саны (зейнетақы жинақтары жоқ ЖЗШ-ны есептегенде) 2018 жылғы 1 мамырда 9,6 млн шотты құрады.
Зейнетақы төлемдерінің сомасы 2018 жылғы қаңтар-сәуірде 83,0 млрд. теңгені құрады.
БЖЗҚ-тың жиынтық инвестициялық портфелінің негізгі үлесін 2018 жылғы 1 мамырда бұрынғыдай, ҚР мемлекеттік бағалы қағаздары мен ҚР эмитенттерінің корпоративтік бағалы қағаздары (зейнетақы активтерінің жалпы көлемінің тиісінше 45,7%-ын және 27,7%-ын) құрайды.
Экономиканың нақты секторы кәсіпорындарына жүргізілген 2018 жылғы 1-тоқсандағы мониторинг нәтижелері туралы
Экономиканың нақты секторындағы 2018 жылғы 1-тоқсандағы ахуалды бағалау мақсатында 2018 жылғы сәуірде кезекті мониторинг жүргізілді. Ел экономикасының негізгі салаларын көрсететін мониторингке қатысушы кәсіпорындардың саны 2018 жылғы 1-тоқсанда 2 972 болды, оның ішінде орта және ірі кәсіпорындар – 1 497. Кәсіпорындар мониторингінің нәтижелері экономиканың нақты секторындағы оң үрдістердің сақталуын көрсетіп отыр, олар алдыңғы тоқсанда да байқалды.
2018 жылғы 1-тоқсанда жалпы нақты сектор бойынша дайын өнімге сұраныс шамалы ұлғайды, диффузиялық индекс[1] (ДИ) 51,7 болды. Көрсетілетін қызметтерге сұраныс соңғы 5 жылда алғаш рет өсу жағына қарай ауысты (ДИ = 50,5). Аталған өсу қарқынының біршама баяулағанына қарамастан, дайын өнімге бағаның өсуі (ДИ = 56,8), сондай-ақ шикізат пен материалдар бағасының өсуі (ДИ = 72,2) жалғасын тапты.
2018 жылғы 2-тоқсанда кәсіпорындардың күтулері бойынша дайын өнімге сұраныстың өсуі жылдамдайды (ДИ = 53,3), дайын өнімге бағаның өсу қарқыны ағымдағы деңгейде сақталады (ДИ = 57), ал шикізат пен материалға бағаның өсу қарқыны баяулайды (ДИ = 66,2).
2018 жылғы 1-тоқсанда кәсіпорындардың инвестициялық белсенділігі шамалы ғана төмендеді: инвестицияларды қаржыландырмаған кәсіпорындардың үлесі 31,2%-ға дейін (2017 жылғы 4-тоқсанда – 29,2%) ұлғайды. Осы мақсатқа меншікті қаражатын пайдаланған кәсіпорындардың үлесі 65,5%-ға дейін (2017 жылғы 4-тоқсанда – 67,9%) төмендеді. Банктердің кредиттерін пікіртерім жасалған кәсіпорындардың 5,6%-ы пайдаланды.
2018 жылғы 1-тоқсанда кредит және бұрын ашылған кредит желісі арқылы кезекті транш алған кәсіпорындардың үлесі шамалы (2017 жылғы 4-тоқсандағы 19,6%-дан 17,9%-ға дейін) азайды. Банктердің кредиттері бойынша мерзімі өткен (90 күннен астам) берешегі бар кәсіпорындардың үлесі 3,1%-ды құрады. 2018 жылғы 2-тоқсанда кредит алу үшін 17,4% кәсіпорынның өтініш беруге ниеті бар.
Теңгемен және шетел валютасымен кредиттер бойынша орташа пайыздық мөлшерлеме деңгейі шамалы төмендеді (тиісінше 13,4% және 7,5%).
[1] Диффузиялық индекс 50 деңгейінен жоғары (төмен) болған сайын көрсеткіштің өсу (түсу) қарқыны соншалықты жоғары ( төмен) болады, 50 деңгейі өзгерістің болмауын білдіреді.
[1] биржада МБҚ-мен автоматты РЕПО секторында жасалған, РЕПО-ны мерзімі бір жұмыс күніне ашу мәмілелері бойынша орташа алынған пайыздық мөлшерлеме
[1] Сонымен бір мезгілде осыған ұқсас деңгейге дейін (9,25%) ресми қайта қаржыландыру мөлшерлемесі төмендеді