ҚР Президентінің тапсырмасын іске асыру шеңберінде Ұлттық Банк зейнетақы активтерін жеке басқарушы компанияларға басқаруға беру мәселесі жөнінде ұсыныстар әзірледі. Қазіргі кезде ҚР Үкіметінің шешімі қабылдау кезеңінде тұр. Бұл туралы брифинг барысында журналистерге «БЖЗҚ» АҚ Директорлар кеңесінің Төрағасы Дина Ғалиева хабарлады.
«Ұлттық Банктің ұсыныстарында: халықтың өз зейнетақысын жоспарлауға мүдделігін салымшыларды зейнетақы активтерін басқару процесіне тарту арқылы арттыру; жеке зейнетақы жинақтарын басқару кезінде мемлекеттік органдарда туындайтын жүйелік тәуекелдердің шоғырлануын төмендету және мүдделер қайшылығын болдырмау көзделеді», - деп түсіндірді Д. Ғалиева.
Ол сондай-ақ салымшыға инвестициялық стратегияны және жеке басқарушы компанияны таңдауды беру ұсынысы туралы айтты. «Біздің ойымызша, бұл зейнетақы қызметтерінің бәсекелес нарығын дамыту үшін түрткі болады. Өз кезегінде, бәсекелес ортадағы жұмыс басқарушы компанияларды көбірек инвестициялық кіріс алуға, салымшыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға, нарықтық жағдайлардағы инвестицияларды жүзеге асыруға ынталандырады», - деді ол.
«Осы ұсыныстарды іске асыру Қазақстан Республикасының заңнамасына тиісті өзгерістер енгізуді талап етеді. Сондықтан олар бойынша түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ», - деп қорытындылады Д. Ғалиева.